Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

"Ғаламшарға құрметпен": Жас табиғат қорғаушылары бас қосты

ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың қарыштап дамыған ғасыры. Ертеректе «Елу жылда ел жаңа» десек, қазір бес жыл сайын жаңалықтар еніп, үлкен өзгерістер орын алуда. Осындай өзгеріс неғұрлым тез болған сайын, қоршаған ортамызға соғұрлым зиян келтіріп жүргенімізді өзіміз байқамай жүрміз. Бұл мәселелердің шешімін дамыған елдер қолданып, іске асыруда. Мысалы, Жапонияда қоқыс сұрыптап, одан өнім шығаратын зауыт бар екен. Біздің елімізге бұл жүйе ақырындап келе жатқанымен, табиғатты ластайтын басты фактор – адам сияқты. Біз тек сенбі күндері басшылық нұсқауымен сенбіліктерге шығып қоймай, сол тазалықты өзімізден бастасақ. Өзіміз тым болмаса айналаны ластамай жүрсек, нұр үстіне нұр болар еді.  Барлығы да өз қолымызда.

Табиғат анаға кішкене жылылық танытып, ыстық махаббатты аямау әрбір перзенттің парызы. Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсемдік әлемі, баға жетпес байлығы. Табиғатты қорғау – табиғатты аялау әр адамның міндеті. Үлкен-кіші әрдайым оны таза ұстап, құрмет тұту қажет. Оның бізге қаншалықты қажет екені баршамызға мәлім.

Табиғатта баланың рөлі өте кішкентай.  «Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», – дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңі – білімді, тәрбиелі, еңбекқор жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар. Үлкен табиғатта, бүлдіршін балаларымыз теңізге тамған тамшыдай үлес қосамыз деп, қыркүйектің он сегізінен бастап, «Балдәурен Балқаш» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Ғаламшарға құрметпен» жас табиғат қорғаушыларының кездесуі басталған болатын. «Балдәурен» деп аты айтып тұрғандай, бұл жерде 10-15 жас аралығындағы балалар демалады. Дәл осы кезеңде ғалымдар ең қызықты сәттері есте көп қалады деседі. Ең алғашқы болып, «Балдәурен Бурабай» Республикалық оқу-сауықтыру орталығы ашылған болатын. Өзінің жоғарғы сапалы жұмысын көрсете отырып, біршама жылдан кейін, Алматы қаласында «Балдәурен Қапшағай», Таусамалының баурайында «Балдәурен Шымкент», міне, биыл осы жылдан бастап «Балдәурен Балқаш» Республикалық оқу-сауықтыру орталығы өз жұмысын бастаған болатын.  Мұнда балалар тек демалып қана қоймай, табиғатты құрметтеуге деген жігерін арттырады. Орталығымзға шығармашылық конкурстардың, олимпиадалардың, экология бойынша байқаулардың қатысушылары келген болатын. Сонымен қоса, бұл жерде, инклюзивті бағыттағы балалар да демалатын болады. Ойын-сауық бағдарламаларынан бөлек, «Биосфера» топ визиткасын қорғау кеші, «Жер-Ана» агид-бригадасы, «Табиғатты аялайық» квест-ойыны, «Аяласаң, табиғатты аяла» әдеби-сазды кеш, өлкетанымдық саяхат, «Алтын күз» шығармашылық сайыстары өтеді. Спорттық-сауықтыру маршрутында, балалар «экомарафонға» қатысып табиғатқа байланысты түрлі тапсырмалар орындайтын болады. Ауысым соңында ең көп тапсырма орындаған топ жеңіске жетеді. Айта берсең таусылмайтын түрлі бақытты сәттерді сыйлайтын Балдәуренде өткен әрбір күн, қызықты естеліктерге толы. Солай да болу заңдылық сияқты. Өйткені, әрбір бала бақытты балалық шаққа лайықты!

   Д. Рустемов, ҒӘБ әдіскері 

                                                                     

Байқау айқын
Байқау айқын
Back to top button