Оразкүл Асанғазықызы: Мемлекеттік тіл үшін  тарихи кезең келді

Оразкүл Асанғазықызы: Мемлекеттік тіл үшін  тарихи кезең келді

Оразкүл Асанғазықызы: Мемлекеттік тіл үшін  тарихи кезең келді
ашық дереккөзі
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есеп­тей­мін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бә­ріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деді. Шын мәнінде дәл осы тарихи кезең келіп жетті. Өйткені, біз осыдан 30 жыл бұрын кеңес үкіметі тұсында алғашқы заңды қабылдасақ, тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» заңды қолданысқа енгіздік. Шыны керек сол кезеңде жетіспей тұрған тұсы демо­гра­фия­лық жағдай еді. Қазақтардың пайыз саны аз болды. Қазір құдайға шүкір дей­міз. Әуелі Алла, екінші Елбасының «қа­зақ­пен қазақ қазақша сөйлесін» деген са­рабдал саясаты, үшіншіден алтын құр­сақты аналардың арқасында Қазақ­стан­дағы қазақ­тың үлес салмағы бүгінде 75 пайызға жетті. 10 пайызын құрайтын түр­кітектес халықтар мемлекеттік тілді толық біледі. 2009 жылғы халық сана­ғын­да славянтектес халықтардың 1 млн 350 мыңы «мен мемлекеттік тіліміз қазақ тілін білемін» деп айтқан еді. Яғни қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне ай­на­луына толық мүмкіншілігі бар. Енді оны жүзеге асырудың төте жолы қандай? Тіл туралы заң өзі 27-ақ баптан тұра­ды, осы баптар іс жүзінде орындала бер­мейді.  Мысалы, қаржы саласы мемле­кет­тік тілде жүргізілсін делінген. Ал енді сол қаржы са­ла­сында іс-қағаз құжаттарының қазақша нұсқасы бар. Бұл тек аталған са­лаға тән мәселе емес. Медицинада да сол. Адам ағзасына қатысты атаулардың қа­зақ­шасы бола тұра, орысша айтып, дайын бланклерді де сол тілде жазып қояды. Неге қазақ­ша­ла­масқа. Сот жүргізу ісінде де жағдай мәз емес. Өткен жылы Ақмола об­лысында біраз жайт­пен та­ныстым. Сотқа түсетін арыз-шағымның 1-2 пайызы ғана қазақ тілінде келеді. Ішкі істер басқармасы, кеден комитеті, әкім­ші­лік болсын сотқа істі тек қана орыс тілінде жөнелтіп отыр. Сосын «Тіл тура­лы» заңның 19, 21-баптары жарнамаға ар­налған. Қазір дүңгіршектер мен жар­нама орындарындағы жазбаларға қарасаң көз сүрінеді. Толған қате. Бұл жөнінде про­куратура мен тіл басқар­ма­сының өкілдеріне арнайы тексеріс жүргізуге рұқсат беріп, жарнамаларды ретке келтіріп алған жөн. Ешқандай қиындықсыз орындалатын көп бап мән бермегендіктен, сұрал­ма­ған­дықтан, орталық атқарушы билік өкілдері немқұрайлы қарағандықтан заң заң жү­зінде орындалмай отыр. Тіл туралы заң қабыл­дан­ғалы бері заңды орындамағаны үшін ең болмағанда әкімшілік жауапқа тартылған бірде-бір мемлекеттік қызмет­кер жоқ. Пре­зи­дент жолдауда тіл мәсе­лесін көтере оты­рып, кезек күт­тір­мейтін осын­дай олқы­лық­тарды түзеуге бірінші кіріседі деп ойлай­мын.