Ер мұғалімнің  аздығы ұрпақ тәрбиесіне  әсер етпей ме?

Ер мұғалімнің  аздығы ұрпақ тәрбиесіне  әсер етпей ме?

Ер мұғалімнің  аздығы  ұрпақ тәрбиесіне  әсер етпей ме?
ашық дереккөзі
1748
Мұғалім дегенде көз алдыңызға кім келеді? Ең бірінші ақ жейде мен белдемше киіп, шашын төбесіне түйген «Менің атым – Қожа» фильміндегі Сәбира Майқанова секілді апай елестейтіні сөзсіз. Өйткені бүгінгі қоғамда ұстаздық ету тек әйелдерге тән мамандықтай көрінеді. Бұған мына бір ресми дерек дәлел. Орта білім беру саласындағы 300 мыңдай мұғалімнің 20 пайызы ғана ер-азаматтар. Неге мектептерде ер мұғалімдердің қатары сиреп кетті? Ерлердің аздығы шәкірттердің тәрбиесіне кері әсер етпей ме? Ер мұғалімдердің аздығынан ұрпақ тәрбиесінде ұтылатынымыз анық. Әсіресе, ұл балаларды тәрбиелеуде ер-азаматтың орны бөлек. Бұл ретте мектептегі әйел мұғалімдердің еңбегін, тәрбиесін жоққа шығарудан аулақпыз. Десек те, әйел қанша мықты болғанымен, ер адамның тәрбиесін алмастыра алмайтынын мойындауымыз қажет. Себебі ұл бала үшін әкенің орны қандай болса, ер мұғалімдердің де маңызы сондай. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілге сүйенген қазақ ұл баланың әкеге, қыз баланың анаға қарап бой түзегенін құп көреді. Үйде әкеге қарап өскен бала мектепте ер адамнан тәлім алса құба-құп емес пе?! Бірақ бұл тілек әзірге орындалмай тұр. Ал ер мұғалімдердің аздығынан бүгінгі қоғамда «қыз мінезді» жігіттер көбейіп бара жатқан тәрізді. Өжеттік, батылдық, азаматтық сынды ер жігітке тән қасиетті көп жастың бойынан кездестіре бермейміз. Бұл сөзімізді қуаттайтындар аз емес болар. Бүгінде ер-азаматтардың мінез-құлқы да, жүріс-тұрысы да өзгергені жайлы сын айтатындар көп. Оның үстіне көгілдір экран арқылы құлағына сырға тағып, шашын түрлі түске бояп, ауы салбыраған шалбар киіп, қыздар секілді майысып жүрген жігіттерді күн сайын көзіміз көріп жүр. Тіпті, бұл күні сол жігіттердің айы оңынан туып тұрғаны да рас. Жасыратын несі бар, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген қызтекелерді де қазақ қоғамы жатырқамайтын болды. Ал мұның бәріне мектептегі ер мұғалімдер тәрбиесінің аз болуы әсер етпеді дей алмаспыз. «Еркектің орны – түзде» дейтін азаматтар көбіне-көп табыс тауып, отбасын асыраудың қамымен сыртта жүргенді құп көреді. Мұндай жағдайда бала тәрбиесі толығымен әйелдің мойнына жүктеледі. Бірақ сыртта жүріп нан тапқан қазақ әкелері бала тәрбиесінен мүлдем шет қалады дей алмаймыз. Қазақ әйелдері қай кезде де дана болған емес пе?! Балаларының алдында үнемі түзде жүрген ерінің атын ардақтап, абыройын асқақтатып отырады. Бала күнімізде анамыздың «әкең келе жатыр» деген сөзінен-ақ бүкіл артық тентектігімізді тоқтата қоятын едік. Бір өкініштісі, бүгінгі күні мұндай тәрбие қазақ отбасыларында сиреп барады. Ал үйде анасынан, мектепте апайынан тәлім-тәрбие алған ұл бала болашақта қандай ер-азамат болып қалыптасады? Осыдан кейін әлгіндей «қыз мінезді» жігіттер көбейіп кетсе, кімді айыптаймыз? Мектептің білім беретін орын ғана емес, тәрбие ошағы екенін де естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан жігерлі әрі жүректі ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, мектептегі ер мен әйел үлесін теңестіру қажет. Ол үшін ер жігіттердің педагогика саласына деген қызығушылығын ояту аса маңызды. Бұл мәселені біз алғашқылардың бірі болып көтеріп отырғанымыз жоқ. Талай рет талқыға түскен бұл түйткілдің шешімі табылмай жүргеніне етіміз де үйреніп кеткендей. Мәселе жиі көтерілгенімен, мектептегі ағайлардың саны жуық арада артпайтын сияқты.

Мұғалім болу тек әйелдің ісі ме?

Бүгінде педагогикалық оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлердің басым көпшілігі – қыздар. Ата-аналар көбінде ұстаздықты қыз балаға тән мамандық деп қабылдайды. Тіпті, бүкіл қоғамның түсінігі осылай болып бара жатқан секілді. Бірақ мұғалім болу – тек әйелдің ісі емес. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, ғұламалардың бәрі ер адамдардан, яғни ауыл молдасынан хат танып, сауатын ашқан. Қазақ әдебиетінің жауһар туындыларынан да ер азаматтардың ұстаздық қызмет атқаратыны туралы жиі оқитынбыз. Ал қазіргі ахуал мүлдем бөлек. Білім және ғылым министрлігінің ресми деректеріне жүгінсек, еліміздегі 301 217 мұғалімнің 59 528-і ғана ер мұғалімдер екен. 7-8 жыл бұрынғы статистика да осыған жақын еді. Нақтырақ айтсақ, 2012 жылы Қазақстандағы 292 мың педагогтың 53 мыңы ғана ер-азаматтар болыпты. Сол уақытта да «ер мұғалімдердің санын арттыру керек» деген мәселені көтергендер аз болмады. Нәтижесі кәне? Арада жылдар өтсе де «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалды. Ер-азаматтар мұғалім болудан неге қашады? Әлде, қоғам ағайлардың көп болғанын құп көрмей ме? Біріншіден, азаматтарды ұстаздардың жалақысы қанағаттандырмайды. Әрине, «жыл сайын мұғалімдерге бар жағдай жасалып, жалақылары көбейіп жатыр ғой» дерсіз. Алайда көбейген жалақы ұстаздардың жыртығына жамау болып отырғаны шамалы. «Жалақы көбейеді» деген жаңалық қылт етсе болды, базардағы баға шарықтап шыға келеді. Осылайша, көбейген айлығы тағы да шайлығына жетпей жүрген ұстазды көресіз. Ал мардымсыз жалақы алуға ерлер тіпті де құлықты болмайтыны ақиқат. Өйткені олар – отбасының асыраушысы. Сондықтан жігіттер жағы аз жалақыны місе тұтпайды. Жалақы – мектептегі ер мұғалімдердің аздығының бір себебі ғана. Тағы қандай себебі бар десеңіз, мұғалімдердің қағазбастылығын атар едік. Неге дейсіз бе? Қай ер-азамат күні-түні қағаз толтырып, жоспар құрып отырғанды қалайды дейсіз? Тепсе темір үзуге шамасы жететін жігіттер қағазға шұқшиып отырғаннан түзде ауыр жұмыс істегенді құп көреді. Бұл үшін азаматтарды айыптауға да қақымыз жоқ. Одан бөлек мұғалімдерге жүктелген қоғамдық жұмыстар да жетіп-артылады. Мәселен, сенбілік те, мерекелік концерт те, сайлау да, ресми шаралар да мұғалімдердің қатысуынсыз өтпейді. Мұндай кезде кешегі Қабанбай мен Бөгенбайдың ұрпақтары – қазақ азаматтарының жұмсағанға жүгіріп жүре бермейтіні тағы да ақиқат. Айта кететін тағы бір мәселе бар. Бұл күні ата-аналар да тек әйелдердің мұғалім болғанына әбден көзі үйренген. Тіпті, кейбірі ер мұғалімдерге аса бір сеніммен қарамайды. Ал ата-ана күдікпен қарап тұрғанда мектеп басшылығы да ер-азаматтарды жұмысқа тартуға соншалықты ниет білдіре қоймайтыны бесенеден белгілі. Мәселенің бір төркіні ата-аналарға кеп тірелгендіктен, мектепке ер мұғалімдерді тарту үшін қоғам тарапынан да қажеттілік туындауы маңызды. Онсыз жағдайды реттеуде кедергі таусылмайды. Сонымен қатар елімізде ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық оқу орнын ашу туралы ұсыныс жиі айтылып жүргені көзіқарақты оқырманға белгілі болар. Бұл да кезек күттірмейтін мәселе екенін тағы бір рет айтып өткіміз келеді. Қалай десек те, ер мұғалімдердің мектепте темірдей тәртіп орната алатынын ұмытпауымыз қажет. Мұнымен әйел мұғалімдердің еңбегін жоққа шығаруды ойлап отырғанымыз жоқ. Осы уақытқа дейін нәзік жанды ұстаздар саналы тәрбие, сапалы білім беріп келеді. Тек ердің аты қашан да ер екенін еске салғымыз келеді. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы». Бастысы, ұрпағымыз ұсақталып кетпесе екен деген ниетімізді жеткіздік.   Рахат ИСАҚҰЛОВА, психолог:

Ер-азаматтардың бала тәрбиесіне араласпауы – қателік

– Мектептердегі ер мұғалімдердің азаюы – алаңдатарлық жағдай. Егер ұлттың келешегін ойласақ, мектептегі ер мұғалімдердің санын арттыру аса маңызды міндет екенін ескерген жөн. Балаларға білім және тәрбие беруде азаматтардың көмегі ауадай қажет. Өйткені оқушыларға ілім-білім беруде нәзік жандылардың жай сөзі әсер ете бермейді. Әсіресе, ұл балалар әйел мұғалімдерден қаймықпайтыны рас. Ал ер мұғалімнің «тәйт!» деген сөзінің өзі талай балаға тоқтау бола алады. Жалпы, психологияда әйелдердің науқандық істерде қағілездік танытатыны, ал ер-азаматтардың әр істің нәтижесін ойлауға бейім екені дәлелденген. Сондықтан да еркектер әйелдерге қарағанда байсалды болып келеді. Ал бұл қасиет бала тәрбиесі мен білім беру саласында аса қажет. Бұл ретте ер-азаматтардың бала тәрбиесіне араласпауы қателік болады деуге әбден негіз бар.   Нұрбол ШОҢ, география пәні мұғалімі:

Ер жігіттер мұғалім болуға ықылассыз

  – Мектепте мұғалім болып жүргеніме 5 жылдан асты. География пәнінен сабақ беремін. Ұстаздық қызметте жүргеніме ешқашан өкінген емеспін. Әкем де – ұстаз. Мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Содан болар, ер мұғалімдерге таңданып қараған кезім болған емес. Бірақ бүгінгі күні мектептегі ер мұғалімдердің саны аз екені рас. Тіпті, жоғары оқу орнында оқып жүргенде де топта жалғыз ұл болғанмын. Бұл да ер жігіттердің мұғалім болуға ықылассыз екенінің дәлелі. Әрине, ұстаз болу – оңай жұмыс емес. Оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу ісінде бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Өйткені әр баланың мінез-құлқы, көзқарасы әртүрлі. Ал мектептегі тәрбиеге келгенде ер адамның орны бөлек екенін айтқым келеді. Өзім көзіммен көріп жүрген дүниелерді айтайын, тәртібі тым қиын оқушыларды әйел мұғалімдер тәрбиелей алмай әуреге түседі. Ал мұндай оқушылар бізді көргенде қаймығады. Біз де ер-азамат ретінде оларға ақыл-кеңесімізді айтып, тура жолға салуға тырысамыз.

Серіктес жаңалықтары