Алматы әкімі қала тұрғындарына үндеу жолдады

Алматы әкімі қала тұрғындарына үндеу жолдады

Алматы әкімі қала тұрғындарына үндеу жолдады
ашық дереккөзі

Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram парақшасында «Алматы-2050» даму стратегиясын қала тұрғындарының талқысына ұсынды.

Сөз басында қала әкімі Елбасы тапсырмасына сәйкес әзірленген аса маңызды құжаттың еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматының жан-жақты даму бағдарын айқындайтынын тілге тиек етті. «Өздеріңізге белгілі, қала басшылығына тағайындалғалы бері Сіздермен бірге экология, қауіпсіздік, сумен қамтамасыз ету және тағы да басқа сол секілді кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді күн тәртібінде қарастырып келеміз. Қаламыздың шет аймақтарын дамытуға бағытталған «Жаңа Алматы» жобасы әзірленді. «Үлкен Алматыны» құру мен агломерацияларды дамыту жоспарын нақтылай түстік. Күні кеше бұл жобалар жөнінде Мемлекет басшысына баяндадым. Сондай-ақ, алдағы уақытта да қала тұрғындарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңірек ақпараттандыруға тырысамын», - деп жазды қала әкімі. Айта кету керек, бұл – алдағы 3-5 жылға дейінгі жұмыс жоспарларын қамтитын ұзақ мерзімді стратегиялық құжат. Осы ретте Бақытжан Сағынтаев бұл құжат жобасының кәсіби мамандармен, сарапшылармен бірлесе отырып әзірленіп, Іскерлік қоғам комитеттерінің, Қоғамдық кеңес мүшелері мен қала белсенділерінің қатысуымен жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Сөз соңында әкім Алматы әлемнің 100 дамыған қалаларының қатарына енуі үшін әр тұрғынының пікірі маңызды екенін атап өтті. «Алматы-2050» стратегиясы – нақ осы талаптарға сәйкестендірілген құжат. Бұл өзгерістерге  дайын болып, күрделі сұрақтарға жедел жауап беру мен урбанизация дағдарысының алдын алуға жасалған нақты қадам», – деді Бақытжан Сағынтаев.