1680
Семей – Қазақ руханиятының бір ошағы
Семей – Қазақ руханиятының бір ошағы
Иә, Семей – Қазақ руханиятының бір ошағы, Ұлылар мекенінің, Ұлы бастамалардың күре тамыры. ҚАзіргі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы екінші орынды алып жатқан Ертістің екі жағасында орналасқан ірі қала тәуелсіз Қазақстанның туристік саяхат нүктесіне айналар рухани орталығы болуға әбден лайық.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағыты бойынша: «Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады» – дегеніне сүйенсек, нағыз рухани жаңғырудың қайнар көзі де, нүктесі де Семей емес пе?! Ұлылардың үні, батырлардың тұяғының ізі қалған қасиетті Семей қамқорлыққа бөленіп, рухани- мемориалдық қорық мұражайы іспеттес дербес туристік қалаға айналса, әр тасы мен түйір топырағы сонау тарихтан сыр шертіп сөйлеп қоя берер еді. Оған дәлел – Семей қаласында тұңғыш ірге көтерген мәдени-рухани ошақтар.
Негізі 1718 жылы бірінші Петрдің шығыс жеріне және Ертіс өңіріндегі бекіністеріне қорған салу туралы жарлығы бойынша Семипалат бекінісі бекітілді. «Семей» сөзі – көне түркі тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдірсе, «Алаш» сөзі – түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағынаны береді. Яғни, Семей, Алаш атауы – тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ең ежелгі атаулардың бірі. Семей – мол өнімдік базасы бар ірі мал шаруашылық аймағының орталығы болды. Соғыс алдындағы жылдары қалада ірі өндіріс орындары салынып, бес жылдықтың ірі құрылысы ет консерві комбинаты ашылды, ол еліміздегі тамақ өнеркәсібі жөніндегі қуатты өнеркәсіптердің бірі болды. Саналы ғұмырым Семейде қалыптасқан соң ба, өзіме сондай ыстық қаланың қазіргі қауқарсыз қария кейпін көрген сайын шарам қалмай, жаным жай таппайды. «Қасиет қарапайым болады» дегенді жиі айтатын қариялар сөзін жаныма медет тұтамын да, «қасиетті бағалауымыз керек қой» деп ойлаймын.
Сөз түйінінде айтайын дегенім, қай заманда да батысқа қарап іліп ала жөнелгіш болдық. Мәскеуде Арбат бар деп Қазақстанның үлкен қалаларының барлығының демалыс орындарын Арбат атайтын болдық. Ал неге Қазақстанның Семейін Санкт-Петербургпен теңестіре алмай жүрміз?! Қалай дегенмен де руханиятқа толып, тұнып тұрған Семей қазақ мәдениетінің ошағы болуға бек лайық қой.
Нұрай Төлегенова,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік
университетінің студенті