23 Тамыз 2019, 14:00 584 0 Жаңалықтар Túrkistan Gazeti

Зиялы қауым Абайға арналған рухани-тағылымдық шарада бас қосты

Елордада өткен «Абай әлемі» атты рухани-тағылымдық іс-шарада елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, абайтанушылар мен қала әкімдігінің өкілдері бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен бастаған шараға қатысушылар Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалғаннан кейін Бақтияр Мәкен жиналғандарды айтулы мерекелі күнімен құттықтады.

«Ұлы Абай – қазақ халқының ұлттық болмысы, бет-бейнесі. Абай мен қазақ бүгін де егіз ұғымға айналды. Абай даңғылы, Абай сөзі, Абай қалыптастырған адамдық формуласы, рухани-әдеби мектебі осы күні халықтың айнасына, елдік мұрасына негізделіп, қазақ сөзінің синонимі секілді үлкен мәнге ие болды. Уақыт өткен сайын Абай мұрасы туған елінің ұлттық мінберіне шығып, тұғырланып келеді. Абай Хәкімнің қара сөздері – ғибраты мол қазына екенін уақыт пен тарихтың өзі дәлелдеді. Ұлы Абайдың қара сөздері бүгін де ұрпақтың жадында жаңғырып тұр. Биылдан бастап қазақ елінде бас ақынның 175 жылдығына дайындық жұмыстары басталып кетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желі арқылы Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын зор қуанышпен барлық ел қолдап, данышпан Абайдың 175 жылдығын атап өтуі керектігі жөнінде бастама көтерді. Қазір бұл эстафета бүкіл республика деңгейінде жүріп жатыр», - деді ол.

Осыдан кейін ортаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Абай өлеңінен үзінді оқу эстафестасын жолдаған Ләйлім-Шырақ Ерланқызы шығып, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып берді. Мәнері ерек оқушының өнеріне тәнті болған қала әкімінің орынбасары Б.Мәкен Ләйлім-Шыраққа ақынның кітабының бірін сыйға тартты. Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали шырқаған Абайдың «Сегізаяғы» жиналған жұртшылықтың көңілін көтеріп жіберді.

«Қазақтың кемеңгері, ғұламасы, ақыл-ойдың қол жетпес мұнарасы деп айтатұғын Абай атамызды біз Пайғамбарға теңейміз. Пайғамбар болғанда ол кісі діннің Пайғамбары емес, ділдің, тілдің, поэзияның Пайғамбары. Біздің ұлтымыз, қоғамымыз соңғы ғасырдың көлемінде қандай жетістіктерге қол жеткізсе, соның барлығында Абай атамыздың үлесі бар деп айтуға болар еді. Парасат, пайым, адамгершілік, ізгілік, иман, қайырымдылық, мейірімділік дейтін ізгі ұғымдардың барлығы да ананың сүтімен, әкенің тәрбиесімен қоса осы Абайдың жырымен бірге ұрпақтың қанына еніп, жанына дарып жатыр деп айтар едік», - деді өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.

Ұ. Есдәулет өз сөзінде Абайдың 175 жылдығына үлкен дайындық жүріп жатқанын тілге тиек етті. «Абайдың 175 жылдығын тойлау жөнінде Жарлыққа қол қойған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бір өзінің биліктегі басшылық жұмысын осы Абайдың басына барып зиярат еткендей, Абайдың алдына барып жүгінгендей, Абайдан бата алғандай игі шара деп қабылдадық.

Абайдың 175 жылдығы кең көлемде аталып өтейін деп жатыр. Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне жаңадан аударылмақшы. Бұрынғы 125, 150 жылдығында басқа тілде шыққан кітаптары бар. Десе де, ол кезде Абайды бір ғана орыс тілінен аударған. Енді әрбір шет тілдеріне тікелей қазақ тілінен аудару қолға алынып жатыр. Осы қаланың да әкіміне алдын ала рахмет айтқымыз келеді. Осы сол жағалаудан Қаламгерлер аллеясы ашылайын деп жатыр. Қаламгерлер аллеясы айналып келгенде ақындар мен жазушылардың аллеясы. Жазушылар одағының осындағы филиалына Шұбардан екі қабаттық ғимарат берілмек. Менің ойымша, қаламгерлерге көрсетілген құрмет – Абай атамызға көрсетілген құрмет, Абайдың ізбасарларларына көрсетілген құрмет деп санаймын», - деп түйді сөзін Ұлықбек Есдәулет.

Соңғы жаңалықтар