540
«Іскерлік журналистика» көмекші құралының тұсауы кесілді
«Іскерлік журналистика» көмекші құралының тұсауы кесілді
Алматыда «Іскерлік журналистика» кітабының таныстырылымы өтті. «Іскерлік журналистика» көмекші құралы қазақ тілінде тұңғыш рет құрастырылып, жарық көрді. Идея және жоба авторы Ербол Азанбек. Кітапты жазуға Шолпан Айтенова, Асия Акишева, Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай, Алибек Аллияров, Дінмұхамед Зиядин сынды белгілі медиа мамандары қатысқан. Мира Халина, Олег Хе, Айнура Каргалинова, Гүлзат Нұрмолдақызы сынды белгілі журналистер тәжірибесімен бөліскен.
1000 данамен жарық көрген кітап «Экономика, қаржы, бизнес тақырыптарында қалай жазуға болады?» деген сұраққа жауап және медиа өкілдері үшін нақты кеңестер береді. «Экономика, қаржы, бизнес тақырыбында қазақ тілді БАҚ жиі жаза бермейді. Бірақ оқырманның сұранысы орасан. Осы пробелдің орнын толтыру мақсатымен соңғы 4 жылда «Іскерлік журналистика мектебі» курсы, 7kun.kz іскер жаңалықтар сайтын аштық. Курста жас журналистерді дайындап, 7kun.kz іскер жаңалықтар сайтында алғашқы жұмыс орнын ұсынып, тәжірибе жинатып, ары қарай үлкен БАҚ-на жіберіп отыру мақсатымыз. Бұл арқылы қазақ тілінде іскерлік тақырыпта жазатын журналистер тобын қалыптастыру басты мақсатымыз. Алайда түбегейлі өзгеріс үшін бұл да аз. Сондықтан журналистерге нұсқаулық түрінде «Іскерлік журналистика» кітабын құрастыруды шештік. Оны жазу барысында Орал, Шымкент қалаларындағы журналистермен кездестік, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің пікір, ұсыныстарын жинадық.
Соның негізінде кітап жазылды. Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен жарық көргендіктен кітапты Қазақстандағы медиа ұйымдарға, журналистика факультеттеріне тегін таратамыз және қалаған адам электронды нұсқасын 7kun.kz сайтынан жүктеп алуға болады. Бұл жобаны қолдап, айналамызды өзгертуге мүмкіндік берген адамдарға алғысым шексіз», – дейді идея авторы, жоба жетекшісі Ербол Азанбек. Айта кетейік, көмекші құрал Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен жарық көрген.