516
Павлодарда Халықаралық дирижерлар фестивалі өтті
Павлодарда Халықаралық дирижерлар фестивалі өтті
Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Туған жер» бағдарламасы аясында Қазақ ССР-інің халық артисі Рүстембек Омаровтың 100 жылдығына арналған «Жастық шақ» атты І Халықаралық дирижерлар шеру-фестивалі өтті.
Дирижерлар шеруіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс – жақын шет елдерден дирижерлар арнайы шақырылып қатыстырылды. Олар: Ресей мен Қырғызстанның, Монголия мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Мәдениет саласының үздіктері Халықаралық конкурстардың лауреаттары Владимир Кончев, Бақыт Тілегенов, Чинбат Орхонбаатар, Жанас Бекентұров, Әли Алпысбаев, Даурен Ғлымов, Назымбек Молдахметов, Талғат Кәрімов, Еркін Нұрымбетов, Нұрлан Төкейұлы, Добрыня Сатин, Әсем Сембина, Олеся Скоркова, Нұржан Сарқамбаев, Ризолла Садықов.
28 қазан сағат 15:00-16:00-ге дейін фестиваль бағдарламасы бойынша алыс жақыннан келген дирижерлар мен артистердің қатысумен Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Дауенов Ернұр Нұрланұлымен БАҚ өкілдерімен кездесуі C. Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының конференц залында өтті.
28 қазан сағат 16:30 бастап 18:00-ге дейін Моңғолия мен Алтай Республикасы әртістерінің музыкалық колледж студенттерімен кездесуі және шеберлік класы болды.
29 қазан сағат 10:00-13:00-ге дейін Естай атындағы мәдениет сарайында музыкалық колледж студенттерімен кездесуі және шеберлік класы өтті.
Дирижерлар шеруіне Алтай мен Атырауды, Шығыс пен Батысты, Ертiс пен Едiлдi, Арқа мен Алатауды ұштастырған бүгінгі өнер керуеніне арнайы шақырумен келген дирижерларымыз өнер көрсетті. Олар өз өлкелерінің мақтаныштары, өнерімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі киелі сахнаны бағындырған саңлақтар.
29 қазан 19:00-де Рүстембек Омаровтың «Жастық шақ» атты күйімен фестиваліміздің шымылдығын Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспатар оркестрі. Көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры, Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімов дирижерлік етті.
Алтайдан арнайы келген Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Алтай Республикасының құрметті азаматы, Алтай Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Алтай Республикасы Мемлекеттік оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Владимир Кончев өзімен бірге Алтай Республиксасының үздік музыканты Добрыня Сатинді осы шараға арнайы алып келді. Торжественная сюита «Алтай» және «Попурри на алтайские темы» шығармаларын оркестрмен бірге орындады.
Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Бішкек қалалық мэриясының симфониялық оркестрі мен халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Қырғыз Республикасы Үкіметінің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Тилегенов Бакытбек Сардарбек Жұмалиевтің «Таң сыры» атты әнімен (солист халықаралы байқаулардың лауреаты Нұржан Сарқамбаев) Құрманғазының «Балбырауын» күйін, Атай Огонбаевтің «Маш ботой» шығармаларын халыққа тарту етті.
Орал қаласынан келген Дарын жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетов «Ақжайық» (поэма) және Махамбет «Ақжелен» шығармаларына дирижерлік етті.
Кештің әуезділігін Әсет Бейсеуов әндері негізінде попурри, Кетбуғаның «Ақсақ құлан» (солист халықаралық байқаулардың лауреаты Ризолла Садықов) күйімен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров жалғастырды.
Дүбірлі думанға Талғат Кәрімовтың ұсынысымен Эвэр-бурэ аспабында арнайы жазылған Чинбат Орхонбаатордың «Бүркітші қыз» шығармасының тұсауы кесіліп, Монти «Чардашты» Халықаралық фестивальдар мен конкурстардың лауреаты, «Күміс ағаш» сыйлығының иегері Чинбат Орхонбаатор оркестрмен бірге ойнады. Дирижері Талғат Кәрімов болды.
Лео Делиб «Испанская песня», Латиф Хамиди «Бұлбұл» әнін мемлекеттік «Астана Опера» және балет театрының солисті, Халықаралық байқаулардың лауреаты Әсем Сембина оркестрдің сүйемелдеуінде орындады. Дирижері Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері, әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Әли Алпысбаев болды. Сондай-ақ Али Алпысбаев «Алаш елі» шығармасын көпшілікке оркестрмен паш етті.
Семей қаласындағы «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестірінің бас дирижері, Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Нұрлан Төкейұлы Иоган Штраус «Крестьянская полька» мен Кенжебай Әлдекенов «Жаңа ғасыр» шығармасына дирижерлік етті.
Қостанай қаласынан келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов By Leroy Anderson «SleighRide», Ермұрат Үсенов «Шақшақ Жәнібек» шығармасын тарту етті.
Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері Даурен Ғлымов төмендегі шығармаларға дирижерлік етті.
Рустам Абдуллаев «Лазги», Джакомо Пуччини «Мадам баттерфляй» операсынан «Чио чио сан» ариясын халықаралық байқаулардың лауреаты Олеся Скорикова орындады.
Кеш Бақытжан Дүйсенғазиевтің «Ақ берен» күйімен шарықтап, Түркештің күйі «Көңіл ашар» мен Құрманғазының күйі «Сарыарқа» күйлерінде барлық дирижерлардың шеруі болды.
Фестиваль соңында Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Дауенов Ернұр Нұрланұлымен Отандастар қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі Төлеу Гауһар Серікқызы және Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш апай құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға сыйлықтар табыс етілді.