Түгелбек ҚАСЫМҰЛЫ: АҚШ-қа ТАБАНЫМ ТИСЕ АРМАНЫМ ЖОҚ

Түгелбек ҚАСЫМҰЛЫ: АҚШ-қа ТАБАНЫМ ТИСЕ АРМАНЫМ ЖОҚ

Түгелбек ҚАСЫМҰЛЫ: АҚШ-қа ТАБАНЫМ ТИСЕ  АРМАНЫМ ЖОҚ
ашық дереккөзі
Жер шарын он рет айналып, әлемнің 40-қа жуық мемлекетін аралаған велосаяхатшы Түгелбек Қасымұлын білмейтіндер кемде кем. Ол 73 жаста болса да, спорттан қол үзген емес. Жас ұрпаққа салауатты өмір салты мен бейбітшілікті насихаттап жүрген ақсақал мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Өзін жалғыз жортатын «жолбарыс» санайтын Түгелбек ата көздеген ендігі меже – АҚШ. – Түгелбек ата, бүгінгі күнге дейін велосипедпен қанша шақырым жол жүріп тастадыңыз? – Шамамен 500 мыңға жуық шақырым артта қалды. «Адамның ұзақ жасауының негiзi – қозғалыста» деген қағиданы ұстанып, жиһангездiк жолға түстiм. Қозғалыс – қанды тазартады. Адам ауырса, ең алдымен қанын тексертпей ме? Сондықтан қанның таза болуы үшiн үнемi қозғалыста болу керек. «Қазақ атқа мiнедi» деймiз. Бiрақ аттың үстiнде адам қозғалмайды. Қозғалмағаннан кейiн, қан айналымы дұрыс жүрмейдi. Содан кейiн жүрекке көбiрек күш түседi. Адам дұрыс терлемейдi. Дұрыс тер шықпағаннан кейiн адамның клеткалары ашылмай, өледi. Өлген клетканы қалай тiрiлтуге болады?! Оны терлету арқылы тiрiлтедi. Тер арқылы адамның бойындағы тамақтан пайда болған арам улар шығады. Жасым ұлғайған сайын өзімнің бойымнан, жалпы адам ағзасының қуатының қаншалықты мол болатынын сезіне бастадым. Сондықтан жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Қазір менің «бейбітшілік елшісі» деген де атағым бар. Себебі Сыртқы істер министрлігінің демеуімен топырағына аяғымның ұшы тиген елмен өзара достығымызға дәнекер боламын. Осы міндетті атқара жүріп ол жайында да көсіле насихат айтатыным бар. Адам өз ағзасының қорын дұрыс пайдалана білсе, оның ресурсы мол екеніне көзі жетеді. Мен барша адамзат өкілі алдында соны дәлелдегім келеді. – Әлем елдерін велосипедпен аралау идеясы қашан туды? – Ауыл балалары велосипедке құмар болып өстік емес пе? Сол құмарлық спортқа алып келді. Кеңес Одағының дүркіреп тұрған кезі болатын, Қап тауының етегіндегі Кабардин-Балкар республикасында веложарыстан жасы 30 бен 60 жас аралығындағы азаматтар арасында үлкен жарыс өтті. Ол кезде мен 45-те едім, 63 велошабандоздың арасында, бәрі КСРО спорт шеберлері, 22 шақырымдық қашықтық жарыста үшінші болып келдім. Марапат алдым. Велоспортта өзімнің мүмкіндігімнің зор екенін сол жарыста бай­қадым. Бәрі сол күнгі жарыстан кейін басталды. Алдымен көлігімді сайлап алып Алма­тыдан қасиетті Түркістанға сапар шек­тім. Бір жағы үлкен сапарлардың алдын­да Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына барып, тәу етіп, дұға оқып алу еді. Содан іле көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Түрік­мен­стан республикаларын 40 градус ыстықта аралап шықтым. Есесіне өзімнің қабілетім мен физиологиялық тұр­ғы­дан қандай қиындықтарға шыдас бере­тінімді байқадым. Табаным қызып келесі жылы тура Мәскеуге тарттым. Орыс халқы қызық қой, Орал таулары мен Еділ (Волга) өзенінің алқабында олар, тіпті, мені әр қала­ның кіреберіс қақпасында нанмен, тұзбен қарсы алды. Менің мақсатым – Мәскеуге жетсем, ар жағынан Еуропаның есігін ашу еді. Сонымен, Еуропаның есігі де ашылды ғой... – Қай елде жүрмейін, Қазақстанның сағаты бойынша қозғаламын. Еуропа десе, Париждегі қызық жайт еске түседі. Париж бен Алматының уақыт айырмашылығы алты сағаттай. Алматы уақыты бойынша сағат таңғы бестерде, жергілікті уақытпен түске қарай жолға шықтым. Оразаны ашар асхана жоқ. Қанжығадағы су да таусылған. Бұл жақтың бір ерекшелігі – жол бойында ертедегі тас қамалдар сіресіп тұрады екен де, ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ, өмірлері сол қамалдардың ішінен көрінбейді. Түс ауған кезде егінді суару үшін шашырай аққан суға көзім түсті. Соған жақындап, суға қолымды тосып, шөлімді қандырып алдым. Мадридке барам деген сапарымның жолы кесіл­гендей. Себебі, Франция мен Испания арасындағы ормандар өртеніп жатыр екен. Елшілікпен хабарлассам, олар Парижге қайтыңыз деді. Сонымен, кері қайтуға тура келді. Тағы күре жолға шықтым. Бір кезде жергілікті жердің полицейлері соңымнан қуып келді де, тоқтатты. Мен білетінімді айтамын ғой: «Қазақстан, веломарафоншы, немісше «Достық» деген сөздерді қайталап айтып жатырмын. Олар бірдеме дейді. Бір уақытта, велосипедімді ақырын көтеріп, мәшинесіне салды да, өзіме «отыр» деп ымдады. Сөйтті де Парижге қарай зымырады. Жолда бір-екі мотоцикл мінгендерді де ұстады. «Осылармен бірге қамап қояр ма екен» деп мен келемін. Әлгілер орталыққа хабарлап жатыр, «Қазақстан, веломарафоншы» деп жат­қандарын түсіндім. Байқаймын, сөздері жұмсақ. Сена өзенінің қасына тоқтады да, маған жүре беріңіз деп ымдады. Сөйтсем, Париж де жанымызда екен. Ал Меккеге бару үшін екі рет Иранға жол тарттым. Алматыдан шығып, Қырғызстан жерімен жүріп өтіп, қайта Шымкентке өтесіз, Шымкенттен бұрылып, Өзбекстанды түгел аралайсыз да, Мақтааралға қайта келесіз. Көрдіңіз бе, біздің жер қандай кең? Одан әрі Өзбекстан шекарасына кіріп, Түркіменстанға жетесіз. Күн 50-60 градус ыстық. Копетдаг деген тау Иранмен араны бөліп жатыр. Сол таумен көтеріліп келемін. Иранның ең шеткі қаласы – Мешхед. Ол Ашхабадтан 250 шақырым қашықтықта. Мен осы қашықтықты екі күнде басып өтуім керек еді. Жаңадан алған кроссовкамның екеуінің де табаны аптап ыстыққа шыдамай ашылып кетті. «Үйден қырық адым шыққан жан мүсәпір» дейді ғой. Нағыз сол мүсәпірдің күйіне түстім. Мына түрімді көрген ирандықтар маған күлетін болды-ау деп келем. Алайда, түн жарымына дейін жүрсем де алдымнан бір елдімекен кездессеші! Айдың жарығымен тауға көтеріле түсем. «Тіршілік жоқ екен ғой, ертеде осы жолмен жаяу-жалпы Меккеге қалай жеткен» деп таң қалдым. Мен ғой, жаяуды бірнеше есе орап алатын велосипедіммен бір таудан аса алмай келемін. Түн. Жылт еткен тіршілік байқалмайды. Бір кезде биіктен бір сәуле өлімсіреп жылтырағандай болды. Асханасы, қонақүйі биікте орналасқан-ау деп, мен жылдамырақ жүре бастадым. Велосипедімді жетекке алғанмын. Екі адым алдыға жүрсем, бір адым кері сырғанаймын. Ұсақ тастар жолыма кедергі келтіріп, аяғыма оратылады. Бұл не болды, неге аяғым алға баспайды деп келе жатқанда кенет бір суық ой бойымды қарып өтті, кілт тоқтай қалдым: «Ау, таудың ұшар басында есі дұрыс пенде отыра ма? Мен осы қай туысыма ентелеп, асығып келемін? Онда мені құшақ жайып кім күтіп отыр еді?». Таудың орта тұсына дейін көтеріліппін. Алай-бұлай болып жатсаң, хабарласа қоятын Елшілікке де таудың басынан телефон шала алмайсың, желі жоқ. Сонымен қойшы, әрі-сәрі болып тұрдым да, түн жарымында кері қайтпай, осы жерде таңды күтуді ұйғардым. Жалпақ-жалпақ тастар бар екен, сол тастардың қуысына кірдім. Тауда түнде ұйықтауға болмайды, суық қой, қатып қалуың мүмкін. Әй, бірақ, ұйқының да көзді байлап тұрғаны шамалы. Бақырған ешкі дауысы алыстан естіледі. «Демек, тау басында отырған қойшы болды ғой», – деп қоямын елегізген көңілімді басып. – «Бұл жақта сиыр, қой баласын өсірмейді, тау-таста баққанға ешкі жақсы. Тау басындағы үй қойшыныкі екен…». – Астанада өткен «ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, туристерді күтіп алуға да атсалыстым» деп едіңіз... – Иә, ол рас. Өзім сияқты Қытай саяхатшысын күтіп алып, елорданы аралаттық. «Ол көрмені аралап, Жапония, Германия, Корея, Ұлыбритания, Испания, Чехия, Үндістан, Италия, Египет, Ресей, Белгия, Белорусь, Мексика, Ямайка, Татарстан, т.б елдердің күн энергиясының қуаты, жасыл экономика тақырыбына қатысты павильондарын көріп, ерекше әсерге бөленді. Оның ішінде ең үлкені Германия, Ресей, Қазақстан елінікі екен. Чех елінен келгендер тоқпен жүретін әрі жиналатын велосипедті паш етті. – Қанша тіл білесіз? – Шамамен 9 тілде емін-еркін «нан сұрап жей аламын». Қазір ағылшын тілін үйренуді үдете түстім. Ендігі меже – АҚШ вело-сапары. Алла денсаулығыма қуат берсе осы елге табаным тисе деп тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы