544
Қазақстан 2 млн тонна көмір экспорттайды
Қазақстан 2 млн тонна көмір экспорттайды
Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру мақсатында қабылданған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалаларын заманауи инфрақұрылымы бар ұлттық және халықаралық деңгейдегі хаб-қалалар ретінде белгілеумен, елдің макроаймақтарын қалыптастыру арқылы Қазақстанның бірыңғай экономикалық нарығын құру және елдік көлік инфрақұрылымын халықаралық көлік жүйесіне біріктіруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Яғни, мемлекеттік бағдарлама азаматтар үшін тұрғын үй қолжетімділігін жоғарылату, кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілетін арттыру, отандық машина құрастыруды қолдау, экспортты қолдау тәрізді бағыттарын іске асыруға жауап береді.
Экономиканың жекелеген секторларын, өңдеу өнеркәсібінің отандық экспортқа шығарушыларды қолдау жөніндегі шараларды іске асыру және басқа іс-шаралар өндірістің ағымдағы көлемін, қазіргі жұмыс орындарын сақтауды, сондай-ақ, сыртқы нарықта конъюктураның нашарлауы жағдайында жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді.
Тұтас алғанда, инфрақұрылымды дамыту арқылы мемлекеттік инвестицияларды ұлғайту және кәсіпкерлікті қолдау арқылы қысқа мерзімде экономикалық өсімге ықпал етіп қана қоймай, болашақта тұрақты өрлеуге алғышарт болады деуге негіз бар.
Экспорт демекші, биыл Қазақстан Қытай арқылы жылына 2 млн тонна көмір экспортқа шығарады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр: «Бүгінде бұл бағыттағы тиімді жұмысты байқап отырмыз. Мұндай тәжірибені жалғастыру Жаңа Жібек жолын нығайтып, дамыта түсуге қызмет ететін болады. Біз көлік-логистикалық қуатты одан ары дамытуға, көліктік әлеуетті толыққанды пайдалануға ниеттіміз. Бұл өзара тиімді тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, Мемлекет басшысының сапары аясында жылына 2 млн тоннаға жуық Қазақстан көмірін Қытайдың Ляньюнгань порты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне тасымалдау туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар Президенттің сапары аясында авиациялық іздеу және азаматтық кемелерді құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы өте маңызды үкіметаралық келісімге қол қойылды», – деді. Сонымен қатар, министр Қазақстан мен Қытайдың терминалдарды және көліктік инфрақұрылымдарды бірлесіп пайдаланудың әлеуеті зор екендігін баса айтты. Бұл бағыттағы екі елдің ынтымақтастығы контейнерлік тасымалдың арта түсуіне септігін тигізеді. «Нұрлы жол» бағдарламасын «Бір жол – бір белдеу» бастамасымен түйіндестіру жоспарын жүзеге асыру аясында 4 жылдың ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағдарындағы контейнерлік тасымал көлемі 15 есе өсті. Бұл бағытта 2014 жылы контейнерлік жүк тасымалының көлемі 21 мың болса, өткен жылдың қорытындысында 310 мың контейнерге жетті. Жыл сайынғы өсім 50 пайыздан асып түседі», – деді Р.Скляр.