520
Қаржылық сауаттылығымыз қашан көтеріледі?
Қаржылық сауаттылығымыз қашан көтеріледі?
Бар тапқан-таянғанын тойға шашатын бір халық болса, ол – қазақ. Үйсіз-күйсіз жүрсе де, той жасау тек қазақтың қолынан келетін шығар. Мұндай жағдайда қолында қаражаты жоқ жандарға несие көмекке келеді. Миллиондап несие алып, оны тойға шашып жіберіп, кейін банкке берешек болып жүргендер көп-ақ. Соңғы ресми деректерге сенсек, Қазақстанда әрбір оныншы адам тұтынушылық несиені той жасау үшін алыпты.
Жауапкершілікті күшейту қажет
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта несие алып той жасау әдеттегідей жағдайға айналды. Ал отбасылық өмірді қарыздан бастайтын жас отбасылардың болашағы қаншалықты жарқын болмақ?
Халық тұтынушылық кредиттің 9,5 пайызын тойға алады. Өткен аптада Сенат отырысына қатысқан Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осындай статистикалық мәліметпен бөлісті. Ұлттық банк төрағасы бұны халықтың қаржылық сауатсыздығымен байланыстырады. Бұдан былай Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, бұл олқылықтың орнын толтырмақ. «Расында халықтың қаржылық сауаттылығына қатысты мәселені шешу мүмкіндігін жіберіп алдық. «Той-кредит» деген форма секілді. Халық өз қажеттілігі үшін алып отырғандықтан, тыйым салынбайды. Бірақ бізге оның көлемі мен санын реттеу қажет», – дейді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев. Оның үстіне, қазір несие алушылардың жауапкершілігі де аз. Жауапкершіліктің аздығы тек тойға несие алатындарда ғана емес. Ипотека, автонесие, кәсіп үшін алынған несиені есептемегенде тек тұтынушылық несие бойынша халық қарызы 4 трлн теңгеге жеткен. Халықтың 27 пайызы банкке берешек.
Бір жылдары Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысының әкімі болып тұрған жылдары несиені дұрыс пайдаланбаушыларды жазалау керектігін айтқан болатын. Өйткені елімізде қарызданып той жасаушылардың көбі оңтүстіктен екен. «Несие алушылардың жауапкершілігін күшейту қажет. Ол үшін жауапсыз несие алушылардың нақты тізімі жасалып, несие бюроларына өткізілуі керек. Бұл арқылы біз кәсіпкерлік үшін 3 миллион теңгеге дейінгі шағын несие алып, оны туысының тойына жұмсаған адам енді қайтіп ешқашан несие ала алмайтын жүйеге қол жеткіземіз», – деп қадап айтқан Қырымбек Елеуұлы.
Банктердің негізгі табыс көзі – несие. Сондықтан, халыққа несие алғызу үшін кез келген әрекетке барады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен қала көшелерінде жарқырап тұрған жарнамалар да адамды несие алуға итермелейтіндей-ақ. Жарнама демекші, үстіміздегі жылдың басында Бішкекте банк ғимараттарының алдында «Тойго кредит алба!» («Тойға несие алма!») атты жазу пайда болғанын бүкіл ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Оны асфальтқа белсенді суретшілер жазып қалдырған. «Бұл жазулардың көбін әдейі банкке барар жолға жаздық. Банк қызметіне ешқандай қарсылығымыз жоқ. Кредит алуға келген адам біздің месседжімізді көріп ойланса екен», – дейді акцияны ұйымдастырушылар. Олар азаматтардың той үшін кредит алатынына алаңдайтынын жеткізді. «Адамдар бизнес бастау үшін емес, той жасау үшін кредит алады. Сосын қарызға батып кетеді. Жас жұбайлар кредитті жабу үшін шетелде жұмыс істеуге мәжбүр. Біз, суретшілер, ағаларымыз бен әпкелеріміз той мен жерлеу рәсімін жасау үшін кредит алып, бес жыл бойы қиналып жүргенін көрдік», – дейді ұйымдастырушылар.
Ал түрлі жеңілдіктер, бонустар, төменгі пайыздарды жарнамаларда жарқыратып көрсетіп, елдің санасына сіңіріп жібереді. Себебі банктердің басым бөлігі коммерциялық пайда табуды ғана көздейді. Ал қарапайым халық жоғары пайыздық үстемемен алған несиесін қайтара алмай, банк алдында берешек болып қалуда.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше жыл бұрын: «Той жасау үшін жігіттер жағынан несие алады, қыздың ата-анасы өзі жағынан несие алады. Соңында сол тойға алған несиені жастардың мойнына іліп қояды», – деген болатын. Расымен де, қазір несие – той өткізудің бірден бір қаржы құралына айналды.
Банктен миллиондап несие алып, той жасап, содан кейін жылдап сол қарызынан құтыла алмай жүрген қаншама қазақ бар?! Әрине, қазақты тойдан айырмасын деп тілейміз. Алайда той жасаудың да өз есебі бар емес пе? Қарызданып той жасау тек қазаққа ғана тән қасиет шығар. Кез келген қазақ баласының мәртебесі биік, мерейі үстем болуы үшін барын салады. Қалтасы тесік, табысы мардымсыз қараша да мұндай кезде ойланбастан банктің есігін қағады. Соңғы уақыттарда аста-төк той жасайтындар көбейіп кетті. Табысы жетіп, қалтасы қалыңдаған азаматтардың ағайын-туған, дос-жаранның басын қосып, үлкен той өткізуіне ешкім де қарсы емес. Бірақ шамасы жетпесе де, банктен алған қарызын тойға шашатындардың әрекетін қалай бағалауға болады? Шетелдік банктер қазақстандықтардың үйлену тойына қанша қаржы жұмсайтындығын есептеп, арнайы зерттеу жүргізген болатын. Нәтижесінде, думандатып той жасауға кемінде 2-3 миллион теңге кететіні анықталған. Бір күндік қуаныш үшін қаншама жыл несие төлеп жүргендер де аз емес. Бәрі де былайғы жұртқа «жұрттан қалмау керек» деген жалған намыс пен даңғой түсініктей көрінеді. Қомақты қаржыны қарызға алып той жасаған отбасылар кейін алған несиесін қайтара алмай, жанұяда ұрыс-керіс туындап, шаңырақтарының шайқалуына әкеліп жатқан жайттар да жоқ емес.
Жалпы, елімізде несие алатындардың жартысынан астамы келін аларда, қыз ұзатарда қарызданатындар екен. Сол себепті, экономистер қазақстандықтарға ең алдымен, той өткізуден бас тарту қажеттігін айтады. Басында баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де, балаларының тойларын, тіпті, кішкентай бүлдіршіндердің туған күндерін де үлкен мейрамханаларда өткізетіндер қатары жыл санап көбейіп келеді.
Несиеге той жасап, темір тұлпар мініп, бір күндік қуаныш үшін жылдар бойы мемлекет алдында борышкер атанудан халықтың аулақ болғаны жөн. Оның үстіне, алған қарызды банктерге еселеп қайтару керектігі тағы бар.
Жалпы, қонақтардан жиналған «сыйлықтармен» несиені жабу – өте сирек. Несиені той жасарда алуын алып, қайтарарда қимай-қимай беретініміз рас. Ал бірнеше жыл той қарызын қайтару шаңырақ құрған жастардың болашақ өміріне келеңсіздік әкелмеуіне кім кепіл? Өйткені бүгінде жас отбасылардың ажырасуы жиілеп кетті. Оның ішінде шаңырақтың шайқалуына әлеуметтік мәселелердің, қаржының жетіспеушілігі себеп болатыны жиі айтылады.
Оның үстіне, шариғатта да ысырапшылдық пен ынсапсыздыққа тыйым салынған. Құран аятында «Ішіп-жеңдер, бірақ ысырапшылдық болмасын, өйткені Алла тағала дарақы, ысырапшыл адамды қолдамайды. Себебі ысырапқор – әзәзілдің ағасы» делінген. Сондықтан жағдай келмесе, қысқа жіптің күрмеуге келмейтінін ұмытпаған абзал. Көрпеге қарай көсілуді үйренгеннің айыбы жоқ. Барғанша қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады. Десек те, қазақ халқы бар кезде той да жалғасын таба береді. Бірақ ысырапшылдыққа, дарақылыққа салынбаған жөн.
Әсел ӘНУАРБЕК