БҚО-да студенттер түйе сүтінен йогурт пен балмұздақ әзірлеп жүр

/
БҚО-да студенттер түйе сүтінен йогурт пен балмұздақ әзірлеп жүр
istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында студенттер түйе сүтінен экологиялық таза йогурт пен балмұздақ өндіруде. Жаңадан ашылған зертханада жастар шикізаттың сапасын тексеріп, ашытқыны бақылап, қоспасыз әрі консервантсыз өнім әзірлейді. Жобаға патент те берілген. Енді өндіріс көлемін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz сайты 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Зертханада толыққанды өндірістік жағдай жасалған: залалсыздандырылған бөлме, тоңазытқыш камералар және заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Үдерісті магистрант Сәнді Ғилман қадағалайды. Ол құрамында пробиотиктердің жоғары мөлшері бар ерекше ашытқы әзірлеуге қатысқан. Мамандардың айтуынша, мұндай микроорганизмдер өнімнің құндылығын және қауіпсіздігін арттырады.

Йогурт термостат әдісімен дайындалады. «Грек йогуртына» ұқсас болғанымен, басты айырмашылығы – түйе сүтіндегі табиғи майдың толық сақталуы.

Студенттер түйе сүтінен балмұздақ та жасап жүр. Шикізатты жергілікті фермерлер жеткізеді, ал зертханада ол мұқият тексеріледі. Балмұздақ арнайы қондырғыда өздерінің рецептімен әзірленеді. Бұл өнім де патенттелген.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа балмұздақтың құрамында дәрумендер көп, ал қант мөлшері айтарлықтай аз.

Жақын уақытта жаңа өнім дүкен сөрелерінен орын алуы мүмкін. Қазір студенттер технологияны жетілдіріп, шикізат базасын кеңейтуді көздеуде. Өңірде түйе шаруашылығы аз болғанымен, жас ғалымдар жергілікті өндірушілермен бірлесіп, жобаны дамытуға ниетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары