Оралдық жүргізуші 3 жасар қызды көлігімен екі рет басып өткен

Ауыр жарақаттар алған бүлдіршін жарты айдан бері ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ол ашық бас сүйек-ми зақымын алған. Бұл туралы «Мой город» басылымы хабарлады. 

Жол апаты қаладағы «Мерей» базарының көлік тұрағында орын алған. Қазіргі таңда нәрестенің жағдай өте ауыр, ауруханада ем қабылдауда.

Баланың әкесінің айтуынша, кешкісін олар базарға келген.

«Жұбайым қызымды ертіп көлік тұрағында келе жатқан. Кенет тұраққа асқан жылдамдықпен Toyota Avensis маркалы автокөлік кіріп келді. Ол менің қызымды қағып қана қоймай, оны басып кетті. Содан ол біраз тоқтап тұрып, қайта артқа беріп, қызымды екінші рет автокөлігімен басты. Біз бұл күнді ешқашан ұмытпайтын шығармыз. Бір кезде көлік жүргізушісі далаға шығып, орын алған байбаламға жай ғана қарап тұрды. Тек екі күн өткен соң ғана кешірім сұрап келіп тұр», – деді қыздың әкесі.

Бұған қоса қыздың әкесі бүлдіршіннің екі аптадан бері ауруханада жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша, олардың қолында көлік тұрағында түсірілген бейнежазба бар. Алайда ол жерде болған жағдай дұрыс көрінбейді екен. Сонымен қатар ер азамат оқиға куәгерлерін іздестіруде екендігін алға тартты.

БҚО-ның ПД-де оқиға 8 қараша күні кешкі сағат 6-да болғандығын айтты.

«37 жастағы Toyota Avensis маркалы көлікті мінген ер азамат  баланы автотұрақта қағып кеткен. Оқиға байланысты ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша іс қозғалды. Жол апатынан жарақат алған бүлдіршін жан сақтау бөліміне жеткізілген», – деп мәлімдеді полиция бөлімінің қызметкерлері.

Back to top button