851
Азғындықтың алдын алуға не кедергі?
Азғындықтың алдын алуға не кедергі?
Соңғы жылдары елімізде балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету оқиғасы жиiлеп кетті. Ілгерiде мұндай қылмыстар БАҚ-та жариялана бермейтіндіктен болар, әлгiндей сорақы жағдайлар қоғамға мүлде жат көрiнетiн. Ал қазір әлеуметтік желіні ашсаң да, теледидар қосып, газет-журналды парақтасаң да зорланған бүлдіршіндер жайлы ақпараттардан денең түршігеді. Қаныпезерліктің белең алғаны соншалық, екі күннің бірінде құлағымыз шалатын мұндай жаңалықтарға етіміз өліп бара жатқандай.
Бала зорлауға қатысты ресми деректер тым қорқынышты. Мәселен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегінше, 2013-2018 жылдары кәмелетке толмаған 964 бала зәбір көрген. Бұл – бейбіт заманда өрімдей 964 баланың болашағына балта шабылды деген сөз.
Үкілеп өсіріп отырған перзентінің өмірі қор болған ата-ананың ащы зарын биыл да көп естідік. Азғындықтың құрбаны болған балаларды қайта-қайта жіпке тізіп, онсыз да жазылуы қиын жараның бетін тырналай бергеннен түк ұтпасымыз анық. Алайда Жамбылдағы оқиғадан кейін көкейдегі көп сұрақ қолға еріксіз қалам алдырды.
Тараздағы №6 мектептің 7-сынып оқушысы талтүсте зорланды. Сабақ кезінде әжетханаға сұранып шыққан өрімдей қыз азғынның уысына тап болды. Оқушы мектептің ішіндегі әжетхана жабық тұрғандықтан ауладағы әжетханаға шығуға мәжбүр болған. Ата-аналардың айтуынша, мектеп маңындағы әжетханаға кім көрінген келіп-кетеді екен. Себебі мектептің сол қапталында ішке енетін есік бар. Әлгі қаныпезер сол жолмен келіп, жеткіншекке жәбір көрсеткен. Бейнебақылау камераларының жазбасынан оның мектеп маңын торуылдап жүргені анық көрінеді. Алайда бөгде адамның оғаш жүрісіне қауіпсіздікке жауапты қызметкердің ешқайсысы назар аудармаған. Тіпті, сыртқа сұранып кеткен оқушының сабақ біткенше оралмағаны да ешкімді алаңдатпаған. Әбден азапталған оқушы өзі келіп, мұғалімге мән-жайды айтқаннан кейін ғана бүкіл мектеп аяғынан тік тұрды.
38 жастағы күдікті көп ұзамай қамауға алынды. Жергілікті полицияның мәліметінше, ол 19 жыл бұрын адам зорлағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан. Бостандыққа шыққаннан кейін ескі әдетіне басқан азғын енді темір тордан оңай құтылмасы анық.
Осы оқиғадан кейін ата-аналар жаппай дүрлігіп, мектеп басшылығын жазалауды талап етті. Аймақтың атқамінерлері жылы орындарынан өре түрегеліп, оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты шенеуніктер қызметінен айырылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, мектеп директоры Сманова өз еркімен жұмыстан кетті. Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мәдимарова қызметінен босатылды. Жалпы білім беретін мекемелерге бекітілген кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспектор, полиция майоры Рысбаев ішкі істер органдарынан шығарылды. Тараз қалалық полиция басқармасы қызметтерінің бірқатар басшылары қатаң сөгіс алды.
Сонымен қатар №6 мектептің вахтері Нұршабаева, директордың құқықтық ісі жөніндегі орынбасары Өзбекова, әжетханаға сұранған оқушыны жіберіп, сабақ біткенше іздемеген география пәні мұғалімі Ким, мектеп ішіндегі кезекшілікке жауапты қазақ тілі пәні мұғалімі Байқұлова өз өтініштері бойынша жұмыстан кетті.
Әкімдер де жазасыз қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қызметінен босатылды. Облыс әкіміне ескерту жасалды.
Жөн делік. Шенеуніктер жаппай қызметінен қуылды. Мектеп басшылығы мен мұғалімдер білім ошағынан аластатылды. Талай ошаққа қасірет әкелген қаныпезерлік осымен тыйыла ма? Әріптестерінің жаппай жазалануы бала қауіпсіздігіне жауаптылардың жауапкершілігін арттыра ма? Жаңа басшылардың келуі бала аңдыған азғындардың торуылын тыя ма? Сауал көп. Біртіндеп қояйық.
1-сұрақ: Мектептегі әжетхана неге құлыптаулы?
Оқиға болған мектеп шалғайдағы ауылда емес, облыс орталығында орналасқан. Ғимараттың ішінде әжетхана бар, алайда оқушылардың айтуынша, ол көбіне жабық тұрады. Неліктен? Техникалық себептен болса, маман шақырып, жаңа жабдық алып, неге жөндетпеген? Әлде, балалар ұқыпты пайдалана алмайды деп әдейі жапқызып қойған ба? Қарашаның қара суығында бала неге дірдектеп далаға шығуы керек? Телеарналар таратқан видеолардан әлгі әжетхананың жағдайы оңып тұрмағанын ел тегіс көрді. Кез келген мәселенің себебімен емес, салдарымен күресетін ескі әдетіне басып, шенділер Тараздағы оқиғадан кейін еліміз бойынша мектеп сыртында орналасқан әжетханаларды тегіс түгендеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың есебінше, Қазақстанда әжетханасы далада орнатылған 2 352 мектеп бар. Мұндай мектептің 60 пайызы – Түркістан облысында, 54,6 пайызы – Алматы облысында, 44 пайызы – Батыс Қазақстан облысында және 43 пайызы – Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облысында орналасқан дейді министр. Аймағамбетов олардың бәрін жабуды ұсынды. Алайда қоластындағыларға нақты тапсырма бергенін, мәселені дереу шешуге шын құлық танытқанын байқамадық. «Бір күннің ішінде ешкім де жылы әжетхана сала алмайды. Шалғайда орналасқан елді мекендер бар. Дегенмен проблеманы шешу қажет» деді созбаққа салып. Айтпақшы, әлгі 2 352 деген цифрды министрдің табан астында қайдан алғаны белгісіз. Ведомстводағылар ауыл-аймақтағы мектепті түгел аралап, әжетханаларын санап шықпағаны анық. Министрлік облыстық білім басқармаларынан сұрап, облыстағылар аудандағыларды жұмсап, аудандағылар ауылдағыларға аттандаған болар. Алайда жылы орындарынан тұруға ерінгендер әжетхана аралауды ар санап, сұралған санды жобалап айта салмағанына кім куә? Әлеуметтік желідегі оқырмандардың жанайқайынан ұққанымыз – шалғай ауылдағы мектептердің көпшілігі әлі күнге дейін даладағы әжетхананы пайдаланады. Осыдан кейін халықаралық рейтингтер, инновациялық жобалар туралы айтудың өзі артық секілді.2-сұрақ: Ешкім бақыламайтын бейнебақылаудан не пайда?
Білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен толық жабдықтау мәселесін көтеру үшін де шенеуніктер қайғылы оқиғаның болуын күткендей. 12 жасар қыз зорланғаннан кейін абдырап қалған атқамінерлер қайта-қайта жиналыс өткізіп, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолын іздеуге енді кірісті. Ішкі істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе өткізген жиналыста барлық мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің бейнебақылау жүйесін Ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосу мәселесі көтерілді. Сонымен қатар мектептердің аумағын қоршау жұмыстары да қолға алынбақ. Министр Аймағамбетов бұл проблеманы ұзақ жылдардан бері шеше алмай келе жатқандарын мойындады. «Бұл мәселе айтылғанына біраз уақыт болды. Сылтау көп. Қаражат жетпейді дейміз, тағы бірдеңе жетпейді дейміз, әйтеуір мәселе осы уақытқа дейін шешімін тапқан жоқ. Бейнеқондырғылар туралы қанша болды айтып келе жатқанымызға. Кейбір жерде камералар бар. Бірақ оны дұрыс жерге шығармаған. Оны кейбіреулер өзінің кабинетіне қойып қойған көрінеді», – деп Білім және ғылым министрі өз қарамағындағылардың жүгенсіздігін ашып айтты. Әлгі азғын ауласына емін-еркін кірген №6 мектепте бейнебақылау камералары бар. Бір емес, жиырмасы орнатылған. Зорлаушы барлық камераларға түскен: бейнежазбадан былғары күрте киген адамның ойын алаңын торуылдап жүргені көрінеді. Алайда мектеп әкімшілігі де, білім ошағындағы қауіпсіздікті қадағалаушы инспектор да камераға үңілмеген. Егер ешкім бақыламайтын болса, бейнебақылау қондырғыларын орнатудың қажеті қанша? Камералардың санын емес, әуелі қауіпсіздікке жауаптылардың жауапкершілігін арттыруды ойлау керек сияқты. Әйтпесе, тілсіз темірді топырлатып іліп қойғаннан ештеңе өзгермейді. Осы орайда, Алматыдағы мобильді полиция бекеттері еріксіз еске түседі. Жуырда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев олардың жұмысын тексеруге шықты. Әкім барған алты бекеттің біреуінде ғана полиция қызметкері болған. Қалғандары бос: полициясы жоқ мобильді полиция бекеттері. Кезекті көзбояушылық. Сонда кімді алдаймыз?3-сұрақ: Мемлекет азғындарды қашанғы асырайды?
Қазақстанда 4 пен 13 жас аралығындағы балаларға зәбір көрсеткен 126 педофил сотталып, жазасын өтеген соң бостандыққа шыққан екен. Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің порталында олардың электронды картасы жасақталған. Онда педофилдердің аты-жөні, түрі (фотосы), қай өңірде тұратынын бәрін көруге болады. Таңғаларлығы, педофилдердің көбі мерзімінен бұрын босатылған. Қорқыныштысы, түрмеден шыққаннан кейін олардың тағы да бала зорламайтынына кепілдік жоқ. Тараздағы өрімдей қызды зорлаған қаныпезер мұндай азғындықты осыдан 19 жыл бұрын да жасағанын жоғарыда айттық. Демек, педофилдерге өлім жазасын сұраған ата-аналардың жанайқайын жеке бастың қасіретінен туған зар емес, әрбіріміздің үйімізде өсіп келе жатқан бала атаулының қамсыз бүгіні, баянды болашағы үшін шыңғырып шыққан шындық деп ұққан жөн болар. Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланғаны белгілі. Қоғамның наразылығынан кейін өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап педофилдерді химиялық жолмен кастрациялау қолға алынды. Биыл бала зорлағаны дәлелденген 88 қылмыскерге, келесі жылы 71 зорлаушыға химиялық кастрация жасалады. Биыл бұл мақсатқа 11 млн теңге бөлінген. Ал өткен жылы азғындарға дәрі егу үшін мемлекет қазынасынан 9 млн теңгеден аса қаржы бөлініпті. Мамандардың айтуынша, сотталушы педофилге жыл бойы 26 укол салынады екен. Ал бір препараттың бағасы – шамамен 4 000 теңге. Демек, ұл-қызымыздың болашағына балта шапқан бір адамға жылына 127 мың теңге шығындалады. Одан бөлек, оларды күнделікті асырау шығыны бар. ІІМ Қылмыстық атқару комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, сотталған және тергеуге байланысты қамалған адамды асырау үшін тәулігіне – 2,4 мың теңге, жылына 876,9 мың теңге жұмсалады екен. Осы орайда, педофилдерді өмір бойы ауыр жұмысқа тарту тетіктерін заңмен бекіту керек секілді. Заң демекші, Тараздағы оқиға халық қалаулыларын да ұйқыдан оятқандай. Өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Құжаттың 2-бөлігі жыныстық қатынастағы қылмыстарға қатысты. Зорлау мен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаймақ. «Атап айтсақ, зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Бұл жерде де татуласу болмайды. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр», – дейді Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов. Перизат Сыздықова, ұстаз, үш баланың анасы:Қазір баланы «педофил ұстап алады» деп қорқытатын болдық
– Әрбір ата-ана үшін мәпелеп өсіріп отырған ұл-қызының амандығынан қымбат байлық жоқ. Жоғары сыныпта оқыса да балаларым мектептен келгенше жолдарына қарап, алаңдап отырамын. Қала түгілі аядай ауылдың өзі қорқынышты. Неше түрлі сұмдықты естігеннен кейін балалар сәл кешіксе берекем кетеді. Ақпарат құралдары зорлық туралы жиі айтқан сайын елімізде сондай қылмыстар көбейіп бара жатқандай. Алайда айтпаса, ескертпесе, тағы болмайды. Бұрын педофилдің кім екенін білмейтін едік. Қазір еңбектеген сәбиге дейін біледі. Бұрын жұрт кішкентай баласын «бабай келеді, бөжей келеді» деп қорқытса, қазір «педофил ұстап алады» деп қорқытатын болған. Қайтсін, заманның шындығы. Меніңше, өлім жазасы қолданылғанда ғана педофилдерден келетін қауіп сейіледі. Әйтпесе, азғындар он жыл өтсе де, жиырма жыл өтсе де ескі әдетіне қайта басуы мүмкін. Анна Құдиярова, психолог, Орта Азия психоанализ институтының директоры:Педофилия – психикалық дерт
– Педофилия дегеніміз – психикалық ауытқушылық, ауру. Ал әрбір аурудың емі бар. Мұны маньяк деуге болмайды. Жыныстық маньяк деген мүлдем басқа ауру. Маньяк ұл ма, қыз ба, кәрі ме, жас па талғамайды. Ал педофилдің айырмашылығы – олар жас балаға құмар. Түбін қазбалап іздейтін болсақ, ол эмоциялық тәуелділік. Эмоциялық тәуелділікті психологтар сөзбен емдейді. Сондықтан бас салып жазалауды емес, емдеуді де ойлаған жөн. Бірақ елімізде психологтардың саны жетпейді, сапасы тағы бір мәселе. Соңғы жылдары елімізде балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасау әрекеті тіптен көбейіп кеткен. Сондықтан педофилдерге қатаң жаза қолдануды өмірдің өзі талап етуде. Бірақ мәселенің салдарымен де күресіп көруіміз керек. Негізі мәселе біз ойлағаннан да күрделі. Арсыздықтың құрбаны болған кішкентай жандардың өз-өздерін құрбан қылмасына кім кепіл? Арсыздан кек аламын деп бүлдіршіннің ата-анасы қылмысқа баруы да мүмкін. Тіпті, бұл психологиялық тұрғыдан бала санасына жазылмас дақ түсіреді. Қараниеттілерді бүгін құрықтап түрмеге қамағанымен, ертең алшаң басып қайта шығады. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген тағы бар. Сондықтан педофилизмді жоюмен кешенді түрде айналысуымыз керек. P.S: Педофилдермен күрес өзге мемлекеттерде қалай жүргізіліп жатқанын білу үшін шетелдік тәжірибеге үңілдік. Польша мен Чехияда педофилдер түрмеде жазасын өтегеннен кейін міндетті түрде кастрациялық жолмен емделеді. Чехиялық мамандардың айтуынша, кастрация жасалған 100-ге жуық қылмыскер 10 жылда бiрде-бiр рет қылмысты қайталамапты. Оңтүстік Кореяда мұндай қылмыс жасағандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Ал 13 жасқа дейінгі баланы зорлап, өлтірген қылмыскерлер бұл елде өлім жазасына кесіледі. Сауд Арабиясы, Қытай, Иран, Ирак, Индонезия, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елдерінде педофилия үшін бірден өлім жазасына кеседі. Шетелдік тәжірибені зерделей отырып ұққанымыз, педофилдерді жазалау кейiнгiге сабақ болатындай дәрежеде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана өрімдей бүлдіршіндердің өмірін өксітіп жүрген озбырлар аяғын тартуы мүмкiн.