Дариға Назарбаева жұмыс сапарымен Арменияға барды

Дариға Назарбаева жұмыс сапарымен Арменияға барды

Дариға Назарбаева жұмыс сапарымен Арменияға барды
ашық дереккөзі
331
Сенат спикері Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Армения президенті Армен Саркисян және Ұлттық жиналыс төрағасы Арарат Мирзоянмен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамыту жолдарын талқыламақ, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазақстан сенаторлары Армения Ұлттық жиналысы төрағасының шақыруымен Ереванға барды. Мұнда Дариға Назарбаева мен Арарат Мирзоян саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастық және халықаралық мәселелерді талқылады. – Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар барлық сала бойынша дамып келе жатқаны қуантады. Ара-қатынасты жақындастыруда парламентаралық ынтымақтастықтың рөлі зор, - дейді Армения Ұлттық жиналысының төрағасы Арарат Мирзоян.  Өз кезегінде Дариға Назарбаева Армения Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Еуразиялық экономикалық одақтағы Қазақстанның сенімді әріптесі екенін атап өтті. Сенат төрағасы Қазақстан мен Армения парламенттері арасындағы ынтымақтастық тобының жұмысына ерекше көңіл бөліп, заң шығару жұмысында бұл топтың әлеуетін тиімді қолдану қажеттігін жеткізді. Айта кетер жәйт, армян депутаттарының бір тобы биыл мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында болған еді. – Халықтарымыз арасындағы тарихи қатынастарымызды нағыз бауырластық деп батыл айта аламын. Тарихи және мәдени тамырларымыз ортақ. Тіпті армян тілінде қазақшаға ұқсас көп сөзді естимін. Қыпшақ мәдениеті Армения жеріне де жеткен еді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жоғары, қазақстандық өнімдердің Арменияға экспорты Қазақстанға армян өнімдерінің импортынан сәл асып тұр. Жалпы статистикаға сүйенсек, 2018 жылы тауар айналымы 14 жарым миллион долларға жетті. Бұл көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда едәуір өсті. Алайда мұнымен шектелуге болмайды. Осы қатынастарымызды дамытуда әлеуетіміз зор деп санаймын, - деді Дариға Назарбаева. Экономистердің пікірінше, тауар айналымын әлі де арттыруға мүмкіндік жеткілікті. Егер бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асса, көп ұзамай екі елдің өзара әрекеттесуінің экономикалық көрсеткіштері де көтеріле түспек.

Серіктес жаңалықтары