1312
Бюджет бөлінісі: Қай салаға қанша қаржы?
Бюджет бөлінісі: Қай салаға қанша қаржы?
Мәжілісте алдағы үш жылға арналған бюджет жобасы қаралды. Жиынға қатысушылардың сынына ұшырағаны – қазына қаржысының квазимемлекеттік сектор мен күштік құрылымдарға еселеп бөлінуі. Қай салаға қанша қаржы бөлінді? Бюджеттегі миллиардтардың есеп-қисабы қандай?
Мәжіліс екі министрліктің баяндамасын тыңдады. Олар залдағыларды алдағы үш жыл ішінде қай салаға қанша ақша жұмсалайын деп отырғанынан хабардар етті. Миллиард, триллиондарды тізбектеген Қаржы вице-министрінің айтуынша, ірі холдингтерге алдағы жылдары тағы біраз ақша қарастырылған.
Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов: «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингіне жеңілдікті қаржыландыруға жалпы сомасы – 194,8 млрд теңге, оның ішінде 2020 жылы – 134,8 млрд теңге шығыстар көзделген. Ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына келер жылға 146 млрд теңге бөлінеді», – деді.
Ал экономика маманы әрі Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан бұл трансферттермен келіспейді. Оның айтуынша, квазимемлекеттік компанияларды жаппай қысқарту керек. Осы сектордағы 500-дей компания «түк бітіріп отырған жоқ» дейді ол.
Сондай-ақ, М.Тайжан: «КазАгро, Бәйтерек, Самұрық, Даму, тағы қандай, аграрлынесиелік корпорация деген бар. Ең үлкен холдингтер ғана. Әр холдингтің ішінде жүздеген шағын-шағын компаниялар бар. Олардың 90 пайызы – банкрот. Олар тек мемлекеттің ақшасын жеп жатыр», – дейді.
Қаржы министрлігі ұсынған мына деректе 2020 жылы Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігінен 60 миллиардтай артық алады. Ол үш жыл қатарынан ұлғайып отырады. Оның қасында арнайы жасақ түрлеріне қаражат жеке бөлінеді. Логикаға салсақ, керісінше, Қорғаныс министрлігі бәрінен көп алуы керек еді дейді мамандар. Бюджет бөлінісінің осы бір тұсы да отырысқа қатысушылардың сынына ұшырады. Дегенмен Есеп комитетінің бұған жауабы бар. Күштік құрылымдар немесе әскери салада ұзақ мерзімді келісім-шарттар көп болады. «Қаражаттың құбылмалылығы содан», - дейді. Ал квазимемлекеттік секторға қатысты қазір түбегейлі тексеруге кіріскен. Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова: «Президент Жолдауында Есеп комитетіне Үкіметпен бірге квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиімділігіне сараптама жүргізу жөнінде тапсырма берді. Бізде үш ай уақыт бар. Үкіметпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жылдың соңына қарай есепқисабын шығарамыз деп отырмыз» деді.
Алдағы үш жылда бюджеттің 5 триллионға жуық теңгесін осы квазимемлекеттік сектор жұтайын деп отыр.