481
Ассамблея өкілдері Абай өлеңдерін оқыды
Ассамблея өкілдері Абай өлеңдерін оқыды
Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай жолданып жатқан эстафетаны Қазақстан халы Ассамблея өкілдері де іліп әкетті. Басқа ұлт өкілдері Абайдың өлеңін қазақ тілінде оқып, жұрттың алғысына бөленді. Бүгінгі таңда челленджді қолдап, қазақ тілінде ақын өлеңдерін оқыған этнос өкілдерінің саны жүзден асты. 582 әлеуметтік желі қолданушысы Абай Құнанбаев өлеңдерінен үзінді оқып, өз парақшасына видео салған.
Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған Абай өлеңдерін оқу эстафетасына қатысушылармен кездесті.
Достық үйінде жалғасын тапқан шара барысында Жансейіт Түймебаев Алматы қалалық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Қазақбай Қасымов бастаған эстафета қатысушыларына Абайдың кітабын сыйлыққа тарту етіп, 37-ші қара сөзін оқыды. Мұны Ассамблея жастары жалғастырып, өлеңдерін жатқа айтты, әнді де салды.
Осы шара аясында ұйғыр халқы тағамдарының фестивалі де өтті. Ұйғыр ұлты өкілдері ән салып, би биледі.
Біз әңгімеге тартқан Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрымов: "Абай өлеңдерін республика жұртшылығы болып оқу - үлкен тәрбие. Бәріміз де Абай өлеңдерін оқып, сусындап өстік. Абайды бұл арқылы бүкіл әлем жұрты танып жатыр. Бұл эстафета ұлы ақынның мерейтойына дейін жалғасады деп ойлаймын" деді.