Лай көшкінінің лаңы

Лай көшкінінің лаңы

Лай көшкінінің лаңы
ашық дереккөзі
817
Жексенбіде Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өндірістік қоқыс алаңына жиналған балшықтың салдарынан лай көшкіні жүрді. Апат кезінде өндірістік парк аумағында 900-ден астам қызметкер мен олардың отбасы мүшелері болған. 33 ғимарат лайдың астында қалып, 91 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Оларды іздеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бірнеше жыл бойы тасталған қалдықтардың биіктігі 20 қабатты үймен теңескен. Ал құзырлы органдар халықтың арыз-шағымы мен ескертулеріне құлақ аспай, жүре берген. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин аймақтық әкімшілікке адам шығынын азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды және жарақат алғандарға лайықты көмек көрсетуді бұйырды. Бүгінде тау боп үйілген қоқыс үйінділері – Қытайдағы өзекті мәселелердің бірі. Жуырда қытайлық БАҚ өкілдері елдің шығысында, Чжэцзян провинциясының Цяотоулянь елді мекенінде 30 жылдан бері жинақталған қоқыс үйіндісінің жағдайын көзбен көріп қайтқан. Жергілікті биліктің немқұрайлылығы салдарынан қоқыстың аумағы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Бастапқыда елді мекенге апаратын жолдың ені 4 метрді құраса, кейін қалдықтарды үсті-үстіне әкеп төгудің нәтижесінде ол екі есе тарылған. Үлкен аумақты алып жатқан қоқыс үйіндісінің биіктігі екі қабат үйдің биіктігіне жетіп қалған көрінеді. Бұл жерге тек тұрмыстық қалдықтар ғана емес, жеңіл өнеркәсіп қалдықтары мен ауырып өлген үй жануарларының өлексесі де тасталады. Жергілікті тұрғындар үйіндінің аумағын аз да болса кішірейту мақсатымен қоқысты ара-тұра өртеп тұрады, алайда одан туындайтын көк түтін мен жағымсыз иіске төзу қиын. Елді мекендегі ақсақалдардың айтуынша, қоқыс жауып қалған жол көлік қозғалысына жарамсыз. Олардың сөзіне сүйенсек, қоқыс үйіндісі бұл ауданда қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастамасы бойынша алғаш рет 1988 жылы пайда болған. Қоқысты аулағырақ апарып төгіп, ел ұйқыға жатқанда аз-аздан өртеп отырыпты. Бірақ барлық қалдық жанып үлгермеген, өйткені үйіндінің аумағы көз ілеспес шапшаңдықпен ұлғайған.  Ал 2000 жылдан бастап қоршаған ортаға жаны ашымайтындар қоқысты жолдың ортасына төгуге көшіпті. Жергілікті билік жоғарыдағы құзырлы органдарға Цяотоуляньдағы бұл түйткіл туралы бірнеше мәрте ескерткендерін айтып ақталуда. Олар қоқыс үйіндісін жауып тастаймыз деп уәде еткелі бірнеше жылдың жүзі болған. Алайда, елді мекеннің айналасы жыл өткен сайын апатты бола түспесе, тазаланар түрі жоқ. Мұндай қоқыс үйінділерін Қытайдың көптеген провинциясынан кезіктіруге болады. Бейресми деректерге сүйенсек, олардың жалпы ауданы 53 мың гектарға, ал салмағы 10 миллиард тоннаға жеткен. Жыл сайын елді мекендерде 280 миллион тоннаға жуық тұрмыстық және өндірістік қалдық шығарылады. Қытайдың экологиялық жағдайын ушықтырып отырған тағы бір фактор – ел аумағына өзге мемлекеттерден, Ұлыбритания мен АҚШ-тан да қоқыс тасымалдануы. Жергілікті экологтардың айтуынша, бұл қоқыс үйінділерінің қоршаған ортаға тигізер зардабының орнын толтыру үшін 100 жылдан да көп уақыт қажет. Тұрмыстық және өндірістік қалдықтар мәселесі біздің елімізде де аса өзекті. Әсіресе, Алматы облысының жағдайы алаңдатарлық. Жыл сайын аймақта 800 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналады. Бұл қоқыстың жарты пайызы ғана қайта өңделеді. Мамандардың пікірінше, облыстағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына жағдай күрделеніп барады. Өңірдің экологиялық түйткілдерін мамандармен ақылдаса отырып шешу үшін жуырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы жиын өткізген болатын. Оған аудан, қала әкімдері және облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Жиында баяндама жасаған облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов келтірген деректер аймақта экологиялық ахуалдың шынымен мүшкіл екеніне көзімізді жеткізді. «Жетісу жеріне жыл сайын Алматы қаласынан 450 мың тонна, ал облыстың елді мекендерінен 350 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық және коммуналдық қалдықтар шығарылады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Алматы облысы аумағында бүгінгі таңда 8,7 млн. тоннадан артық қалдықтар жинақталған. Қауіпті қалдықтар жылдан-жылға өсуде. Өйткені, Жетісуда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында былтырғы жылы 48 ауылдық округ әкімдіктеріне экологтар тарапынан 214 тексеру жүргізіліп, экологиялық талаптардың орындалмағаны үшін 14 млн. теңге айыппұл салынып, өндірілсе, ағымдағы жылы қоршаған ортаға келтірілген залал еселеп артып, айыппұл 225 млн. теңгені құрап, оны өндіруге заңнама шеңберінде талап қойылды», – деді Қонысбек Байеділов. Тұрмыстық қатты қалдықтардың экологиялық түйткілге айналуының бір себебі, аудан, қала әкімдерінің салғырттықтары және өзекті мәселеге жете мән бермеуінде жатқаны даусыз. Мәселен, Панфилов ауданы, Жаркент қаласының полигоны шектен шығып толып кеткен. Қалдықтар автокөлік жолының бойына, полигонның сыртына, тіпті, бейітке тақалып төгілуде. Полигонда кірме жол салу, қоршау, жарықтандыру, су тарту мәселелері қарастырылмаған. Қоқыс өздігінен бықсып жанып, күні-түні өртенуде. Осыдан төрт жыл бұрын басталған полигонның құрылысына қағаз жүзінде 97 млн. теңге жұмсалғанымен іс жүзінде әлі күнге аяқталмаған. Салынып біткен нысандары тоналған. Бүгінде жаңа полигонға баратын жолдың бойында да қалдықтар үйілген. Бір ғана дәлел ретінде осы жылдың мамыр-маусым айларында Жаркент пен оның іргесіндегі ауыл арасындағы жолға төгілген қоқыстарды жауын суы шайып, алқаптарда өніп тұрған түрлі дақылдарға құйылып жатқандығы тілшілердің құлағына жетіп, Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының араласуымен тазартылған болатын. Балқаш ауданы, Бақанас ауылының полигонына 30 млн. теңге, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының полигонына 117 млн. теңге, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының полигонына 26 млн. теңге, Алакөл ауданы Достық стансасының полигонына 89 млн. теңге, Іле ауданының полигоны құрылысына 72 млн. теңге жұмсалғанымен полигондар талапқа сай қоршалмаған, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер орындалмаған. Қараусыз қалғандықтан полигонға тиесілі жерге көршілес шаруа қожалықтары оңай ақша табу әрекетін жасап, жерлеріне заңсыз түрде қалдықтар қоймаларын орналастырып, рұқсатсыз әрекет етуде. Ұйғыр ауданының полигоны толып, тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділері жолды бітеп, шашырап, Шонжы ауылының тұрғын үйлеріне дейін жеткен. Қоқыстардың арасында мал терілері, өлекселері үйілген. Қоқыс өздігінен жанып бықсып, өртенуде. Жел ұшырған целлофан пакеттер мен қапшықтар жер бетін сан алуан түрге бояған. Өріске шыққан сиыр сол целлофан пакетті шөппен бірге тілімен орай қарбытып жібергенде жұтқыншағына жабысып, тыныс жолын бітеп қалғанда ірі қара дем ала алмай арам қататынын да жергілікті тұрғындар растады. Осындай немкеттілік Ақсу, Сарқан, Райымбек аудандарындағы және Текелі қаласының полигондарында да орын алуда. Қоқыс, қалдықтар үйінділерін мониторингілеу есепке алу мүлдем жүргізілмейді. Бақылау жүйелері талапқа сай емес. Аймақтың өзге аудандарында да тұрмыстық қалдықтар апат ошағына айналып отыр. Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінің полигонына 29,1 млн. теңге, Ескелді ауданы, Қарабұлақ кентінің полигонына 29,1 млн. теңге, Көксу ауданы, Балпық би кентінің полигонына 89 млн. теңге, Қаратал ауданы, Үштөбе ауылының полигонына 107,0 млн. теңге бюджет қаражаты жұмсалып, салынғанымен, экологиялық заңнама өрескел бұзылған. Дәл сондай қаражатты тиімді жұмсай білген Қарасай, Талғар аудандарының, Талдықорған қаласының полигондарының меншік иелері анықталып, тұрмыстық қатты қалдықтарды алғашқы сұрыптаудан өткізу қолға алынып, электр қуатымен, сумен және арнайы көліктермен, өлшеуіш құралдарымен қамтамасыз етілген. Талдықорған қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесінде жүріп жатқан жаңғырту жұмыстары, оның ішінде, жаңа үлгідегі контейнерлермен қамтамасыз ету, қоқыстарды бөлек жинау әдістемелерінің қолға алынуы құптарлық. Бүгінде облыс аумағында 370-тен астам заңсыз төгілген қоқыс үйінділері 1 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Аймақта қауіпті улы қалдықтарды орналастыратын және көметін полигон жоқ. Іле ауданы, Ақши ауылында және Көксу ауданы, Мұқыры ауылында орналасқан полигондар тек қана улы химикаттар мен пестицидтердің ыдыстарын сақтайды. Бірақ жойып, көмумен айналыспайды. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қалдықтарды қабылдаудың бастапқы есептік жүйесінің жоқтығынан және көпшілік жағдайда полигондардың нақты иелерінің болмағандығынан қалдықтардың орналасуы жөнінде Алматы облысы бойынша мемлекеттік қалдықтар кадастрын даярлау мүмкін болмай отыр екен. Қолданыстағы полигондар мен қоймаларға геологиялық, гидрогеологиялық және басқа да зерттеу жұмыстары жүргізілмей пайдалануға берілген. Өңір басшысы Амандық Баталов сала қызметкерлерімен басқосуда Алматы облысы көлемінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары мен қоймаларында қоқыстарды нығыздау, олардың бетін топырақ балшық қабаттарымен жабу, бөліктерді жоспарлы түрде дұрыс пайдалану технологияларының сақталуын, қоқыстардың бей-берекет шашылып, айналаны ластап, ауаны, жерді, суды бүлдірмеуін қадағалап отыруды қатаң ескертті.  Еңбекшіқазақ, Райымбек, Жамбыл, Қаратал, Панфилов, Кербұлақ аудандарының әкімдеріне аудандардың экологиялық ахуалын оңалтуға бағытталған нақты міндеттер жүктеді. Егер аймақ басшысының тапсырмалары жүйелі түрде орындалып, облыстың экологиясына қауіп төндіріп тұрған негізгі фактор – қатты қалдықтар полигондарының жағдайы реттелер болса, Жетісудің көз қарықтырар сұлулығы үшін, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне бай бірегей табиғаты үшін және ең бастысы, жергілікті тұрғындардың денсаулығы үшін алаңдамас едік.  

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары