927
Жеңілдетілген несиеге қалай қол жеткізуге болады?
Жеңілдетілген несиеге қалай қол жеткізуге болады?
Елімізде Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылшаруашылығын өркендетудің түрлі амалы қарастырылып келеді. Қазір ауыл шаруашылығы саласында шағын және орта бизнес ашуға бірқатар мүмкіндіктер бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бірқатар бағдарламалар бойынша несие беруді жүзеге асырып келеді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылдық жерлердегі шаруашылықты дамыту үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп келе жатыр. Нақтырақ айтатын болсақ, мал шаруашылығының сүтті және етті бағыттарын, ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға арналған несие өнімдері бар.
Мысалы, өткен жылдан бері жаңартылған «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол ірі қара мен ұсақ мал өсірушілерге, және қажетті техника мен жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік береді. «Сыбаға» несиелік өнімі бойынша несиелер 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкелуге 70 млн теңгеге дейінгі мөлшерде, ал жергілікті ұсақ малды сатып алуға – 12 млн теңгеге дейінгі мөлшерде несиелер беріледі. Сыйақы үстемесі – жылдық 4%-ды құрайды, жылдық тиімді үстеме – 4,1%-дан басталады (субсидиялауды ескергенде). Шетелден әкелінген асыл тұқымды малдың бір басына 225 мың теңгеден субсидия қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекет пайыздық мөлшерлемені жылдық 14-тен 4 пайызға дейін төмендетеді. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – жас малды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмағының әр келісіне 200 теңгеден субсидия төленеді.
Сондай-ақ, мал шаруашылығының сүтті бағытын дамытып, ауылдық жерлердегі отбасылық тауарлы сүт фермаларын құру мен кеңейтуді көздейтін «Ырыс» атты бағдарлама жалғасып жатыр. Бұл өнім бойынша 155 млн теңгеге дейін несиелер беріледі. Мерзімі – 12 жылға дейін, сыйақы үстемесі жылына 6%-ды құрайды, жылдық тиімді сыйақы үстемесі – 6,7%-дан аспайды. Екі жылға дейін жеңілдік мерзімі тағы бар.
Шағын несиелерге келетін болсақ, олардың негізгі бөлшегі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» арқылы қаржыландырылады. Мысалы, «Игілік» деген бағдарлама мал басын арттыру, құс өсіру және омарта шауашылығымен айналысамын деген жобаларға беріледі. Несие сомасы 4 млн теңгеге дейін, мерзімі – 6,5 жылға дейін, жылдық өсімі – 6%, жылдық тиімді үстеме – 6,7%-дан аспайды. Негізгі борышты өтеу үшін жеңілдік кезең де қарастырылған.
Келесі өнім «Кәсіпкер» деп аталады. Бағдарламаның мақсаты – кәсіпкерлік қызметті, оның ішінде ауыл шаруашылық және ауыл шаруашылық емес бизнес түрлерін дамыту. Несие сомасы – 6 млн теңгеге дейін, несие мерзімі – 5 жылға дейін, сыйақы үстемесі – 6%, жылдық тиімді мөлшерлеме – 6,7 %-ға дейін. 1 жылға дейін жеңілдік мерзім беріледі.
Қор 2005 жылы шағын несие қызметін бастағалы бері жалпы сомасы 258,8 млрд теңге болатын 133,2 мың теңге несие берді. Ал 2018 жылы шаруалар Қордан 53,8 млрд теңгені құрайтын 10,4 мың несие алды. Осы уақыт ішінде Қордың кредиттік портфелі 124,5 млрд теңгеге жетіп, белсенді несие алушылардың саны 47 мыңнан асты. Компания 2017 жылдан бері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асырып келеді. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 30 млрд теңге болатын 8 мыңнан астам несие берілді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспарланған 4 мың адамның орнына 5 мыңнан астам адам қаржыландырылды. Олар кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылған адамдар.
Ауылдардағы қаржыландырылған бастапқы бизнес үлесінің бағдарламамен анықталған көрсеткіші 20%-дан кем емес. Қор тиісті мөлшерді артығымен орындады. Бағдарлама бойынша берілген барлық несиелердің 78%-ды бастапқы жобаларға бөлінді. Бұл 23,3 млрд теңгені құрайтын 7 мыңнан астам шағын несие.
Сондай-ақ, 473 зәкірлік кооперация қатысушысына 4,6 млрд теңге қаржы берілді. Қордың 2019 жылға жоспары мынадай: 60 млрд теңгеден астам соманың несиесін беру, оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына – 27,5 млрд теңге қарастырылған.
Етті мал шаруашылығының индикативтік көрсеткіштерін орындау үшін «Сыбаға» бағдарламасы аясында 35 мың бас ірі қара және 131,5 мың бас ұсақ мал алуды қаржыландыру жоспарланып отыр. Көктемгі егістік және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыратын бағдарлама «Егінжай» деп аталады. Бағдарламаның мақсаты – көктемгі егістік және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге айналымдық қаражатын толықтыру. Несие сомасы – 6 млн теңгеге дейін, несие мерзімі – 3 жылға дейін, сыйақы үстемесі – 6%, жылдық тиімді мөлшерлеме – 6,7 %-ға дейін. 1 жылға дейін жеңілдік мерзім беріледі.
Қазіргі уақытта Қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда Бағдарлама аясында өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр. Жеңілдетілген несие алу үшін ауыл тұрғындары аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуы тиіс. Сертификат алғаннан кейін жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге тұрады және аудандық Жұмыспен қамту орталығынан несиелендіруге жолдама алады. Одан әрі бастапқы құжаттар топтамасын және бизнес-жоспарын алып Қордың филиалына жүгінуі қажет немесе kazagro.kz порталының көмегімен онлайн өтінім бере алады.
Несиені беру туралы шешімді жылдамдататын шаралар үнемі жетілдіріліп отыр. Клиенттерге қолайлы болу үшін биыл 1 қаңтардан бастап талондық жүйе енгізілді. Несие өтінімін тапсырған клиентке арнайы талон беріледі. Талонда несиелеудің негізгі шарттары, тапсырылған құжаттар тізімі, өтінімді қарастыру мерзімі көрсетіледі. Сонымен қатар, несиелеу бағдарламасы, қаржыландыру көзі, сома, пайыздық үстеме, негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдетілген мерзім, өтінімді қабылдаған менеджердің мәліметтері мен байланыс телефоны анық жазылады.
Тоғжан Төлеген