Сәдіқожа саздары Қарадала аспанында әуеледі

Сәдіқожа саздары Қарадала аспанында әуеледі

Сәдіқожа саздары Қарадала аспанында әуеледі
ашық дереккөзі
Қазақтың ән өнерінде өзіндік орны бар әнші, сазгер, ақын Сәдіқожа Мошанұлының 100 жылдық мерейтойы өзі дүниеге келген Қасиетті Қарадала топырағында аталып өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен тойға алыс-жақыннан өнер қайраткерлері, әнші, бишілер, ақын, жазушылар, облыс, аудан әкімдері мен ел ардақтылары жиналды. Салтанатты шара Кетпен ауылында Жетісу ән­ші­лік мектебінің көрнекті өкілі Сәдіқожа Мошанұлына арналған ескерт­кіштің ашылуымен басталды. Ақынның мүсінін туысы, белгілі суретші-мүсінші Бақтияр Қайранбаев жасаса, демеушілік еткен – кәсіпкер Едіге Қожахмет. Сән-салтанатымен өткен той­­да Алматы қаласының Ғ.Мү­­сірепов атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер теа­трының артистері дайындаған театрландырылған қойы­лым көрсетіліп, аудан, Нұр-Сұлтан, Алматыдан келген өнер майталмандары әннен шашу шашты. Концерттік бағдарлама барысында Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейіс, Тілеулес Құрманғалиев бастаған кіл мықты дәстүрлі әншілер Сәдіқожа әндерін нақышында орындап, Қарадала аспанында әуелетті. Сонымен қатар «Әуенін Аспантаудан әрі асырған...» атты ғылыми конференция ұйымдастырылып, Сәдіқожа атындағы жүлдеге бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті. Қарадаланы дү­­бірлеткен 6 шақырымдық тай, 25 шақырымдық ат жарысына арғысы Қырғызстаннан бастап, еліміздің Түркістан, Жамбыл, Жар­­кент, Ұзынағаш, Алматы об­­л­ыстарының атбегілері жүй­рік­терін қосып, өз бағын сынады. Түстен кейін өткен бәйгеде жеңім­паз атанғандар көлік мі­ніп, жүлдегерлер қаржылай сыйлықтардың иегері атанды. Той соңында Сәдіқожа әндері енген ән жинақ тарту етілді. Бүгінде Сәдіқожа Мошанұлының әндері ел аумағында ғана емес, қазақтар мекендеген алыс-жақын шетелдерге де кеңінен таралып кеткен. Оның: Біздің ауыл Кетпеннің  етегінде, Ерте шықсам ауылыңа жетемін бе? Сары бидай, Сағындым, қалқа, даусыңды-ай, – деп басталатын сырлы саздан өрілген, жан тебіренте шырқалатын әнін білмейтін жан кемде-кем шығар?! Қасиетті Қарадала топырағынан туған тарландардың, бірі де бірегейі болған Сәдіқожа Мошанұлы 1917 жылы Кетпен ауылында дүниеге келген. Аумалы-төкпелі қиын ашаршылық заманында елмен бірге туған жерін тастап, бас сауғалаған. Сол көшпен бірге кеткен Сәдіқожа Қытай елінде жүріп, талай қиыншылықты бастан өткерген. Көзі көрген жандардың айтуынша, ән өнеріне деген оның асқақ сезімі, жырға деген әуестігі, жастайынан қалыптасқан. Қысқа ғана ғұмырында сазгер (29 жасында бақилық болған) ақындар айтысында ғана емес, ән мен жыр додасында да жарқырап халықтың ыстық ықыласына бөленген. Жарты ғасырға жуық естілмеген Сәдіқожа әндері 1960 жылдары Қытайдағы ағайындардың алғашқы легі туған жерге орала бастаған кезде халқымен қайта қауышты. Оның кейбір шығармалары бұған дейін халық әні деп те орындалып жүрді.

Назира Жұмақұлова,

журналист