Теңгенің тағдырын таразылағанда...

Теңгенің тағдырын таразылағанда...

Теңгенің тағдырын таразылағанда...
ашық дереккөзі
387
Бүгінде ел аузына ең жиі түсетін екі тақырып болса, бірі – бағам, бірі – баға. Жаяу кетіп бара жатқан жүргінші де, көлік тізгіндеп бара жатқан жүргізуші де мойнын созып, жол бойындағы валюта бағамы көрсетілген тақтайшаға бір қарап өтпесе, көңілі көншімейтіндей. Өзі орнатқан антирекордты күн сайын, кейде тіпті сағат сайын жаңартуға төселіп алған АҚШ валютасының құны тағы қанша теңгеге өсті екен деп телміреді. Бір қызығы, тақтадағы өсімтал өлшемдер ешкімді таңқалдырмайтын болған. 14 желтоқсанда доллар бағамы 11 желтоқсан күні орнатқан тарихи антирекорды – 313,99 теңгеден бірден 8,48 теңгеге артып, 322,47 теңгеге жеткенде, тіпті 21 желтоқсан күні бір доллардың құны 347 теңгеге теңескенде де даурыққандарды көрмедік. Жұрт АҚШ валтютасын бұдан да биік «белестерден» көруге тас-түйін дайын сияқты. Теңге қалай құлдырады? Халық арасында «тамыз төң­керісі» аталып кеткен Үкіметтің 20 тамыз­дағы теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешімінен соң ұлттық валютаның құны құлдыраудан көз ашпай келеді. Өткен жылғы «ақпан төңкерісі» төл ақшамызды бұлай есеңгіретпеп еді. 155 теңгеге сатып алып жүрген 1 АҚШ доллары бақандай 30 теңгеге қымбаттап, 185 теңгеге бір-ақ көтерілгенде жұрт қатты дүрліккен. Тыққан доллары болмаса да, көпшілік ақша айырбастау нүктелерінің тақтайшасын аңдумен болды. Өйткені АҚШ валютасы қымбаттаса, тауар мен қызмет көрсету бағасының да көтерілетінін бұған дейінгі девальвациялар дәлелдеп берген. 22 жылдың ішінде теңге өзінің кескін-келбетін ғана емес, құнын да талай мәрте өзгертті. 1993 жылы 1 АҚШ доллары 4,7 теңгеге бағаланған болатын. Бірақ экономист Арыс­тан Есентүгелов әу баста бұлай бағалаудың қисынсыз болғанын айтқаны бар. Бәлкім, содан да шығар, бір жылдың ішінде теңгенің құны 11 есе құлдырады. 1993 жылдың қарашасында айналымға енгізілген ұлттық валюта 1994 жылы әжептәуір әлсіреп, бір доллардың құны 54 теңгеге жеткен. Алайда ол кезеңде елде доллар аз болғандықтан әрі жаңа ақшаға бәрі бірдей үйреніп үлгермегендіктен, бұл девальвацияның ауыртпалығын халық сезіне қойған жоқ. Девальвация терминінің құлаққа сіңісті болған тұсы — 1999 жыл. 4 сәуір күні сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банк төрағасы Қадыржан Дамитов теледидардан халыққа теңгенің еркін айналымға жібері­ле­тінін хабарлады. Келесі күні таңер­тең бір күн бұрын шамамен 88 теңге тұрған доллар 150-160 теңге деңгейіне бір-ақ көтерілді. Тамыз айында жағдай реттеліп, 1 АҚШ дол­лары 130-135 теңге деңгейінде тұ­рақ­талды.1993-2002 жылдар аралы­ғында 33 есе арзандаған төл валюта 2003 жылдан бастап біршама нығайды. Теңгені тұғырынан тайдырған ке­лесі девальвация 2009 жылы 4 ақпанда болды. Бір түннің ішінде айырбас нүктелеріндегі доллар құны 120 теңгеден 170-ке бір-ақ көтеріліп барып, 150 теңге деңгейінде тұрақтанды. Жұрт сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Г.Марченконы жағадан алды. Бас банк тізгінін Әнуар Сәйденовтен қабылдап алған жаңа төраға мұнай бағасының түсіп кеткендігі, Қазақстанмен сауда-саттық бойынша серіктес елдердің ұлттық валюталарының құнсыздануы, ел ішіндегі валюта тұрақтылығын сақтауға кетіп жатқан алтын-валюта қорының шығыны туралы дәлелдер келтіріп, аталған девальвацияны ақтап алуға тырысты. Бас банкті биылғы жылдың қара­шасына дейін басқарған Қайрат Келім­бетов те теңге тарихында есімі жиі аталатын тұлғалардың біріне айналды. Өткен жылдың «қара ақпаны» ел азаматтарының табысын 20 пайызға азайтты. 1 АҚШ доллары рекордтық 185 теңгеге дейін жетті, тіпті кей жерде 200 теңге деп көрсетіп қойғандар да табылды. Мұндай жағдай қаржы сарапшылары үшін де күтпеген жағдай болды. Ұлттық банк елдегі экономика мен қаржылық жағдай тұрақсыздығына жол бермеу үшін осындай қадамға мәжбүр болдық деп мәлімдеді. Жаздың соңындағы теңгені еркін айналымға жіберу туралы ше­шімді де Үкімет пен Ұлттық банк мәжбүрліктен туған қажеттілік деп түсіндірді. Ұлттық банктің экс-тө­рағасы Қайрат Келімбетовтің тілі­мен айтқанда: «…алдыңғы тəжіри­беле­рімізде тұрақтанған валюта баға­мын Ұлттық банк өзгертіп, оны девальвация деп атайтын. Ал қазіргі құбылыс девальвация емес, ол еркін айналымға өту. Яғни нарыққа қатысушылар тұрақтылық пен сұраныс, ұсыныстың арқасында теңгенің құны қанша болатындығын өздері анықтайды».

Ақышевтің амалы

2 қараша күні Ұлттық банк төрағалығына келіп, халықтың теңгеге деген сенімін нығайтуға уәде берген Данияр Ақышевтің алғашқы қадамы – бас банктің ішкі валюта нарығына қатысуын шектеуі. 5 қараша күні Ұлттық банк теңге бағамын сақтап тұру үшін алтын қорларынан көк тиын да шығарылмайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Ұлттық банктің валюта нарығындағы саудадағы үлесі 60 пайызға жеткен болатын. Теңгенің құлдырауын бәсеңдету үшін Ұлттық қор қаражатының және Ұлттық банктің алтын-валюта активтерінің есебінен 5 миллиард доллардан астам қаржы салынған. Бас банк теңге қанша тұрақсызданса да, бас ауыртпайтынын хабарлаған соң төл валютаның күші күрт кеміді. Ұлттық банк басшылығына Данияр Ақышев тағайындалғаннан кейінгі екі күнде-ақ құнын айтарлықтай жоғалтып алған төл валюта жаңа мәлімдемеден соң рекордтық межеге дейін құлдырады. 3 қараша күнi Қазақстан қор биржасындағы теңгенiң долларға шаққандағы айырбастау бағамы 283,23 теңгеге тең болса, 4 қараша күнi теңге бiрден 1,59 теңгеге әлсiреп, бiр доллардың құны 285,79 теңгеге жеткен болатын. Ал 6 қараша күні алғашқы келісім долларына 303 теңгеден басталып, кейін АҚШ валютасының теңгеге шаққандағы құны 310 теңгеге бір-ақ көтерілді. Жаңа төрағаға мін тағып, сын айтушылар көбейген соң Ұлттық банктің баспасөз қызметі доллар бағамының көтерілуіне қатысты түсінік берді. «Ұлттық банктің және Ұлттық қордың алтын-валюта активтерін сақтау мақсатында Ұлттық банк 2015 жылғы 5 қарашадан бастап өзінің валюта нарығына қатысуын барынша азайту туралы шешім қабылдады. Бұл Ұлттық банктің еркін бағамды қалыптастыру және инфляциялық таргеттеуге өту жөніндегі бұрын жария етілген саясатына сәйкес келеді. Бұл өзгеріс қаржылық тұрақтылық үшін қауіп төндірмейді және Ұлттық банктің баға тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына қайшы емес. Теңгенің айырбастау бағамының бұдан былайғы серпіні негізінен әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы баға ахуалының серпінімен айқын­да­л­атын факторлардың әсерінен қалып­тасатын болады», – деп хабарлады банктің баспасөз қызметіндегілер. Теңгенің тағдырын таразыға салған отандық сарапшылар онсыз да құнсызданып бара жатқан төл валютамыз әлі де әлсірейді дегенді алға тартқан болатын сол кезде. «Әлемдегі есеп айырысудың 75 пайыз доллармен жүргізілетіндігін ескерсек, Америка валютасы жуырда төмендей қоюы екіталай», – деді мамандар. Десе дегендей-ақ, 8 желтоқсанға дейін 307 теңгенің айналасынан ауытқи қоймаған доллар құны 9 желтоқсан күні бірден 3 теңгеге қымбаттады. Сол күні ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Атамекен» ҰКП төралқасы кеңейтілген отырысы алдында тілшілерге берген сұхбатында теңге бағамының соңғы өзгерісіне байланысты түсінік берді. – Бүгін теңге бағамы біршама өзгерді, себебі нарықта сұраныс пен ұсыныстың теңгерімі өзгерді. Қазіргі кезде болжам жасау мүмкін емес. Мұнай бағасы құбылуда және бағам да өзгеруде, бұл өзгерістер әрдайым синхронды емес. Өйткені мұнай бағасының әсері біздің валюталық нарыққа тікелей ықпал етпейді, яғни дәлме-дәл әсері жоқ. Экспорттаушылар валютаның сатылымы бойынша қандай да бір шешім қабылдайды. Алайда бұл бір мезгілде болмайды, – деді төраға. «Жыл соңына дейін долларға қатысты теңгенің бағамы өзгеруі бол­жана ма?» деген сауалға Д. Ақышев: «Болжамдарды айта алмаймын. Бүгін қандай жағдай екенін білемін. Ертең не болатынын нарық көрсетеді», – деп жауап берді.

Бұйда үзген бакс

10 желтоқсаннан бастап АҚШ валютасы күн санап емес, сағат санап өскенді шығарды. 11 желтоқсан күні бір доллардың құны 313,99 теңге болса, 14 желтоқсанда бірден 8,48 теңгеге қымбаттап, 322,47 теңгеге жетті. Бұл бағамын небәрі 1-ақ күн ұстап тұрды да, 16 желтоқсан күні 15,33 теңгеге артып, 337,80 теңгеден сатыла бастады. Ал 19 желтоқсанда доллардың теңгеге шаққандағы құны 341, 94 теңгеге жетті. Желтоқсандағы бұл құбылулар­дың сырын түсіндірер деген үмітпен көпшілік валюта нарығының бас реттеушісі – Ұлттық банкке елеңдесті. Бас банк көп ұзамай теңге құнының тоқтаусыз құлдырауына қатысты түсініктеме берді. «Теңгенің айырбас бағамы негізінен әлемдік қаржылық, тауарлық нарықтардағы бағаның өзгеруіне және ішкі нарықта шетелдік валютаға сұранысқа байланысты айқындалатын факторлардың әсерінен қалыптасып отыр. 2014-2015 жылдары мұнай бағасының төмендеуі төлем теңгерімінің айтарлықтай нашарлауына және сәйкесінше ішкі валюталық нарықтағы теңгерімнің нашарлауына әкелді. 2015 жылдың желтоқсан айының басында Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі үшін 44,4 доллардан 37,8 долларға дейін немесе 15 пайызға төмендеуі айырбас бағамына қосымша қысым түсірді», – делінген банктің ресми сайтында жарияланған хабарламада.

Қара алтын құны қуантпай тұр

Әзірге әлемдік қара алтын баға­сы мұнай өндіруші елдердің оң жамбасына келмей тұр. Өткен апта­ның соңында Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнайдың баррелі 37,11 долларға, ал WTI сұрыпты мұнайдың бағасы 34,91 долларға дейін төмендеді. Екінші жыл қатарынан құлдыраудан көз ашпай келе жатқан қара алтын құны келер жылы тіпті 10-20 долларға дейін құлдырауы мүмкін деген болжамдар қылаң бере бастады. Goldman Sachs банкінің есебін жариялаған CNBC телеарнасының хабар­лауынша, мұнай өндіру көле­мінің шамадан тыс көбеюі оның құнына түсетін қысымды одан сайын арттырмақ. Әсіресе, Иранның экспорт көлемін арттыратынын есепке алған сарапшылар мұнай державаларының жағдайы ушыға түсетінін болжап отыр. Иранға қарсы салынған санкциялар өз күшін жойса, ОПЕК өндіретін мұнайдың жиынтық көлемі тәулігіне 32 млн. баррельден асып түспек. Goldman Sachs мамандарының айтуынша, нарықтағы ұсыныстың сұраныстан бірнеше есе асып түсуі салдарынан тақтатас кен орындарында жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны күрт қысқарады. Өйткені мұнай баррелінің 20 долларға дейін төмендеуі оларды шығынға батырмаса, пайдаға кенелтпесі анық. Банк сарапшылары өткен жылғы есептерінде де мұнай бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін құлдырайтынын болжаған болатын. Бірақ бұл өзгеріске «Эль-Ниньо» табиғи құбылысы себепкер болады деп күтілген. Метеорологтардың болжамынша, оның әсері соңғы 50 жылдағы ең күшті көрсеткішке жетпек. Биыл АҚШ пен Еуропада аномальді жылы қыстың орнауы нақ осы «Эль-Ниньоның» салдарынан деп түсіндірілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындар арасында пеш отынына сұраныстың күрт азаюына себепкер болып отыр. Сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық артқан сайын мұнай бағасының төмендеуі үдей бермек. Алайда батыс мамандары қара алтын бағасы күрт құлдыраудан кейін қайтадан өсімін қалыпқа келтіреді дегенді алға тартуда. Өйткені әлемдік мұнай нарығы 1986, 1988 және 1998 жылдары да дәл осындай келеңсіздікті бастан өткеріп, қайтадан көш түзеген болатын.

1 доллар=400 теңге: аңыз ба, ақиқат па?

Отандық мамандар қара алтын құ­нының қайта көтерілетініне сенімсіз. Олардың пікірінше, құлдыраудың шектік көрсеткіші 20 доллардан да төмен болуы ықтимал. Бірақ теңгенің әлсіреуін мұнай бағасымен байланыстырудың қажеті жоқ деп есептейді. Мәселен, экономика ғылым­дарының кандидаты, А.Бай­тұр­­сы­нов атындағы ҚМУ ғылым басқармасының басшысы Андрей Коваль қостанайлық «Наша газета» газетіне берген сұхбатында ұлттық валютаның болашағы туралы болжамдарымен бөлісті. «Мен теңгенің құлдырауын мұнай бағасының түсуімен байланыстырып жатқан сарапшылардың қатарынан емеспін, – деп мәлімдеді сарапшы. – Әрине, мұнай бағасы ұлттық валютаға айтарлықтай әсерін тигізеді, бірақ мен, бірінші кезекте, теңгенің құлдырауын өндіріс секторымен байланыстырамын. Шағын және орта бизнес қысым көріп отыр. Оларды дамыту үшін дамудың нақты бағдарламалары қажет, бірақ олар бізде қазіргі уақытта рәсімдеу сатысында. Кредит-қаржы механизмдері де жұмыс істемейді. Ұлттық банк болса, өкінішке қарай, жағдайға постфактум әсер етуді біледі, ал механизмдері жоқ», – дейді Коваль. Маманның пікірінше, халық валюта нарығындағы жағдайға үреймен қарап отыр, бұл қатердің бар екенін көрсетеді. «Барлық факторлар таяу уақытта теңгенің экономикалық даму деңгейімізге сәйкес шамаға дейін құлдырауына әкеп соқтырады. Сорып-қазып сатудан емес, нақты өндіретін тауарымызға байланыс­ты табыс аламыз. 2016 жылдың наурызында доллардың құны 350 теңгеге дейін жетеді деп айтқанмын, бірақ болжамым ерте орындалып қойды. Келесі психологиялық цифр – доллар үшін 400 немесе 500 теңге болады, ал еуроның құны маңызды болмай қалады. Қарапайым халық та да, бизнес те осы жағдайларда өмір сүріп үйренуі керек. Өкінішке қарай, ұлттық валютаның нығаюына сеп болатындай факторларды көріп тұрғаным жоқ, мұнайдың да қымбаттауына себеп жоқ. Меніңше, Brent маркасының құны барреліне 15-10 долларға дейін түсіп кетеді, ал кейін көмірсутектер энергетикада басым рөлінен айырылуы да мүмкін», – деп болжам жасады. Еліміздегі өзге де сарапшылар, инвестициялық компаниялардың мамандары, тәуелсіз қаржыгерлер мен экономистер де төл валютаның қауқары туралы түрлі болжамдар ұсынуда. Алайда олардың көпшілігі мұнай құнының төмендеуі мен Ұлттық банктің шара қолданбауы салдарынан теңгенің күші кеми береді деген пікірдің төңірегінде топтасқан. Төл теңгеміздің әл жиятынына сенім білдіргендер жоқтың қасы. Мысалы, Golden Hills – КапиталЪ АМ» инвестициялық компаниясы сараптамалық департа­ментінің директоры Михаил Крыловтың айтуынша, жаңа жылдың басында мұнай құны тағы 10 пайызға арзандауы мүмкін, сәйкесінше теңге де осы шамада өз қауқарын жоғалтпақ. Биылғы жылдың соңғы күндері немесе 2016 жылдың алғашқы онкүндігінде доллардың қазақстандық валютаға шаққандағы бағамы 364 теңгеге жетуі ықтимал», – дейді маман. «Финам» инфестициялық ком­па­ния­сы­ның сарапшысы Тимур Нығматуллиннің айтуынша, қазіргі таңда мұнайдың құнына қысым көрсетіп тұрған төрт фактор бар: АҚШ-тың мұнай экспортына салынған тыйымды алып тастау мүмкіндігі туралы сыбыстар, АҚШ федералды резервтік жүйе­сінің желтоқсандағы отырысы қарсаңында доллардың басқа да негізгі валюталармен салыстырғанда айтарлықтай күшеюі, келісімшарттар экспирациясы және әне-міне Иранға қарсы санкциялардың күші жойылады деген тағатсызданулар. Маманның айтуынша, аталған факторлардың ықпалы ұзаққа созылмайды, тек жыл соңына дейін әсер етпек. Бірақ Қазақтан экономикасы мұнай бағасының барреліне 30, тіпті 20 долларға дейін төмендеу сценарийіне дайын, тығырықтан шығудың іс-қимылдар жоспары әзірленіп те қойған. Мұны «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Мемлекет басшысы барлық әлемдік рыноктар – қаржы, көмірсутегі, металдар, азық-түлік және басқа да рыноктар тұрақсыздығынан біздің экспорттық өнімдерімізге сұраныстың төмендегенін, бүгінде ел бюджетіне «мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ» екенін де жасырмады. Бірақ Президент жаһандық дағдарыс тек қауіптің ғана емес, жаңа мүмкіндіктердің де көзі екенін ескертіп, қазақстандықтарды жігерлендіру үшін мысалды өзге емес, өз тәжірибемізден келтірді: «Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасымыз бұған қоса шығын­дарды екшеп, «бір жылда 20 пайызға азайып кеткен» бюджетке түсетін табысты арттыру мүмкін­діктерін қарастыру керегін, ел тұрғын­дарының теңгеге деген сенімін қалпына келтіру қажеттігін қадап айтты: «Барлық керекті затты, киімді теңгемен аламыз. Доллар шетелде киінетіндерге немесе импорт тауар алатындарға керек. Депозитті, ақшаны теңгеде сақтау керек, пайызы көп болады. Күнделікті сөздік қолданыста теңгені қолданып, теңгемен өмір сүру керек. Сонда тыныштық болады». Иә, өзгенің валютасына телміріп, өз тынышымызды кетіріп отырған – өзіміз. Әсілі, ел экономикасын долларсыздандыру үшін қаржы жүйесін емес, ең әуелі, «жасыл қағаздармен» шырмалған саналарды реформалау қажет сияқты.

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары