Қуат Байғожаев: Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары – жай идеологиялық тұжырым емес, елді біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесі

Қуат Байғожаев: Ішкі саясаттың негізгі қағидаттары – жай идеологиялық тұжырым емес, елді біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесі

Бүгін Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев аталған жарлықты Қазақстан қоғамын жаңа сапалы кезеңге бастайтын маңызды құжат деп есептейді.

«Бұл Жарлықта мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге, әділдік пен жауапкершілікке негізделген ішкі саясаттың жаңа бағыты айқындалды. Енді ел дамуы нақты қағидаттармен, ортақ құндылықтармен және ұлттық нышандармен бекітілді.

Бұл құжатта көрсетілген «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» деген 6 қағидат бүгінгі қоғамның болмысын айқындайтын ұстанымдар. Әсіресе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты біздің партияның жұмысында күнделікті көрініс табуда. Алматы облысында биылғы жылдың өзінде «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына 3 мыңнан астам тұрғын жүгінді. Көптеген мәселе шешімін тауып, ондаған отбасының өмірінде оң өзгеріс болды. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, билік пен қоғам арасындағы диалогты күшейту – біздің басты мақсатымыз. Бұл бағытта облыстық және әр аудан мен қалада партияның фракциялары жүйелі жұмыс істеп келеді», – дейді филиал төрағасы.

Қуат Байғожаевтың мәлімдеуінше, Алматы облысында «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттары да біздің өңірде нақты іспен жалғасып жатыр. Алматы облысының жастары мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері тазалық акцияларына, экологиялық бастамаларға белсене қатысады.

«Биылдың өзінде партияның бастамасымен өңірде ондаған пен экологиялық шара өтті. Бұл тек табиғатты күтіп ұстау емес, сонымен бірге сананың тазалығын, ұқыптылық пен жауапкершілікті қалыптастыру екенін жақсы түсінеміз.

Жарлықта белгіленген ұлттық нышандар – елдің рухани өзегін айқындайтын ерекше жаңалық. Ұлттық ұранымыз – «Алға, Қазақстан!», ұлттық кітап – Абайдың «Қара сөздері», ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ, ал музыкалық аспап ретінде домбыра таңдалды. Осындай символдар арқылы халқымыздың рухани коды мен ұлттық болмысын жаңаша ұғынуға мүмкіндік туады. Әсіресе Абайдың «Қара сөздерінің» ұлттық кітап ретінде бекітілуі – терең мағыналы шешім. Бұл – әр азаматты ойлануға, әділдік пен білімге ұмтылуға шақыратын рухани бағдар.

Президенттің бұл бастамасы – жай идеологиялық тұжырым емес. Елді біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесі. Әділетті қоғам құру үшін заң үстемдігі мен халық үніне құрмет қатар жүруге тиіс. «AMANAT» партиясы осы ұстанымды нақты іске айналдырып отыр. Біздің әрбір қабылдау, әрбір партиялық жоба, әрбір акция – осы Жарлықтағы қағидаттардың өмірдегі көрінісі.

Алматы облысының дамуы – елдің дамуының айнасы. Облысымызда жастар белсенді, кәсіпкерлер еңбекқор, азаматтық қоғамның үні анық естіледі. Біз сол күшті біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра алсақ, Әділетті Қазақстанның болашағы да айқын болмақ. Президент бекіткен бұл құжат – соған апарар жолдың нақты картасы деп білемін.

Сондықтан бұл Жарлықты тек мемлекеттік деңгейдегі шешім емес, әр азаматтың өміріне бағыт беретін құндылықтар жүйесі деп қабылдауымыз керек. Әділетті Қазақстан – әрбір адамның ісінен, көзқарасынан және жауапкершілігінен басталатын шынайы өмірлік ұстаным», – дейді Қ. Байғожаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары