Jinalikе жобасы – әлемге жол ашады

Jinalikе жобасы – әлемге жол ашады

Jinalikе жобасы – әлемге жол ашады
ашық дереккөзі
Шетелге сапар шегетін кез келген адам әуелі тұрақтайтын орын іздейді. Мұндайда бүкіл әлем жұрты booking.com-ның көмегіне жүгінеді. Енді бұл желінің қазақстандық баламасы бар. Jinalike.com жобасын ұсынған «FlowSystem» ЖШС Ғылым қоры ұйымдастырған байқауда 300 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алып, түрлі іскерлік іс-шаралар өткізетін залдарды, сондай-ақ, коворкингтер мен хостелдерді іздеу және брондау үшін арналған теңдесі жоқ платформаның тұсауын кесті. «Ғылым қоры» АҚ Басқарушы директоры Ләззат Молдабаева ғылымды коммерцияландыру бағытында қор тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, соңғы үш жылда тың жобалардың жүзеге асқандығын жеткізді. Бүгінде «FlowSystem» ЖШС бұл қаржыға арнайы маркетингтік зерттеулер жүргізіп, жобаға қажетті жабдықтар сатып алған. Қазіргі таңда 100-ден астам жобалар белсенді жүзеге асырылған болса, ағымдағы жылдың осы мерзіміне дейін 6 жоба әзірленген. 37 жоба тауар өндіру, қызмет көрсету мақсатында жұмыс істей бастаған.  Бұл жобалардан түскен табыс көлемі 1 миллиард теңгеге жуықтайды.  Ал IT технологиялар бойынша алғашқы «Jinalikе» (Жиналайық)  жобасы іздестіру жұмыстарын жедел атқаратындықтан, уақыт үнемдеу, қызмет сапасын арттыра түсуге мүмкіндік береді. Жобаның мақсатын таныстырған «Flow System» ЖШС директоры Данияр Илиев: «Q-conference көптеген іскерлік шараларға арналған залдар, коворкингтер мен хостелдерді іздеу және брондауға арналған платформа ретінде танылған алаң. «Ғылым қорынан» жеңіп алған 300 миллион теңге көлеміндегі грантқа маркетингтік бағыттағы, сондай-ақ жаңа жобаның даму бағытындағы іс-шаралар жүзеге асты. Сайттың функционалдылығы тексеріліп, жоғарғы жүктемелігі мен тұрақтылығы сынақтан өтті. Сондай-ақ, сайтты іздеудің оңтайлылығы ескеріліп, нәтижесінде жүктеу жылдамдығы 25 пайызға артты. IT мамандар екі жыл ішінде дайындық жұмыстарын жасап, 5 айдың ішінде жоба 65 млн теңге табысқа қол жеткізді. Қазіргі кезде жалға берушілермен келісім-шарт жасау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Жақын арада жоба өнім бойынша пайдасын береді деген сенім мол», – дейді. Әлемнің 227 елінде емін-еркін қызмет көрсететін тиімді жобаны өмірге әкелген «Flow System» ЖШС 2017 жылы құрылған. Мұнда негізінен 20-25 жас шамасындағы IT саласындағы жас мамандар жұмыс істейді. Бүгінде жобаның Түркия, Қытай, Ресей және бірқатар еуропалық елдерде серікстестіктері бар. Оларға тиісті аймақтарға бағытталған айрықша құқық берілген. Жоба ұйымдастырушылары   брендті қазақша «Jinalikе» қарапайым сөзі арқылы топтап, сипаты мен мақсатын бір сөз аясына сыйдырып, түсінуге ыңғайлы етіп жасауға тырысқанын айтады.