Сауданың ең сорақысы демократиялық құндылықтардың қадірін қашырды

Сауданың ең сорақысы демократиялық құндылықтардың қадірін қашырды

Сауданың ең сорақысы демократиялық құндылықтардың қадірін қашырды
ашық дереккөзі
197

Қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Қодар, «Алпамыс батырдағы» Ұлтан, Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Алтынай сұлуға әкесі жасауымен қоса ертіп жіберетін Шұнақ пен Тезек оқырманның есінде болар. Қайтіп ұмытсын? Заман жаңарып, қоғам алмасса да, бұл кейіпкерлердің «прототиптері» әлі күнге дейін арамызда жүр емес пе?

Азат басың құл болса...

Өткен аптада жасөспірімдердің түнгі мезгілде бейсауат жүруін бақылау үшін ұйымдастырылған кезекті рейд кезінде шымкенттік тәртіп сақшылары 5 айдан бері құлдықта болған 9 жасар өзбекстандық бүлдіршінді тапты. «Достық» мөлтек ауданындағы жеке үйлердің бірінде тұратын мүмкіндігі шектеулі әйел өзін жасөспірімнің әпкесімін деп таныстырған. Мүгедек баласы бар келіншек жасөспірімді бес айдан бері ешқайда шығармай ұстаған және үйінің бар шаруасын соның мойнына асып қойған көрінеді. Қаратау аудандық прокуратурасының прокуроры Нұрлан Қайназаровтың айтуынша, мұны әлгі әйелдің көршілері де растаған. Алайда бала полицейлердің қолына түскен соң көп ұзамай Қаратау аудандық полиция бөліміне 51 жастағы әйел жүгінді. Ол құлдықта болған 9 жасар баланың әжесі болып шықты. Әжесі бүлдіршінді тәтесіне үй шаруасына көмектесу үшін өзі жібергенін айтып, баланың туу туралы куәлігін ұсынды. Оның айтуынша, баланың анасы құжат мәселесін реттеу үшін Өзбекстанға кеткен.

Қалай болған күнде де, 9 жасар ба­­ланы еркінен тыс жұмысқа жегіп, жа­рым­жан баласын бақтырған әйел жаза­дан құтыла алмайды. Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы мамандары анықтағандай, бүлдіршін мектепке бармаған, әріп танымайды, сөйлеу қабілетінде де кемістік байқалған. Сондай-ақ, жәбірлеуші әйел баланы ұрып-соқты деген күдік бар. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» деп аталатын 140-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Елімізде құлдық қамытын кигендердің қатарында балалармен қатар ересектер, тіпті егде тартқан адамдар да жетерлік. Мәселен, маусым айында Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданындағы ірі меншік иесінің 64 жастағы зейнеткердің еңбегін заңсыз пайдаланғаны анықталған болатын. Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы және «Арлан» арнайы бөлімшесі қызметкерлері бірлесіп жүргізген рейд кезінде қарияның 7 жылға жуық шалғайдағы мал қыстағында құлдықта болғаны белгілі болды. Еріксіз еңбек тұтқынынан босанып шыққан жәбірленуші полицияға арыз жазып, аталған уақыт аралығында оған ешқандай төлем төленбегені жөнінде шағымданған. Осыдан кейін басына қара бұлттың төніп келе жатқанын сезген шаруа қожалығының иесі зейнеткерге 6 жылдан астам уақыттағы еңбегінің өтемі ретінде 760 мың теңге төледі. Сот процесінде айыпталушы өзінің кінәсін толық мойнына алып, өткен іске өкінетінін білдірді. Ал қожайыннан алған ақыны қанағат тұтқан жәбірленуші оған ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді. Соның арқасында «құл иеленуші» жазадан оңай құтылды. Судья «Бостандықтан еріксіз айыру» бабы бойынша оған шартты түрде бес жыл бостандығынан айыру жөнінде жаза тағайындады.

Дәл осыған ұқсас оқиға Ақтөбе облы­сының Әйтеке би ауданында да болған еді. Жеке шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер ер адамды 6 жыл бойы құлдықта ұстаған. Жәбірленуші 2007 жылғы 20 қаңтар мен 2013 жылдың 22-ші қарашасы аралығында “Ғалымжан” жеке шаруа қожалығында жұмыс істеген. Белқопа ауылынан 10 шақырым жерде аталмыш шаруашылықтың малын бағыпты. Қара жұмысқа жегілген жігітке мал иесінің бір тиын да төлемегені арада бірнеше жыл өткен соң ғана әшкере болды.

Биыл құқық қорғау органдары шаруа қожа­лығы иесінің үстінен Қылмыстық кодекстің “Адам саудасы” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. 48 жастағы кәсіпкер бұл бап бойынша ең кемі 5 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс еді. Алайда Ақтөбе облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот отырысы кезінде жәбірленуші сотталушымен келісімге келген. Ер адам өзіне келген материалдық зиянды 500 мың теңгеге бағалапты. Ақыры жарты миллион теңге айыпталушыны заң алдындағы барлық жауапкершіліктен босатты.

Құлдық қамытын киген кімдер?

Адам құқықтарын қорғаумен айна­лы­сатын қоғамдық ұйымдар Қазақстанда адам­дарды құлдыққа сату оқиғалары белең алып барады деп дабыл қағып отыр. Алыс шаруа қожалықтарына апарып ақысыз мал бақтыру, еркінен тыс құрылыс жұмыстарын істету, үй шаруасымен, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу сияқты оқиғалар көбейген. Құқық қорғау органдарының айтуынша, мұндай жағдайларға көбіне балалар үйінен шыққан жастар мен елімізге жұмыс іздеп келген шетел азаматтары, яғни гастарбайтерлер жиі тап болады екен. Өткен жылы құқық қорғау органының қызметкерлері Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдың 36 азаматын құлдықтан құтқарған. Оспадар қожайындар әйелдерді үй шаруасына, жезөкшелікке жексе, ер адамдарды үй тұрғызуға, құ­рылыс жұмыстарына пайдаланған. Олардың құжат­тарын алып қойып, көшеге шығармай қамап ұстаған.

«Филиппиндік үрдіс» деп аталатын ұғым бар, яғни филиппиндіктерді үй шаруа­сында жұмыс істеуге шақырып, ақысын төлемей, қамап ұстайды. Біздің елде де сондай үрдіс етек жайып барады. Орталық Азия елдеріндегі жұмыссыздық көрші ел азаматтарының табыс табу үшін экономикасы жақсы дамып келе жатқан Қазақстанға келіп жұмыс істеуге итермелеуде. Алайда олардың бірқатары біздің елде құлдыққа тап болуда», – дейді «Родник» қоғамдық қорының директоры Нина Балабаева.

Өкінішке қарай, жат жұрттықтардың еңбегін қанайтын топтардың қылмысын әшкерелеу өте қиын. Өйткені олардың құрығына түскендердің көбі Қазақстан шекарасынан заңсыз жолмен өткендер. Сондықтан олар полицияға шағымданудан қорқып, қожайындарының жәбіріне төзуге мәжбүр болады.

«Жәбірленушілердің көбі полицияға арыз жазудан бас тартады. Біріншіден, өзге елде заңсыз жүргендіктен жүрексінеді. Екіншіден, олардың кейбірі өздерінің құлдықта болғанын жерлестері, туған-туыстары біліп қойғанын қаламайды», – дейді Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Саммудин Әбдіқайымов.

Әйтсе де, зорлық-зомбылыққа шыдамай қашып шығып, қатыгез қожайынның қылмысын жайып салғандар да бар. Солардың бірі – Қарағандыда бір ай құлдықта болған қырғызстандық азамат Борис Крумин. Жәбірленушінің айтуынша, «құл иеленуші» оны бір ай бойы ас бермей, жабық қорада ұстаған. Тіпті қашып кетпесін деп екі аяғының өкшесін қан-жоса қылыпты. Соған қарамастан құлдықтан құтылуға талпынған Борис шалғайдағы қорадан жалаң аяқ қашып шығып, Қарқаралыға екі тәулікте сүйрелеңдеп жетемін дегенше екі аяғы үсіп қалған.

Дәрігерлердің қолына тап болып, есін әрең жиған Борис Крумин мән-жайды баяндап берді. Өткен жылы желтоқсан айында көшеде келе жатқан жерінен жанына көлік тоқтап, Шет ауданының Ақшоқы ауылынан жұмыс ұсыныпты. Он бес күн ішінде жақсы жалақы төлейтініне сенген жәбірленуші бірден келісе кетеді. Алданғанын шалғайдағы ауылға жеткенде ғана түсінген. «Көліктің жүргізушісі маған «Сарыағаш» сусынын берді. Соны ішкеннен кейін есімнен танып қалдым. Өз-өзіме келгенде қараңғы, суық бөлмеде екенімді көрдім. М. есімді азамат келіп ауыр жұмыс жасауға тиіс екенімді айтты. Бірақ мен келіспедім. Сол үшін сазайымды тартқызды»,– дейді Борис Крумин. Бірнеше мәрте қашып шығуға әрекеттеніп, ұсталып қалған жәбірленуші ақыры бостандыққа қол жеткізді. Алайда ол үшін бұл бостандықтың құны тым қымбатқа түсті. Екі аяғын екінші, үшінші дәрежелі үсік шалған азамат екі отадан кейін ғана қатарға қосылды.

Азаматтардың құқығын қорғайды, зорлықшының зомбылығынан құтқарады деп жұрт құлай сенетін құқық қорғау қызметкерлерінің өздері де тегін жұмыс күшін пайдаланудан кетәрі емес. Биылғы жылдың шілде айында әшкере болған жамбылдық полицейлердің қылмысы жағамызды ұстатқан еді. 19 жыл бойы тәртіп сақшыларының құлдығында болған қырғыз елінің азаматы Василий Евдошенко бостандыққа шыққаннан кейін бастан кешкендерін жергілікті «Новый регион» газетінің тілшілеріне жайып салды.

Жәбірленуші 1996 жылы алты жылдық жазасын түрмеде өтеп шыққаннан соң құжатсыз қалып, еліне қайта алмаған. Сол сәтте тәртіп сақшыларының бірі көмектесемін деп алдап, бірнеше жыл бойы өз үйінде жұмысқа жеккен. «Құлдың» еңбегін біраз уақыт пайланған соң қожайыны оны өзге полицейлерге «сыйға тартыпты». Осылайша Қырғызстан азаматы қолдан-қолға өтіп, 19 жыл бойы тәртіп сақшыларының қарамағында тегін жұмыс істеп келген. Құлға айналған азамат бірнеше рет қашып та көрген екен. Алайда полицейлер жасағы оны ұстап алып, қожайындарына әкеп беріп отырған. Жәбірленушінің айтуынша, ол бір уақытта үш үйге қатар қызмет көрсеткен. Қожайындарының бірі жергілікті прокурор екен. Құлдықтан босаған Евдошенкоға «Сотталғандарды оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері көмекке келді. Олар ішкі істер органдарына жәбірленуші туралы хабар беріп, құжаттарын қалыпқа келтіруге көмектесті.

Әлемде 21 млн. адам құлдыққа түскен

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда есірткі мен қарудан кейінгі ең өтімді тауар – адам. Дүние жүзіндегі белді де беделді ұйымдар бірлесіп күрес жүргізіп келе жатса да, адам саудасының тамырына әлі күнге дейін балта шабылар емес. Керісінше, еркінен тыс жұмысқа жегіліп, құлдық қамытын киетіндердің саны жыл өткен сайын артып барады. «Уикипедия» ашық энциклопедиясының дерегіне сүйенсек, қанаудың ең дөрекі түрі ретінде құлдық алғашқы қауымдық қоғам ыдырай бастаған кезеңде пайда болған. Алғашқыда соғыс тұтқындары, қарыздарын өтей алмаған кедейлер құлға айналса, кейіннен құл саудасы нарықтағы қалыпты құбылыстардың біріне айналды. Құлдықтың классикалық үлгісі ежелгі Вавилонда, Египетте, Грекияда, Римде етек жайды. V ғасырдан бастап адамды еркінен тыс жұмысқа тарту құқық бұзушылық деп танылғанымен, ХVI ғасырда Батыс Еуропада капиталистік қатынастар дамып, жаңадан ашылған жерлерді жаппай отарлау нәтижесінде құлдық қайта өрістеді. Мылтық пен зеңбіректің күшімен еуропалықтар Америка, Азия, Африка құрлықтарының тұрғындарын құлдыққа пайдаланды. Құл иеленушілік, әсіресе, Америкада кең белең алды. Үндістерден тартып алынған жерлерді игеруге жұмыс күші жетпегендіктен, отаршылар Африкадан әкелінген құлдардың еңбегін пайдаланды. Сөйтіп Америка және Африка делдалдарының арасындағы құл саудасы күллі әлемге індет боп тарады.

БҰҰ былтыр 100-ден астам мемлекеттен мәлімет жинап, 44 мың адамның мәжбүрлі түрде еңбекке жегілгенін анықтады. Сорақысы сол, оның тең жартысы әйелдер болса, 18 пайызы балалар. Сауда құрбаны болған ерлер өте қатал жағдайда үй шаруасына пайдаланылса, әйелдер мен жасөспірімдер көбінесе жыныстық қызметке – жезөкшелікке мәжбүрлеу, порнографияға және сексуалдық туризмге пайдалану үшін ұрланған. Бұл қылмыстық бизнестің өкілдері қолдарына түскендерді күштеп, қорқытып ұстайды. Әдетте, ешқайда шығармау үшін олардың құжат­тарын тартып алады, қарызға батырып, жұмыс істеу арқылы қайтаруға міндеттейді.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, дүниежүзінде 21 млн. адам құл ретінде саудаға салынған. Осы істі кәсіп еткен топтар жылына 150 млрд. доллар табыс табады екен. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Соңғы 10 жылда елімізде 1,5 мың адам құлға айналған. Бұл – шілде айында Австрия астанасы Венада өткен адам саудасына қарсы күрес жөніндегі альянстың 15-конференциясында келтірілген дерек.

2002 жылдан бері елімізде тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым мамандарының пікірінше, Қазақстанның экономикалық даму қарқыны мен географиялық орналасуы адам саудасымен айналысушылар үшін адамдарды алып кету, басқа елдерден алып келу, тасымалдауға аса қолайлы. Әсіресе, әлемдік экономикалық дағдарыстан есеңгіреген Орталық Азияның экономикасы тұрақсыз елдерінен келген азаматтар үшін Қазақстан соңғы нүкте болып отыр. Адам саудасы құрбандарының басым бөлігі Өзбекстаннан келетін көрінеді. Ал Қазақстанның азаматтары көбінесе Ресей, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіледі екен. Жұмыс іздеп, ауылдан қалаларға, облыс орталықтарына ағылған көштің артуы салдарынан ел ішінде де адам саудасына қатысты деректердің көбейгені байқалады. 2014 жылы ішкі істер органдары адам саудасы бойынша 300 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде 20-сы пайдалану мақсатында адам ұрлау, 9-ы пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру, 18-і адам саудасы, 13-і кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту, 15-і кәмелетке толмағандарды сату, 31-і жезөкшелікпен айналысуға тарту, 212-сі жеңгетайлық және притон ұстағаны үшін жауапқа тартылды.

Биылғы жылдың статистикасы да көңіл көншітерлік емес. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов келтірген деректерге сүйенсек, 2015 жылдың алғашқы 6 айының өзінде елімізде адам саудасына қатысты 14, кәмелеттік жасқа толмағандарды саудалаудың 32, жұмысқа жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша 2 және жезөкшелікке салу бойынша 148 қылмыстық іс қозғалған. Байқағанымыздай, азаматтарды жыныстық қызметке заңсыз пайдалану деректерінің «мысы» басым. Сондай оқиғалардың бірі 12 қараша күні тіркеліп, шекара асқалы тұрған қазақстандық қыз қылмыскерлердің бұғауынан босатылды.

Ақтөбеден Орынборға бет алған жолаушылар автобусын тексеру барысында «Жайсаң-авто» бақылау-өткізу пунктінің қызметкерлері Қазақстанның 19 жастағы азаматшасының құжатынан «Помогите» деген күдікті жазуды көреді. Жолаушының үрейленіп отырғанын аңғарған шекарашылар «құжаттарыңыз дұрыс емес» деген желеумен оны автобустан түсіріп алған. Бақылау-өткізу пунктінің ғимаратына кіріп, өзінің қауіпсіз екеніне көзін жеткізген жәбірленуші оқиғаның мән-жайын баяндап берді.        «Өз жөнімен кетіп бара жатқан қызға екі жігіт жақындап келіп, уақытты сұраған. Ол сөмкесінен ұялы телефонын шығарғанда, суыт жүрген жігіттер телефонын тартып алған. Мұнымен қоймай, тасалау жерге апарып, ұрып-соққан, оң қолының білегін тіліп тастаған. Одан кейін белгісіздер оның Ресейге баратын автобусқа билет алуын талап етеді. Автобус­та оны бақылап отыратын адамдардың болатынын айтқан», – деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіндегілер. Жолы болған бойжеткен құлдық құрсауынан босанды. Әйтпесе, алдау-арбауға түсіп, ары тапталғандар мен қара күштің пәрменінен шыға алмай жігері құм болғандардың қатарын толықтырар ма еді, кім білсін? Ең өкініштісі, психологтардың айтуынша, құлдық қамытын бір рет кигендердің одан айығуы қиынға соғады екен. Бұған адамзат тарихынан сан мысал келтіруге болады. Мәселен, кешегі патшалы Ресей крепостнойлық құлдықты жоятын тұста Лев Толстой өзінің Ясная Полянадағы шаруаларына азаттық берген екен. Әлгі байғұстар бір аптадан кейін жазушының алдына қайта келіпті. Құлдық етінен өтіп, сүйегіне шейін жеткен міскіндер азат өмір сүре алмаған. Сондықтан бек ұлдарымыз құл, пәк қыздарымыз күң болудан сақтағай!

Серіктес жаңалықтары