Жапон өнерпазы қазақ күйлерін насихаттап жүр
Жапон өнерпазы қазақ күйлерін насихаттап жүр
Бүгінде қазақтың халық әндері мен күйлері жапондар арасында кең танымалдыққа ие. Бұл домбыра, қылқобыз және сыбызғының құлағындай ойнайтын Такахаши Наоки есімді жапон өнерпазының арқасы, деп хабарлайды "24.kz". Халқымыздың әндері мен күйлерін қазақтың өзінен кем орындамайтын Такахаши Наоки – Фукуи префектурасының тұрғыны. Ағылшын тілінен сабақ береді. Алайда жас маманның бар ынта-ықыласы тілден гөрі музыкаға көбірек ауған сияқты. Қазақтың әндері мен күйлерін өз елінде насихаттауға жапон жігіті айрықша ден қойған. "Қазақстан - өте көркем, таңғажайып ел. Мен онда жиі бара алмасам да, сол жақта үйренген сүйікті ісімді өмір бойы жалғастыратын боламын", – дейді домбырашы Такахаши Наоки. Такахашидің қазақ әуендеріне деген сүйіспеншілігі 13 жыл бұрын күтпеген жерден оянған. Кездейсоқ қолына түскен дисктен домбыраның үнін естіген ол мұның нендей аспап екенін білуге құмартады. Көп ұзамай ынтызар болған домбырасы қолына түседі. Сол сәттен бастап өнерлі жігіт күй тартуды өздігінен үйрене бастаған. Киелі аспаптың құдіреті кейін оны Қазақстанға да жетелеп алып келді. Білікті ұстаздармен танысып, өзі өнерпаздармен араласқаннан кейін, Такахаши "қазақтың мәдениетіне тіптен құмарттым", - дейді. Оның таңдаған жары да қазақ қызы. "Күйеуім екеуіміз дуэт құрдық, отбасылық және музыкалық дуэт. Жапондықтар қазақ әндері мен мәдениетіне қатты қызығады, ал халық әндерін тыңдағанда тіптен қуанады. Содан кейін олар Қазақстан туралы білгілері кеп, оның қай жерде, халқы қандай екенін сұрай бастайды. Біз бәрін айтып беруге тырысамыз", – дейді Такахаши Наокидің жұбайы Инара Серікбаева. Қазақтың өнерін жатжұрттықтар арасында дәріптеп жүрген жұпқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.