Мыңбай Рәш. Асатаяқ ұстаған абыз сынды

Мыңбай Рәш. Асатаяқ ұстаған абыз сынды

Мыңбай Рәш. Асатаяқ ұстаған абыз сынды
ашық дереккөзі
308

Асқар Тоқпанов ағаны аңсау

...Соғыстан соңғы алғашқы жыл болатын. Әкені майданға аттандырып, шешеден алты жасында айырылған «сабазың» едім. Жетімдіктің күйін кештім. Аяулы ағайындардың аялы алақанын да көрдім, балалар үйінің қара бидайының да, талқан көжесінің де дәмін татып, ілдәлап қатарға қосылдым. Ағайын-туғандар ақылдасып, шілдеде мені Алматыға аттандырды. Кешікпей қабылдау емтиханы өтіп, бізді жатақханаға жатқызды. Жеңісбек пен Баламер үшеумізге кішкентай бөлме тиді. Дән ризамыз. Карточкамен 400 грамнан сықсаң суы шығатын қара нан, мақта майын алып тұрамыз. Алда-жалда елден сүрленген ет, сары май келе қалса үнемдеп, талшық етеміз. ... Бізге дәріс беретін мүйізі қарағайдай профессорлар соңы доцент Төлеу Ордабаев іспетті болып жалғасып кете береді. Бір күні Мұхтар Әуезовтің Абай хақындағы дәрісі тәмамдалып, қоңырау шылдырымен коридорға жүгіріп шыққанымыз сол еді. – Жігіттер, қазіргі сабақты Асқар Тоқмағамбетов өткізеді, – деп Айқын Нұрқатов қаттырақ дауыстап қалды. Гүл жарған қауашаққа қаптаған арадай құжынап қарай қалған едік. «Выразительное чтение» деген жазуларға көзіміз түсті. – Выразительное!.. – Яғни, мәнерлеп оқу! – деді Баламер күлімсіреп. Сөйткенше болған жоқ, қоңырау қайта соғылып, аудиториямызға тоғытыла кірдік. Толық, орта бойлы, қою да толқынды қара шашы бар, қаршыға тұмсық, көзі мірдің оғындай өңменіңнен өтетін өткір, жасы отыздан асқан кісі кіріп келді. Жым-жырт болғанша бізге оқтала қарап сәл тұрып қалды. Үн-түнсіз тұр. Өзгелер тынышталса да оңайлықпен сабыр сабасына түсе қоймайтын, тізгіні бостау Әбіл Барманашев деген досымыз бар еді. Сол қасында отырған Мәдина қызға қараңқырап күбірін қоймай отырса керек. Соған отты көзін оқтап, жаңа оқытушы: – Не деген сабырсыз жассыз, кәне, қыбыр-сыбырыңды доғар! – деп кесіп айтты.  Анау жым болды. – Данышпан Абай: «Айтушыдан тыңдаушың күшті болсын» демеп пе еді? Естеріңде болсын, мен дәріс бергенде құлаққа ұрған танадай отыратын боласыздар. Солай! Оның жүзінен сәл кейігендік нышаны байқалды. Оқытушы сәл үнсіздіктен кейін түйілген қабағын жазыңқырап, сөзін жалғастырып кетті. – Алдымен танысып алайық. Менің атым – Асқар, әкемнің аты – Тоқпан! Әлгінде біреулер дәлізді басына көтеріп: «Ойбай, бізге Асқар Тоқмағамбетов сабақ береді екен!» деп даурыққанын құлағым шалып қалды. Жоқ! Мен Тоқмағамбетов емеспін, Тоқ-па-нов-пын! Тоқ-па-нов! Ол сырдың Асқары, мен қырдың Асқарымын. Ол – ақын Асқар, мен – режиссер Асқармын. Шатастырмауларыңды өтінемін, қазақ «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дейді ғой, солай болып жүрмесін. «Басқа пәле – тілден» деп те айтады. Әй, данышпан халқым, қазағым-ай, сенен шежіре, сенен сөз, сенен мақал, сенен мәтел артылған ба? Асқар ұстаз өзін таныстырған соң, біздің әрқайсымызбен жеке-жеке орнымыздан тұрғызып, танысып шықты. Тізімдегі «Шәмшиябану Имантаева» деген жазуға шұқшия қарап: – Сен осы Қаныш Имантаевичтің туысы емеспісің? – деп таңырқай сұрады. Қарлығаштың қанатындай қасы қиылған, ақша өңді, әдемі келген Шәмшиябану орнынан тұрып: – Иә, ағай, мен – Қаныштың туған қызымын, – деді. – Отыра ғой, айналайын! Бәсе, түр-келбетің Қаныш Имантайұлына ұқсас екен, бақытты бол! ... Енді Асекең Қаныш ағай хақында әңгіме шерте жөнелді. – Соғыс жүріп жатқан жылдары Луначарский атындағы мемлекеттік театр институтын тәмамдауға таяп қалған кезім. Мәскеуге Кеңестер Одағы үлкен ғылым ордасының Алматыдағы филиалын басқарған әйгілі академик, қазақтың маңдайына біткен біртума ұлы Қаныш Имантайұлы келгенін естіп, сәлемдесе барған едім. Мені кейбіреулерше танау шүйірмей шын ықыласымен қабылдады. Мән-жайымды сұрап білген соң: – Өте жақсы болған екен! Біз таяу мерзімде өзіміздің ұлттық академия ордасын ашуды жоспарлап отырмыз. Өнер адамдары ауадай қажет, оның ішінде, режиссер мамандығы құс сүтіндей қат. Аман-есен оқуыңды аяқтаған соң Алматыға келіп, академия жанынан ашылған өнер секторында қызмет атқаратын боласың, жарай ма? – деп жанымды жадыратып жіберді. Қоштасарда: «Студентке артық болмас, керегіңе жарат, ең бастысы қарыныңды ашырма», – деп қолыма бірнеше жүз сом ақша ұстатты. – Қаныш аға, мұныңыз... – деп қызарақтап, ыңғайсыздана беріп едім... – Уақасы жоқ, бәріміз де шәкірт болғанбыз, – деп қолымды қысып, шығарып салды. ... Қаныш ағаның айтқанын жерге тастамай мен соғыс аяқталғаннан кейін Алматыға келіп, өз мамандығым бойынша режиссерлік, ұстаздық қызметімді жалғастыра жүріп, академик Ахмет Жұбанов басқаратын өнертану секторында Ерзаковичпен бірге қызмет атқардым. Кейін республикамыздың Ғылым ордасы өз алдына шаңырақ көтеріп, оның тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болғанын өздерің жақсы білесіздер... Міне, біздің Қаныш ағамыз қандай, қалқаларым! Ғажап!.. Әдетте, ұлы да данышпан адамдар Қаныш аға іспетті бетегеден биік, жусаннан аласа болып келеді. Олардың гениальный қасиеттері жылтыраған сыртында емес (басын сұқ саусағымен нұқып), мына – кәллесінде,– деді. Асекең әңгімесін әрі қарай жалғастыра берді. Ол Қаныш ағаның домбыраны шебер тартатынын, Ахмет Жұбановтың өнер ғылымының докторы атағын алған дастарқан тойында Күләш, Шара, Жамал Омаровамен бірге дөңгелене билеп кеткенін, соңынан домбырасын шертіп-шертіп жіберіп «Бүркітбай» әнін шырқағанын тіл майын тамыза айтты. Оның тамаша баритон дауысына тәнті болған Ахмет Қуанұлы: – Қанеке, егер сіз музыкаға кеткен болсаңыз Мәскеудегі үлкен театрда Борис Годунов боп ойнар едіңіз, – деп әзілдегені есімде. Жұрт жапа-тармағай қол соғып, тәнті болды да қалды. Манадан әнді ұйып тыңдап, үнсіз отырған Мұхтар Әуезовтің де бүйірі қызып кеткендей еді. – Бәлі, біздің президентіміз Ахмет айтқандай шынында да опера әншісі болуға да лайық екен, – деп қалды. – Иә, кешіріңдер, бірді айтып, бірге кете беретін бір әдетім бар, бірақ, «отступление» деген әдіс болады. Сонымен... келесі Дербісәлін, Сахариев, Нұрқатов, Байділдаев... – деп тізім атаулыны тәмамдады: – Байшалов қайсысың? – деп бізге бажырая қарады. – Менмін, – деп шұбар өңді, арықша ашаң жүзді, ұзын бойлы Қожагелді Байшалов орнынан тұрды. – Сен Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңін айта аласың ба? – Айтқанда қандай! – деп Қожагелді әлгі өлеңді асығып-аптығып, қас қаққанша айтты да шықты. Асқар қабағын түйіп, қатты да қалды. Сәл үнсіздіктен соң: – Бұл не, өлеңді осылай оқи ма, кәне, дұрыстап қайта оқышы!.. – Тағы да тақылдатып жылдам қайыра салды. – Пәлі, сені біреу қуып келе ме? Дәртесі салбырап, бос қалған арбаны дөң басынан салдырата айдағандай бірдеме... Жоқ, олай болмайды... Міне, мектепте «бестік» баға алған көп оқушы жай жаттағанға мәз. Ал өлеңнің мән-мағынасына қарамайды. Бар сорлылық осында жатыр. Бәсе, мен білетін тәп-тәуір ақындар өз өлеңдерін қағазға қарап, не ежіктеп, өз жазғанын өзі танымай, не салдыр-гүлдір асығыс, аптыға оқып бей-берекет етеді. Көрерменге жетпейді. Тыңдаушы риза болмайды. Ақындардан көңілі қалатыны да содан. Бір мезетте кезек маған тиді: Әсемпаз болма әр неге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге Кетігін тап та, бар, қалан!.. Әр сөзді нақышына келтіре, асықпай мәнерлеп оқыдым. «Ұстазыма ұнамай қалдым ба?» деген оймен қарай қалған едім. Жоқ, Асқар ағам күлімсірей, рахаттана тыңдап тұр екен. – Міне, өлеңді осылай оқу қажет! – деді ол. Сөйтті де: – Қарақ, сен тағы басқа қандай ақындардың өлеңін білесің? – деп сұрады. – Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қызын», «Нар тәуекелін», «Советтік менің өз елімін», – дей беріп едім... – Жарайды, жарайды, кәне, «Нар тәуекелін» оқып көрші... Әй, Барманашев, жыбырламай отыр, – деп көзін шақшитып еді, анау құлаққа ұрған танадай жым болды. Мен тақта алдында «смирно» тұрмын. – Тым қақаймай, қаққан қазыққа ұқсамай қолыңды жай ғана, әдеттегідей бос ұста, еркін тұрып оқы, – деп ескертті ұстаз. – Е, міне, осылай тұр. Көрерменге тура қара, жан-жағыңа жалтақтама, жау қуып келе жатқан жоқ сені, – деді тағы да. ...Нар Тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға. Қайрат шіркін алып шықса қиын ба, Бұл сапарда сүрініп те қалармын, Сонда, достым, мені айыпқа бұйырма! Жығылсам да жүгірумен өтемін, Аяңшылдың ақылын мен не етемін? Жығылармын, алқынармын, шаршармын, Барар жерге бұрынырақ жетемін!.. Манағы өлең оқығандай әр сөзді нақышына келтіріп, шегелегендей мәнерлі оқып шықтым. – Браво! Браво! – деп Асқар ағам қолымды қысты. ...Сол кезден бастап неге екені белгісіз, Асқар аға мені көрген жерде: «Иә, «Нартәуекел», қалың қалай?» дейтінді әдетке айналдырып алды. Асқар Тоқпанұлымен бірге Мәскеудің үлкен театры, өзіміздің опера және балет, драма, жастар театрларының саңлақтары сырын шертіп, аудиториямызға көшіп келгендей әсерде болдық. Әйгілі актерлер өмірімен етене танысып, стипендиядан ақша үнемдеп, театрлардан қалмай, өнер қайраткерлері хақындағы кітаптарды сатып алып оқитын болдық. Мені Асқар аға шәкірті ретінде ерекше жақсы көретін, тіпті бастапқы кезде «ақындық ешқайда барсаң қашпайды, актерлікке барсаң қайтеді, көмектесейін», деп те кеңес берді. Бірақ мен оған келіспедім. Асқар ағаның мүшелтойларында талай рет құттықтау өлеңдерімді оқығаным есімде. Әр адамның өмірден өтуі маңдайына жазылған дегенге сенетінім хақ. «Өзекті жанға – бір өлім» екенін білсек те қашан, қай күні, қай сағат, қай минутта екенін болжай алмай үміт тізгініне жармасумен күн кешетін пендеміз ғой. Асқар аға 80 жасқа бір ғана жылы, тіпті санаулы айлары қалғанда дүние салғаны өкінішті болған еді. – Асқар қатты науқас, – дегенді Жаңыл жеңгеден естіп, аурухананың терапия бөліміндегі 9-шы палатының есігін ашып, кіріп келген едім. Жеке бөлмеде жатыр екен. Анадағыдай емес, арықтап кетіпті. Мені таныды ғой деймін. – Бермен кел! – дегендей емеурін танытып, жанарымен орындық нұсқағандай болды. Оңаша орындыққа жайғасып, қолын ұстап едім, мұздай екен. Бір кезде жер мен аспан арасына әрең сыйып жүретін қайратты ағамыз қажып, қартаңдыққа бой алдырғандай. Ерні кеберсіген. – Сен маған Ғафудың телефонын тауып бер, – деді ол. Себебі Ғафу Қайырбеков осыдан бірер күн бұрын дүние салған еді. Соны естіген болу керек. – Жарайды, бірақ телефоны жадымда жоқ еді, үйге барып телефон соғармын. – Нар-тәу-е-екелім, мен саған табан астында деп тұрғаным жоқ... – Дауысы қырылдай естіледі. Түкірігін жұта алмай жатыр. Аяп кеттім. – Қайран ағам-ай, қайраттаныңыз! – деп ем. – Қай-да-ғы қай-ра-а-т, Алла та-ғала алайын... д-деп жатыр ғой, – деді. – Әт-тең, сек-сенімнің сеңгірін көр-е алар емес-пін. Жарты сағаттай жанында отырдым. Әлден соң медбике келіп: – Ауруды шаршатпаңыз, ұзақ отырып қалдыңыз, – деп ескертті. – Жарайды, жарайды, кешіріңіз, қазір, – деп орнымнан көтеріліп, көкеммен қоштаса көзіме жас алдым. – Нар-тә-уе-кел, са-аған ри-за-мын... әлгі Ғафу-ды ұ-ұмытпа... Үйге келе сала Ғафудың телефонын айтып Асекеңнің бөлмесімен хабарласып едім, телефонды ешкім алмады. Жүрегім зу ете түсті. Ерінбей киініп, қайтадан ауруханаға бардым, жүрегім дүрс-дүрс соғып, валидол жұтып алғанмын. Асекеңнің палатасына келсем ұйықтап жатыр екен. Манағы медбике ұйықтататын укол салып кеткен болуы керек. – Сіз мазаламаңыз, ол әлсіреп қалған, сәл де болса көзін бір іліп алсын, – деді әлгі медбике. Мен Ғафудың «Самалдағы» үйінің телефонын қалдырып, бадырайта үлкен әріптермен жазып кеттім. «Ғафудың телефонын неге сұрады екен?» – деп ойладым іштей. Әрине, қазақтың көрнекті ақыны Ғафу өліміне орай келіні Бәдеш пен балаларына көңіл айтқысы келген болар. Айтпақшы, сонау 1948 жылдары Асқар Тоқпановтың басшылығымен ҚазПИ-дің сахнасында Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы қойылғаны есімде. Ақан рөлін Ғафу Қайырбеков шебер ойнап шыққан. Зал көрермендерге лық толы болатын. Спектакльді көруге көрші КазГУ-ден де көптеген студенттер келгенін көзіміз шалып қалған. Спектакль бітісімен ҚазПИ-дің сол кездегі ректоры, бұрынғы өнер басқармасының бастығы Серғали Есмәмбетұлы Толыбеков мырза өзі сахнаға шығып, Ғафудың және режиссер Асқар Тоқпановтың қолын алып құттықтап, мәз-мейрам болғаны есімде. ... Сөйтіп, Асқар ағаның өнер саласында ғана емес, өзге жерлерде де біз секілді шәкірттері шартарапқа тарап кеткелі қашан?! Қалай дегенмен де өнер саңлағы, ұстаз ағамен екеуміздің арамыздағы достық, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық елу жылға дейін созылғанының куәсімін. Мені көре қалса-ақ: – Ә, «Нартәуекел», қалай, денсаулық жақсы ма, кавказ келін қалай? – деп бәйек болып қалады. – Ассалаумағалайкүм, Асқар аға, өзіңе сәлем берген қасқа бала! – деу менің де әдетім. Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының скверінде, әсіресе, жаз айларында төңірек масатыдай құлпырып, бау-бақша гүлденгенде жастары егде тартқан қаламгерлер мен өнер қайраткерлері серуенге шығып, жиі-жиі бас қосатын. Қалибек, Қанабек, Серағаң, Сапарғали, Ғабең, Кәукен, Асқар, Ораз, тағы басқалар. Бұл топтың бәрі дерлік келмесе де, жарым-жартылай қолы бостары бірде Жамбыл мүсінінің қарсысындағы қайқайма орындыққа жайғасып алып, бірде Мұхтар мүсіні маңында әңгіме-дүкен құруды әдетке айналдырып алған-ды. Бірде осы сквер бойымен өрлеп келе жатсам, қос Ғабең мен Сапекең, Ғали Орманов, Асқар, Әбдірашит Ахметов, Серағаң да отыр екен. Жағалай қолдарын алып сәлемдесіп, шықтым. – Ғабе, мынау «Нартәуекел» менің шәкіртім екенін білесің бе? – деді Асекең. – Е, білмей, бұл – менің де шәкіртім, қол астымда істеген, «Ара» журналдарының алғашқы сарбаздарының бірі, – деп мақтау сөз айтты. Ғабит – Яғни сенің ғана емес, менің де шәкіртім болады, – деп және қайталады. Енді Асекең Сәбиттің шет шалғай шығыс елдеріне шеккен сапарынан теңіз толқып, дауыл тұрған тұсына орай тамағын кенеп алып, нақ Сәбитше сөз бастап кетті. Аумайды-ау, тура өзі дерсің. – Мұхаң болшы енді! – деді Ғабең. Асекең: – Бәлі, – деп бастап алып, Мұхтардан айнымай және кетті, артынша көзін бақырайтып қойып Серағаңды салды. – Мынау пері ғой, бәрін салады, – деп сақ-сақ күлді Серағаң. – Ал енді, Ғабе, сіздерге айтайын, менің шәкіртім мына «Нартәуекел» сендердің бәріңнің дауыстарыңды айнытпай салады, мына менің өзімді де айнытпайды-ақ, – деп Асекең мені бір көтеріп тастады. – Кәне, Мыңбай інім, мен жазып ала қояйын, – деп осы топқа кейін келіп қосылған отставкадағы полковник Олжабай Темірханов магнитофонын ыңғайлай бастады. Мен сасайын дедім. Өзгелерді салғанмен, Ғабеңнің дауысын салатынымды Ғабең білмейтін-ді. – Әй, «Нартәуекел», бол бұлданбай, кәне, Мұхтардан бастап Ғабеңмен жалғастыр, – деді Асекең. Мен тәуекелге басып, Мұхтардан бастай жөнелдім. Олжекең магнитофонға жазып алып тұр. Артынша Ғабеңнің дауысын салып едім, жұрт қыран-топан күлкіге бөленді. – Өй, мына «собакаң» қалай салады-ей, мұндай өнері барын ит біліп пе? – деп Ғабең кеудесін селкілдете күліп алды. – Енді Асқар Тоқпановты тыңдаңыздар, – деп және жөнелейін. – Мұндай «собакалар» аздау боп жүр ғой, Ғабе. Жарайсың, «Нартуекелім»! – деп Асекең де мәз болып қалды. Уақыт озған сайын асылдар қатары сиреп барады. Асқар аға кеткелі де жүзі болды. «Сексеннің сеңгірін көре алмадым...» деп күрсінгенің есімде, асыл ұстазым. Өзің көрмегенмен, ұрпақтарың біз көрдік. Сексеніңді егеменді елің, өнер сүйер қауымың тойлап өткізді. Сері мінез сырбаз қалпың санамызда мықтап сақталғанын және сездік. Арамызда жоқтай емес бардай, өлідей емес тірідей сезіндік. ... Басында үкілі түркі тақия, текше мұртты, қолында имек таяғы бар, томағасы жаңа ғана суырылған қырандай қияға қарап қанатын қомдаған, алысты болжағыш, жақынды жалғағыш озық ойлы өнер тарланы тұғырынан тайған жоқ. Өнер қайнарын шәкірттеріне мол сіңіріп, үлгі-өнеге болып қала бермек. «Тоқпанов тоқпағынан» шыққан өнеріміздің мақтаныштары: Әзірбайжан, Асанәлі, Ыдырыс, Фарида, Сейтметұлы іспетті болып тігіле береді. Санап тауысу қиын. – Немене, Асқар дүние салды дейсің бе? – Жо-ға... Жетпісінде көрген егізін есептегенде сегіз ұрпақ қалдырып, құйып алар құлаққа сабақ болар сөз айтып, саңқылдап тұрған жоқ па... Тсс... шуламаңдар, шаршаған соң сәл ұйқыға шомған шығар... оята көрмеңдер! Сәл тыныққан соң мәнерлеп оқудан дәрісін жалғастырып әкетер, театр сахнасының қыры мен сырын ақтарар. Асқар туралы аңыз әзірше аяқталды. Жалғасын өзгелер айта жатар...

Мыңбай РӘШ, жазушы

Серіктес жаңалықтары