1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін

Өңірлер арасында фармацевтикалық өнімдер бағасының өсімі бойынша Ұлытау облысы көш бастап тұр.

1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін
pixabay
805

Шілдеде дәрілік заттарды таңбалаудың басталуымен фармацевтикалық препараттардың бағасы өсуі мүмкін, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, Қазақстанда фармацевтикалық препараттардың құны соңғы бір жылда 11 пайызға өскен. Алайда сарапшылар алдағы уақытта дәрілік заттарды таңбалау басталғанда баға тағы өсетінін айтады.

Өңірлер арасында фармацевтикалық өнімдер бағасының өсімі бойынша Ұлытау облысы көш бастап тұр. Мұнда дәрі-дәрмек 18,4 пайызға қымбаттаған. Одан кейінгі орында Астана мен Шымкент қалалары тұр. Ал ең төмен баға Маңғыстау облысында тіркелген. Онда дәрі-дәрмек құны 5,6 пайызға көтерілген.

Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаровтың сөзінше, Қазақстандағы дәрі-дәрмектің бағасы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда едәуір қымбат.

«Тіпті, 400-500 пайызға жетіп жатады. Жалпы бағаның өсуіне әуелі инфляция әсер етеді», - дейді ол.

Дәріхана иелері де дабыл қағуда. 1 шілдеде дәрілік заттарды таңбалаудың басталуы фармацевтикалық препараттардың бағасына кері әсер етеді. Өйткені таңбалау процесіне кәсіпкерлер қаражатты өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады.

Дәріханалардың бірінің иесі Әйгерім Аманбаева «дәрілерді таңбалау контрафактілі өндірістер мен заңсыз тауар айналым тәуекелдерін жоя алмайтынын» айтады.

Серіктес жаңалықтары