260
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Төрткүл дүние бағалаған ел болдық
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Төрткүл дүние бағалаған ел болдық
Елорданың төріндегі «Астана Опера» театрында өткен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында азаттықтың 24 жылын қорытындылаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел жылнамасына алтын әріптермен жазылған айтулы күн – 1991 жылдың 16 желтоқсанын еске алды:
– Қымбатты қазақстандықтар, құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Баршаңызды «Ұлы дала» елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз бүгін азаттықтың екінші мүшеліне, 25 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыркешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арай таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде Қазақстан Республикасы атты мәңгілік жұлдыз жарқырап тұрды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлар бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанды нағыз ердің жасына жеткен азаматпен салыстырды: «Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу. Екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де қайталанбас қастерлі мезеттер. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің орамды айтып кеткен сөзі, өнегелі өсиеті. Биыл міне, осынау рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 24 жыл толды. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қиындығы мен қуанышы қатар жүрген 24 жылда дамудың даңғыл жолын қалыптастырған Қазақстан әлемді мойындатты. Кей мемлекеттер жүздеген жылын сарп ететін тарихи жолды небәрі ширек ғасырда артта қалдыруымыз еліміздегі бірлік пен берекенің жемісі екеніне шүбә жоқ. Мұны өз құттықтауында Елбасымыз да шегелеп берді: «Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығын баршаңыз білесіздер. Десе де, біз 50 емес небәрі 24 жылда қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал енді біреулер мүлдем мақұрым кететін тарихи жолды бар болғаны ширек ғасырға жетпей-ақ тәмамдадық. Ол да болса – кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған бүгінгі замандастарымыздың, сіздер мен біздердің еселі еңбектеріміздің арқасы. «Рухы бір – қандас, жүрегі бір – жандас» дейді дана халық», – деді Мемлекет басшысы.
Елдігі бекем, тұғыры биік жұрт болуымызға еңселі елордамыз – Астананың қосқан ерен үлесін айтпай кеткен әбестік болар еді. Сондықтан Елбасы астанамыздың айбынына ерек тоқталды: «Халқымызда «Жеңдес ағайын баспанасымен, дербес халық астанасымен мақтанады» деген сөз бар. Келген қонақ үйге кіріп, иесін сынаса, өзге жұрт ордасын көріп, елін таниды. Сол үшін де қай қазақтың жан жүрегім деп марқаятын да, өз сарайым деп айта алатын да дарабоз, ақордалы, биік Бәйтеректі, самалдай кең шатырлы Астанасы бар. Тәуелсіз Қазақстаны бар».
Талай күрделі кезеңдерді бастан өткерсе де, қос бүйірден қысқан түрлі кедергілермен бетпе-бет келсе де, еліміз әлеуметтік-экономикалық өсімін жоғалтқан жоқ. Бұл да Тәуелсіздіктің арқасы екенін Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді, бұл жолы да есімізге салуды ұмытқан жоқ. «Біз екінші жыл қатарынан кезекті жаһандық экономикалық дағдарыс толқындары жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Осы қиындықтарға қарамастан, Тәуелсіздіктің 24 жылы біздің жадымызда Қазақстан үшін айрықша маңыздылыққа ие толғандыратын көптеген оқиғаларды қалдырып отыр. Қандай қиындықтар болмасын, экономикамыздың оңтайлы өсімі қарқынын сақтадық», – деді Президент.
Осы орайда, Мемлекет басшысы индустриялық дамудың екінші бес жылдығы, «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығын да атап өтті: «2015 жылы 800 млрд. теңге сомада 120 жаңа кәсіпорын құрылып, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары жасақталды. Сонымен қатар мыңдаған пәтерлер пайдалануға беріліп, оларға жастар, аз қамтылған отбасылар, еліміздің азаматтары қоныстанды».
Төрт түлікті төрт қасиетіне балайтын қазаққа қой жылы ерекше табысты болғанын айта кеткен жөн. Елбасымыз салтанатты жиында Қазақстанның биыл ДСҰ-ға аяқ басқанын, ЕАЭО құрамындағы табысты қызметін бастағанын, сондай-ақ, әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 экспортшылардың тізіміне еніп, 43-ші орынға жайғасқанын мақтанышпен айтты. Мемлекетіміз МАГАТЭ-мен бірлесе Ядролық отынның халықаралық банкін құрып, ол біздің елде орналасқанын, мұнымен қоса, биыл еліміздің үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов ғарышқа сапарын сәтті жасағанын да еске салып өтті. Сондай-ақ, Президент қой жылының көпшілік естімеген тағы бір үлкен жетістігін жариялады: «Бүгін маған Қазақстан адамзаттық дамудың әлемдік рейтингінде 15 позицияға жоғары жылжығандығы туралы хабарлады. Бұл – біз үшін үлкен жеңіс!».
Десе де, жетістікті ғана жіпке тізіп, бүгінгі жеңісті місе тұтып отыра беруге болмайды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды “бұрын және қазіргіден де күрделі жол күтіп тұрғанын” ескертті. Елбасы айтқандай, тарих тек жеңіс хронологиясынан тұрмайтынын естен шығармауымыз керек. Президенттің әлемде бір миллиардтан астам адамның қақтығыс пен соғыс жүріп жатқан тұрақсыз аймақтарда өмір сүретінін, жүздеген миллион адамның баспанасы, ішерге асы жоғын қаперімізге салуы да тегін емес.
– Ғаламшардың бүгінгі шиеленістер, соғыс және тұрақсыздықтар жайлаған аймағында 1,2 миллиард адам тұрады. Күн сайын 42 мың адам қауіпсіздік жолына өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр, 33 мың адам Жер шарында жасалған 13 мыңнан астам террористік актілердің құрбаны болған, 100 миллионнан астам адамның баспанасы жоқ, 300 миллионнан астам адам – жұмыссыз, бір миллиардқа жуығы ашығуда, бұдан балалар да, үлкендер де қаза болуда. Мұндай мысалдарды көптеп келтіріп берер едім, – дей келе, Мемлекет басшысы қазақстандықтарды еліміздегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті бағалауға шақырды.
Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өткен күндердің есебі ғана емес, келер күннің бағдары болды десек, қателеспеспіз. Президенттің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына даярлық шараларын бастауға рұқсат беруі бұл жиынды бұрынғылардан өзгерек етті. «Мен биыл көктемде жариялаған Ұлт жоспарын орындауға кірістік. Оны еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асыруды бастау символдық мәнге ие. Менің ойымша, еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын алдағы жылы мерекелеуге даярлық шараларын баршамызға бастауға рұқсат беру дұрыс болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының құттықтауын залда отырып тыңдаған, теледидар алдында отырып көрген барша қазақстандық бұл мәлімдемені бас изеп қолдап, қол соғып қуаттады.