Әл-Фараби–1150: Елордадағы үлкен көшеге ғұламаның аты беріліп, еңселі ескерткіші орнатылады

Елордада Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын бастаудың ресми рәсімі 2020 жылдың қаңтарында өтетіндігін мәлімдеді. 

«Біз Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өту арқылы күллі түркі дүниесінің киелі мекені Ұлы далада, көне қазақ жерінде өркениеттің салтанат құрғанын әлемге тарататын боламыз, Тәуелсіз елімізді, халқымызды насихаттаймыз. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Әл-Фараби мерейтойын негізінен ғылыми, интеллектуалдық бағытта атап өтіп, жыл бойында халықаралық, республикалық және өңірлік ауқымда тақырыптық арнайы жобалар, ғылыми-ағартушылық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілуі тиіс. Олардың интеллектуалдық деңгейіне ерекше назар бөлінсін», – деді Мемлекеттік хатшы.

Оның айтуынша, мерейтойды атап өтудің республикалық жоспарының жобасы әзірленген. Онда республикалық және өңірлік деңгейде өтетін 50-ден астам іс-шара көзделген. Олардың қатарында халықтық барлық буынын қамтитын арнайы жобалар, ғылыми талдау, қоғамдық маңызды және мәдени-бұқаралық іс-шаралар бар.

«Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын бастаудың ресми рәсімін 2020 жылдың 10 қаңтарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Әл-Фараби» орталығының халықаралық тұсаукесерімен қоса өткізу ұсынылып отыр», – деді Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ, отырыс барысында елордадағы үлкен көшеге Әл-Фараби аты беріліп, зәулім ескерткіші орнатылатыны белгілі болды. Бұл туралы  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты.

«Қазір Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігімен жұмыс істеп жатырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша осы жақында, желтоқсан айында Нұр-Сұлтанда Әл-Фараби атындағы көше болады. Республикалық оқушылар сарайына Әл-Фарабидің аты беріледі. Оған қосымша демеушілерді тарту арқылы елорда Әл-Фарабиге ескерткіш орнатылады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Осы орайда Бердібек Сапарбаев еліміздің Сыртқы істер министрлігіне Дамаскідегі Әл-Фараби орталығын қайта қолға алуды өтінді.

«Жөндеу жұмыстары қажет болса соларды жүргізу қажет. Оның үстіне Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді сол жерде (Дамаскіде) Қазақстанның консулдығының ашылатындығын айтқан еді. Біздің өтінішіміз, сол консулдық негізінде бір үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізсек. Ол конференцияға көрші мемлекеттердің фарабитанушыларын шақырсақ. Сол арқылы Әл-Фарабиді тағы бір үлкен халықаралық дәрежеге көтерер едік», – деді ол.

 

Back to top button