591
«Атилла мен Аэций»
«Атилла мен Аэций»
Күз – тың идеялар мен жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін мезгіл. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы да өзінің 94-ші маусымына үлкен дайындықпен келгенін айтады. Жыл сайын «Абай» спектаклімен шымылдығын түріп келген театр жаңа маусымашарды «Атилла мен Аэций» қойылымымен ашты.
94-ші маусымның ашылуы да ерекше болды. Театр залында бұған дейін еш жерде жарық көрмеген фото көрме ұйымдастырылса, әртістер әртүрлі образда көпшіліктің ортасынан табылды. Бүгінде жасы 80-ді алқымдаған Қалиғұмар Қабдешов 20 жылдық еңбек жолын осы ұжымда өткізген. Талай талантты актерлердің образы мен өсиетін жадында жаңғыртқан ақсақалдың жарық көрмей қалған 3 мыңға жуық фотосуреті театр архивінде сақталыпты. Театр ұжымы маусымашарға орай осы суреттерге жан бітіріп, халық алдына шығарғанына қуанышты.
Премьерадан бұрын өткен баспасөз мәслихатында театр директоры Сәбит Әбдіхалықов: «Театр ұжымы гастрольдік сапардан сәтті оралды. Талай қойылым жүлделі орыннан көрінді. Маусымашардың ерекшелігі сол, көрерменге деген құрметті көрсету. «Абай ауылы», «Шәмші ауылы», «Мұқағали ауылы» болып әртістер өнер көрсетуде» деді. Бұдан соң осы өнер ордасына еңбегі сіңген бір топ театр саңлақтары Әуезов ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Ал театрсүйер қауым тағатсыздана күткен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанованың аудармасындағы Г.Томскийдің «Атилла мен Аэций» қойылымы батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпалардың басын біріктіріп, үлкен қағанат құрған (б.з. 434-453 жж.), әлемдік тарихта ерекше орны бар тұлғаға арналған. Қоюшы-режиссері А. Кәкішева, қоюшы-суретшісі Қ.Халықов, композиторы А.Райымқұлова, биін қойған Ш.Сапарғалиқызы. Қойылымда Аттила империясының Орал таулары мен Каспий теңізінен бастап Дунайға дейін созылып жатқаны, жаңа заманғы Венгрия аймағы Аттила империясының бөлінбес бөлігі ретінде қарастырылғаны, алайда Румыния оның шектеріне енбегені көрініс табады. Мұның түп тамырында оның ата-баба өсиетіне адалдығы, өмірлік және билік қағидаларына беріктігі жатыр. Бүгінгі күнмен үндесетін, таңбалық мағыналары мол қойылымда Аттиланың сүйікті жары Кере-коға махаббаты, римдік атақты генерал Аэциймен достығы да көркем көрініс тапқан.