423
Еліміздің ғасырлық шежіресі
Еліміздің ғасырлық шежіресі
ХХ ғасырдың басында Орынборда Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің органы болып шыққан Egemen Qazaqstan газеті ата жасқа келді. Аты сегіз рет өзгеріп, жасы жүзге толды. Жұрт одан үнемі байсалды пікір, салиқалы сөз күтеді. Өйткені публицистиканың бұрынғы стилінде сырттай баяндау басым болса, қазір ол терең талдауға бет түзеді. Қай мәселені алса да байыптап, зерттеп жазатын жол ашты. Бұл – жақсы. Заманның жаңа игі нышаны. Оның үстіне қазір журналистер біршама жалтақтамайтын, танымын тура айта алатын мінез тапты. Қуанарлығы, газеттер бірінің жасқаншақтап, не өресі жетпейтінін екіншісі айта алатын болды. Түп-төркіні ұраннан өрбитін сылдыр сөздің уақыты озғанын ұқтық. Оқырман да зәрулік пен нақтылыққа ғана тоқтайды.
Ескі қырсық – тым идеологияшылдық, партияшылдық, тақырыптың тарлығы, жазар объектінің аздығында еді. Қазіргі кемшілік – журналистер қауымының мамандық мүмкіншілігін толық пайдалана алмай жатуында. Болмаса, бүгінгі журналиспен санаспайтын шенеунік сирек.
Жадағай марапат, қарадүрсін мақтау, шексіз шат-шадымандықтың орнына келген ұшқырлық, батылдық, қандай мәселені болсын ашық жазу, астарына үңілу журналистиканың жаңа сипаты деуге саяды. Өш алу, аяқтан шалу, бақталастық үшін де жазушылар табылуы ықтимал, ол өмірдің кереғарлығынан болар, сірә.
Қалай дегенмен бұқаралық ақпараттың көз жанарын байлап, екі өкпесін қысқан тас қамалдың есігі ашылып, ішіне саңлау түскені рас. Оның үстіне ақпарат ағынында бәсекелестік пайда болды. Ал бәсеке дегеніміз – баспасөздің ішкі динамикасы, дамытушы күші емес пе?
Кейде «Егемен Қазақстанда» ылғи салмақты материалдар жарияланады, оқуға ауыр деген сияқты пікір естіліп қалатын-ды. Материалдың салмақтылығы – оның кемшілігі деу қалай болар екен? Өйткені «Егемен» мен «Казправданың» атқарып отырған салиқалы ісін «Свобода слова» секілді саржағал басылымдар ылғи «тартымды» материалмен түпкілікті тындыра алмайды. Олардың алдына қойған мақсат-мүддесі де мүлде бөлек. Өмір салты да ұқсамайды.
Кейде демократияшыл боламыз деп мемлекет пен ұлт мүддесін қолдайтынымызды ашық айтудан жасқаншақтау орын алатын секілді. Бекер іс. «Нью-Йорк таймс» пен «Вашингтон пост» мемлекеттік басылымдар екенін неге жасырмайды? Олардың таралымы «Нью-Йорк дейли ньюс», «Ю Эс Эй Тудей», «Уолл стрит жорнэлден» төмен бола тұра, беделі неге жоғары? Президенттен бастап кімде-кім «Нью-Йорк Таймс» пен «Вашингтон постта» сыналар болса, онда ол қауіптілеу. Ал «Уолл стрит жорнэлдің» бетінде айтылған сынға соншалық мән берілмейді. Өйткені баспасөздің дүниежүзілік тәжірибесіне сүйенсек, олар сапалық және көпшілік қолды газеттер болып бөлінеді. Сапалық газеттің таралымы аздау болғанымен, беделі биік, нағыз ұлттың жанашыры деп бағаланады. Ал біз бұрын «желтая пресса» деп атап келген көптираждық басылымдарға ұшпалық мінез, желөкпелік пен жеңілтектік тән.
Меніңше, біздегі тоқырау мен құлдыраудың ушығып тұрған бір көрінісі біздің журналистикада бар ма деймін. Кейбір басылымдар мен телеарналар былғаныш нәрсеге тым әуес. Қашанда жоқ жерден сенсация туғызу – қарабайыр журналистің кәсібі емес пе еді. Олар ел өмірін жұтаңдыққа апара жатыр. Сондай пәлекеттен алдын ала сақтанғанымыз жөн. Оған қарсы тұрар қазақ елінің рухани қайнар бұлағы сарқылған жоқ. Осы мүмкіндікті сақтап қалуға тиіспіз. Бойында зиялылық басым, гуманитарлық толыққанды білімі бар журналистеріміз Құдайға шүкір аз емес қой. Неге біз өзімізді өзіміз жоққа шығара береміз? Бірде «Майдан» хабарының жүргізушісі: «Қазақ баспасөзі бар ма?», «Ол қажет пе?» деген құйтырқы қойған сұраққа қатысып отырған қаламгерлер жауабы бір жерден шықпағанына қатты қынжылдық. Барымызды бағалай білейік.
Қазақ баспасөзі, оның ішінде бүгінгі ғасырлық той иесі – «Егемен Қазақстан» қоғамдық мәселелерді көрмей, айтпай, жазбай жатыр дей алмаймыз. Әр газеттің өз орны, соған қарай атқарар қызметі бар. Кейбір сәтте жалтақтық болғанмен, шүкір, редакция ұжымы аянып жатқан жоқ. Елдің тіл, экономика, экология, тарихи жад, салт-сана, ата дәстүр, әдет-ғұрып сияқты сан алуан мәселелерінің бәрі де жұртшылыққа жетердей-ақ жетіп жатыр. Алайда сол діттеген нысанасына тие ме, тимей ме? Үлкен мәселенің бірі – осы. Дамыған елде қай уақытта нені қалай жазу қажеттігі туралы әр басылым арнаулы әлеуметтік зерттеу жүргізеді, дәйекті кешен жасалады, тақырып пен объектіні анықтайды. Үлгі аларлық іс пе? Айтары жоқ.
Ондай үрдісті алыстан іздемей-ақ осы газеттің тарихынан да табуға болады екен. Жүсіпбек Аймауытовтың 1925 жылдың 5 мамырында жарияланған «Ел газетке не жазбақ?» деген мақаласында:
«…жанына жағымды, тілі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ, кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеңе болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші «тәуіп» те, «пайғамбар» да емес… Ел: «жазбасам, маған серт, баспасаң, саған серт!» деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады, газеттен пайдаланады».
Бұдан артық қалай айтуға болады. Сол үрдісті ұстанған газет, меніңше, өзінің бағытынан жаңылған жоқ. Бүгінгі БАҚ-тың аяғына тұсау болып тұрған қаржы үшін немесе билікке тым жағынамыз деп беделін жоғалтып алмаса болғаны. Бұрын аға газет аталып келсе, енді ата жасына ілікті дедік. Ендеше, көтерер жүк те қомақты бола түсері даусыз. Әсіресе, ұлттық мүддені көздің қарашығындай қорғаса, соны ылғи темірқазық етіп ұстаса, сүрінбесі анық. Ол үшін газеттің жүріп өткен тарихи жолын білу, ғасырлық тәжірибесінен тағылым алу керек сияқты...
Намазалы Омашев,
филология ғылымының докторы, профессор