3167
Алғашқы ғылым кандидаты
Алғашқы ғылым кандидаты
2017 жылдың көктемі еді. Петербор қаласында ғылыми ізденіс жұмыстарымен жүрмін. Псковская көшесіндегі №18 үйде орналасқан Санкт-Петербор қаласының Орталық Мемлекеттік архивінің қорымен жұмыс істейтінмін. Қаланың бір сұрықсыздау, жұпыны тартқан қалтарысындағы осынау көше – ХХ ғасыр басындағы орыс тарихының куәгер шежіресі, тақуа тарихы сияқты еді. Олай дейтінім, ең ескі әрі сұлу шаһардың дәл осы жерінде І орыс революциясы өткен, демонстрациялық толқу болған, дәл осы жерде қазақ балалары да оқыған, олар да алаңға шыққан. Сондай ыстық, сондай жылы. Бірақ ажары тайып, көркі сұрланған ескі ғимараттар, жұпыны үйлер көріксіздеу көрінетін. Сол ескі үйлердің қабырғасында жасырылған сыр қаншама!
Менің бар мақсат-мұратым – ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері, қазақ зиялылары жайлы құжат табу. Алғашқы екі-үш күнде тек каталогпен жұмыс істеп, құжаттарды іздедім. Дәл жұма күні қолыма – № 14 қордың № 25876 делосы түсті. Ашып, қарап отырып, тоқсаннан астам құжаттың ішінен Бақтыкерей Ахметұлы Құлманның дипломын таптым. «О, Жасаған!» деп қуанып отырмын. Айқайлап, шаттанғым да келді. Бірақ оқу залының іші лық толы. Ерсі қылық көрсетпейін деп ішімнен тындым. Бақтыкерей Құлман деген Алаштың ақсұңқары болған. Қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты. Ендігі сөз – осы азаматтың Санкт-Петербор Мемлекеттік Императорлық университетіндегі студенттік жылдары турасында.
Бақтыкерей – төре тұқымынан, сұлтан әулетінен. Әбілқайыр хан – Нұралы хан – Есім сұлтаннан тараған. Ол 1859 жылдың 22 желтоқсанында қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1872 – 1881 жылдары Орынбордағы ер балалар гимназиясында оқып, оны күміс медальмен тәмамдаған санаулы қазақ баласының бірегейі.
Оқуға ынтық, зерек те, алғыр төре баласы 1881 жылы қияндағы еуропаның ең көрікті шаһары, сол замандағы мәдениет орталығы, өркениет пен руханият ордасы – Петерборға барып, емтихан тапсырып, Императорлық университеттің тегін оқытатын бөліміне түседі. Бүгінгі жүйемен айтқанда, гранттық оқумен мүмкіндігін иеленген. Бақтыкерей бастапқыда заң факультетіне түсіпті. Архив құжатымен танысып отырып, оның 1 курсты қатарынан үш жыл оқығанын байқадық. Сөйтсек, оқу бөліміне, деканатқа өз еркімен арыз жазып, «заңтану», «заң ілімдері», «конституциялық-құқықтық ережелер», «полицейлік құқық», «саясаттану» курстарын толық меңгеруі үшін қайта-қайта қызығып, құнығып оқыпты.
1884 жылы оқу орнының басшылығы оны 2 курсқа көшіру керектігі туралы талап қояды. 2 курсқа өткен қазақ баласы ары қарай білімін шығыстану факультетінде оқуды жөн санапты.
Шығыстану факультетінде оқуда қатарының алды, озаты болыпты. Араб, парсы, осман, татар тілдерін өте жақсы меңгеріп, сол тілдердің грамматикалық-лексикалық ұқсастықтарын зерттеуге ден қойып, профессорларды таңғалдырыпты. Оның оқу үлгерімі туралы мінездемесінде факультет оқытушылары өздерінің ақеділ пейілдерін жазып, жоғары бағалаған. В.Григорьев, В.Радлов, Н.Веселовский сынды атақты профессорлардың сүйікті шәкірті болған. Шығыстану факультетін үздік тәмамдаған соң, екі жылдық аспирантурасын оқып тауысқан. Архив қорында 1889 жылдың 9 наурызында берілген №877 диплом куәлігі сақталған. Біз тапқан олжа – осы. Сонымен, Бақтыкерей Құлман – қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алып, диссертация қорғаған ойы ұшқыр ақыл-ой иесі. Шоқжұлдыз Шоқаннан соң, шығыстану саласында өшпес із қалдырған, орыс ғұламаларын қызықтырған сәулелі үркер еді...
Еңбексүйгіш, ізденгіш студенттің оқу үлгерімін ескеріп, аспирантураға алып қалған факультет оқытушылары аспирантураға қалдырып, оқуына мұрсат берген екен. «Ұша білген қанатқа дүние кең» дегендей, білім теңізінде еркін жүзіп, шығыс халықтарының қызық та, құпиясы мол әлеміне зор құлшыныспен еніп-ақ кетіпті. Оның кандидаттық ғылыми ізденісі – шығыс халықтарының мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктері хақында болыпты. Бәлкім, алдағы уақытта тұлғаның диссертациялық жұмысын қазіргі әліпбиге түсіріп, ғылыми түсінігі мен алғысөзін жазып, оқырман назарына ұсынармыз. 1888 жылдың 17 қыркүйегінде Петербор Императорлық университетінің Ғылыми кеңесі ізденуші Бақтыкерей Ахметұлы Құлманға ғылым кандидаты дәрежесін беру туралы шешім шығарған-ды.
1887 – 1888 жылдары Петербор университетінде оқып жатқан қазақ жастары жетісулық Барлыбек Сырттанұлы, оралдық Бақытжан Қаратаев, қостанайлық Жансұлтан мен Жиһанша Сейдалиндер, қарқаралылық Жақып Ақбайұлы, ақмолалық Айдархан Тұрлыбайұлы, ташкенттік Серәлі Лапин сияқты қазақ жастары жиналып, «Жерлестер» ұйымын құрып, бір-біріне оқуда да, тұрмыста да қолдау көрсетіп, сүйеу болыпты. Жыл сайын қазақ даласының әр қиянынан оқуға келген бозөкпе студентке туған ағасындай бауырын ашып, мейірім танытып, құшақтарына қысыпты. Жер түбінде білім іздеп кездескен қазақ балалары осылай өнеге көрсетіп, Петерборға дәстүр қалдырыпты. Сол дәстүр желісі, ұрпақтар жалғастығы үзілмей әлі күнге дейін сақталғанына қайран қалып, таңданып едім. Тамсанып едім. Таңданғаным – менің ауылдас досым, сыныптас құрбы Жәлімбек Сая Берікқызы Қапал-Арасандағы орта мектепті бітіре сала, Барлыбек Сырттанұлы атасының жолымен сонау шалғайдағы Петерборға оқуға кетті. Алып шаһардағы Технология, бизнес және сервис университетіне оқуға түсіп, қазақтың қаракөз қызы сол қалаға тұрақтап қалды. Мен ары-бері ғылыми сапармен Петербор, Мәскеуге жиі-жиі қатынап тұрамын. Әрбір барған сапарымда сол Саяшым мені күтіп алып, Питерді аралатып, қыдыртумен болады. Бірде ол мені Мемлекеттік Думаның ғимараты болған Таврия сарайына кіргізіп, Әлихан Бөкейханның, Мұхамеджан Тынышбайұлының, Мұстафа Шоқай мен Шаймерден Қосшығұлдың, осы Бақтыкерей Құлманның ізі қалған қасиетті сарайды көрсетіп еді. Сонда Сая мені Қазақстанның түкпір-түкпірінен Ресейге келіп, түрлі оқу орнында оқып жүрген қазақ жастарымен, қатарластармен кездестіріп, әңгімелестірді. Сол баяғы «Жерлестер» ұйымы сақталыпты, тек аты «Бірлік» деп өзгергені болмаса, заты сол қалпында екен. Намысшыл жігіттер қыздарды қорғап, қарындастарындай аялап бақса, қыздар жігіттерге бауырларындай сүйіспеншілік танытады екен. «Жарайсыңдар, жарықтарым!» деп риза болып, сүйсініп едім. Алаштың жолымен жүрген, игі жақсылардың жолын ұстанып, еліне қызмет етемін деген сол жастардың алды қазір елге келіп, мемлекет ісіне араласып, қазаққа қызмет етуге кіріскен-ді.
Петербор архивінде гимназист Бақтыкерейдің аттестаты да сақталған-ды. Орынбор гимназиясын бітіргендігін дәлелдейтін құжатта: «Математика – 5, мұсылман діні – 5, логика – 5, латын тілі – 5, француз тілі – 5, жағырапия – 5, тарих – 5, орыс тілі мен әдебиеті – 5, физика – 5, математикалық жағырапия – 5» деп жазылған. Оқуға деген ынта-ықыласы, тәртібі, ғылымға деген сүйіспеншілігі зор болған.
Оқу бітіргеннен кейінгі тағдыры туралы аз-кем айтар болсақ, 1889 жылдан бастап Астрахан губернаторының қарамағындағы Қамыш-Самар ауданының әкімі қызметін бастаған. Әкім қызметіне кіріскенде ауылдардан мектеп ашып, бала оқыту ісін қолға алған. 1901 жылы, жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда, Бөкей Ордасы қазақтарының аттарынан Ресей патшасының қабылдауына барып, ІІ Николаймен кездескен. Қазақ депутациясы атынан сөз сөйлеп, патшаға қазақтардың жер үлесі, алым-салығы хақында батыл ойларын айтып, үкімет мүшелері көп қысым көрсетпесін деп талап қойған. 1903 – 1906 жылдары Бөкей Ордасының Уақытша кеңесін басқарған, кейіннен кеңесші қызметінде болғаны бар. 1906 жылы Үкіметтің шешімімен отставкаға шығарылған. Биліктен кетуінің басты себебі – саяси көзқарасының қайшылығы. Қызметтен кеткен соң, жаңа заман басындағы саяси қозғалыстар жолында табысқан Алаш ардақтыларымен, бір жылдары бірге оқыған студенттік ескі достарының толқуларына қосылған. І, ІІ Мемлекеттік Думаға сайланып, қатарынан екі рет депутат болған. Думада Мұсылмандар фракциясының мүшесі, құқықтық-саяси бюроның хатшысы қызметінде болған. Думада жүрген шағында Әлихан Бөкейхан, Шаймерден Қосшығұлұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Бақытжан Қаратаев, Алпысбай Қалменов, Ахмет Бірімжанұлы сынды қазақ серкелерімен пікірлесіп, мемлекеттік шовинизм, империялық саясат үстемдігіне қарсы батыл ойларын ортаға салып, талан-таражға түскен қазақтың жерлерін қорғау үшін депутаттық сауал жолдап, өзінің қайраткерлігімен көзге түскен азамат еді.
Бақтыкерей 1917 жылға дейін, яғни азаттық таңы атқан – Алаш заманына дейін Бөкей Ордасында тұрып, сол жердегі жергілікті халықтың тірлігін шешіп, «Қазақ», «Айқап», «Қазақстан», «Улфат», «Шора» басылымдарына мақала жазып, қазақтың әлеуметтік өміріне алаңдап отырған. 1917 жылдың 5 – 13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ сиезінде делегат ретінде арнайы шақырылып, Бөкей Ордасының игі жақсыларын бастап барған. Сол алқалы кеңесте Алаш Орда ұлттық-территориялық автономиялық мемлекетінің төрағасы үшін Әлихан Бөкейхан, Айдархан Тұрлыбайұлы сынды азаматтармен қатар сайлауға түсіп, бақ сынаған. Сайлау нәтижесінде халықтың сеніміне ие болып, Әлихан Бөкейхан төраға ретінде сайланады. Ал, 19 дауыс иеленген Бақтыкерей Құлман Алаш Орда үкіметінің Халық кеңесіне сайланып, министр қызметін атқарған. Екі жыл, бес айдай өмір сүрген ұлттық мемлекетіміздің іргесін қалаған қайраткер болатын.
Ғылымға ынтық, заң және құқық ілімдерін үш жыл оқыған, орыс, француз, татар, парсы, араб, осман тілдерін жетік меңгерген, шығыстану ғылымына ынтызар болған қайран ер «ерге – тұсау, зорға – бұғау» болған саяси қысымы мен тауқыметі мол заманда ілім жолына түсіп, қанатын кеңінен жая алмай қалды. Егер, ол ғылым қуып, жаңалық ашамын десе, шығыстану саласының ең танымал өкілі болар еді. Бірақ тіршілігі тауқыметті, орысқа құл болып, бодандық езгісінде жүрген еліне пана, қорған боламын деп ғылымнан бас тартып, саясат ісіне амалсыз келген...
Биыл, сол Алаш қайраткері, қазақ оқығаны Бақтыкерей сұлтанның туғанына 160 жыл, өмірден өткеніне 100 жыл болып отыр екен. Ол – Алаштың үміті сөніп, Ордасы ортасына түскенде, Семейден туған жеріне көшіпті. Еліне қайтарда Міржақып Дулатұлы мен Тұрағұл Абайұлы «Жан бауырым, есен бол!» деп қимай-қимай қоштасқан екен. Жүрегіне мұң артып, дертке шалдыққан Бақтыкерей 1919 жылдың қарашасында алпысқа қараған шағында, екі жастың біріне келмей дүниеден өтті де, кетті. Оның сүйегі Жаңақалаға жерленген дерек барын естіген едік. Бірақ нақты қай жерде екені беймәлім. Қайраткердің қабірін білмеген соң, оның рухына батиқа етіп, аруағы үшін бейітіне қойған гүлім осы болсын деп арнайы осы мақаланы жазып, тарихи құжатты жариялап отырмын.
Кейін, мүмкіндік болса, өзімнің жеке архивімдегі осы тұлғаға қатысты құжаттарды жүйелеп, жинақ қылып шығарармын. Бірақ оны қолдайтын, Бақтыкерейді аға деп ескерер қалталы азамат бар ма екен?! Бақтыкерейдей арыстың есімі де, өнегесі де атаусыз, елеусіз қалып барады...
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының
лауреаты