290
«Әлем барысының» жүлде қоры жарияланды
«Әлем барысының» жүлде қоры жарияланды
2 желтоқсанда Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған қазақ күресінен абсолютті «Әлем барысы» чемпионаты өтеді.
Чемпионат Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын дамыту, шет елдерде қазақ күресін дамыту барысындағы ынтымақтастық пен өзара байланысын нығайту, қазақ күресін халықаралық деңгейде одан әрі жетілдіру, насихаттау және беделін көтеру, қазақ күресінен «Әлем барысын» анықтау мақсатында жүзеге асырады. Төртінші рет өтетін бәсекеге 30 елден 33 балуан қатысады.
«Әлем Барысы» атануға АҚШ, Австралия, Азербайжан, Бразилия, Грекия, Грузия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Нидерланды, Пәкістан, Польша, Ресей, Словения,Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Эстония, Япония секілді елдердің және Қазақстанның атақты балуандары қатысады. Бұл сында еліміздің намысын А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әбдіразақов (Алматы қаласы), А.Сейтен (Нұр-Сұлтан қаласы), Н.Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сынды балуандар қорғайды.
«Әлем барысы» чемпионаты 2 желтоқсанда 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталмақ. Шара аясында көрермендерге спорттық сайыстармен қатар қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады.
«Әлем барысы» чемпионатының биылғы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз атанған балуанға 10 млн теңге және алтын белбеу, екінші орын иегеріне 6 млн теңге және үшінші орын иегеріне 3 млн теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Ал, «көрермен көзайымы» атанған спортшыға 1 млн теңге беріледі.
Сондай-ақ, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында автокөлік ойнатылады. Билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылуда. Бағасы 500 теңге мен 2000 теңге аралығында. Чемпионатты Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР қазақ күресі федерациясы және «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін дамыту және қолдау қоры ұйымдастыруда. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ, «ORDA-INVEST» Корпорациясы және «Сәтті жұлдыз» АҚ демеушілік жасайды.