369
Қырғыз-тәжік шекарасында жанжал болды
Қырғыз-тәжік шекарасында жанжал болды
Қырғызстанның Баткен облысындағы қырғыз-тәжік шекарасы аумағында жанжал болды деп хабарлайды Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметіне сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Шекара қызметінің дерегінше, 31 тамыз күні болған оқиғаға мемлекеттік шекара маңындағы аумаққа тәжік тарабының асфальт төсеуі себеп болған.
"Шекарашылар жұмысты тоқтатуды сұрады, бірақ көршілер бұл ескертуді елемей жұмыстарын жалғастыра берді. Бұдан соң шекарашылар ескерту ретінде ауаға оқ атты. Оларды (шекарашыларды - ред.) таспен атқылауға тырысты, оқиғаға Қырғызстан тұрғындары араласты" делінген шекара қызметі таратқан хабарламада.
Бұл оқиғадан кейін шекарашылар, милиция және жергілікті атқару орган өкілдері кездесіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жолға асфальт төсеу жұмыстары қырғыз жағымен келісілмегендіктен тоқтаған.
Шекара қызметінің бағалауынша, қазіргі кезде жағдай тұрақты. Тәжікстан тарабы әзірге оқиғаға байланысты түсініктеме берген жоқ.
Баткен облысының Тәжікстанмен шекаралас аумағында 24 тамызда жанжал болып, екі Қырғызстан азаматы зардап шеккен. Ол кезде де жанжалға құрылыс жұмыстарының жүргізілуі себеп болды деп хабарланды.