ЖАҚСЫ, ЖАЙСАҢ ҚАДІРІН КЕТІРГЕНШЕ КІМ АСЫҚ?

ЖАҚСЫ, ЖАЙСАҢ ҚАДІРІН КЕТІРГЕНШЕ КІМ АСЫҚ?

ЖАҚСЫ, ЖАЙСАҢ ҚАДІРІН  КЕТІРГЕНШЕ КІМ АСЫҚ?
ашық дереккөзі
...Қазақта бір ғаламат ақын болды. Ол ұлтын бөлмей сүйетін, ұлтының ұлы тұлғаларын әспеттейтін, байтақ даланың бар өлкесін төбесіне көтеретін. Оған туған елінен ұлы ел, туған халқынан ұлы халық жоқ еді. Осынша жүрегі үлкен, құшағы кең ақынды елі де емірене сүйетін. Оның жырларын аузынан тастамай, асқақтата оқитын.  О, адамдар, біргемін мен сендермен, Ықыласыңа еш нәрсені теңгермен. Сендер менің бақытымның бұлағы, Сендер менің дарыныма жел берген. Өздеріңмен өмір шыңын бірге астым, Жарты құртты бөліп жедім, сырластым. Дүниеге келгенім жоқ шет жүріп, Рақатын ойлау үшін бір бастың. Гүлстанға айналдырған тақырды, Болат қолдар, алғыр милар ақылды, Сүйемін мен, сүйемін мен сендерді Алар демім қалғанынша ақырғы... Дүниені осылай бар кеңдігімен қабылдайтын, ондағы барлық адамдарды туған бауырындай қадірлейтін ақын туралы «ол кім», «несімен мықты» деп сұрап отыратын қазақ аз бүгінде, тек оның, Төлеген Айбергенов екенін айтсаң болды, аржағын ешкім сұрап отырмайды. Әрине, ақынның тілден гөрі жүректе өмір сүргені артық, өйткені бір жүрек бір жүрекке шынайы сезімін жеткізу арқылы жақсылардың атын сақтайды, затын танытады. Бірақ белгіліні тілге тиек етпей сөз сөйлемейтін қоғамнан ешкім де сырт өмір сүре алмайтындықтан біздің санасатын нәрсеміз көп. Сондықтан айналадағылардың қалауына да назар аударамыз. Елге үрдіс нәрсенің бірі – халыққа белгілі тұлғалардың атын мәңгі есте қалдыру шарасы. Бір кезде (КСРО дәуірі ғой) оны мемлекеттің өзі кесіп, пішіп, шешім шығарып – орындатып жататын. Ал қазақ елі тәуелсіз ел болғалы мемлекет жер-су атауларына, көше, мектептерге ат беруде халықтың талап-тілегімен таласып, олардан түскен ұсыныстарды ескеріп жұмыс істейтін болды. Жасыратыны жоқ, басында бұл іс дұрыс келе жатқан, бірақ не болса соны дүрмекке айналдырып, шаңдатып жүретін қазекем тым жақсы басталған істің ізін сиырқұйымшақтатып, бүлдіріп тынды. Жер-жерде шежірешілер қаптап, әр рудан шыққан қисапсыз би-батырлар туралы аңыздар мен туыстық жалғастықты көрсететін кестелер басылған кітаптар көбейіп, әркім өзіне жақындар туралы мәліметтер басылған лицензиясыз кітаптарды жастығының астына жастап жататын болды. Жай оқып, біліп қойса мейлі ғой, шежірелер дәріптейтін «ел қорғандары» мен «сөз киелері» тарихтан орын алуы үшін жанталасатындар көбейді. Ал тарихтан орын алу үшін мектептердің маңдайына аты жазылып, көшелердің дуалдарына есімі шегеленуі керек. Обалы не, туын енді желбіретіп жатқан жас мемлекет ешкімнің бетінен қақпады. Сөйтіп, елдің көзі түсетін жердің көбінде аты бір тайпа елге ғана мәлім тұлғалардың есімдері әспеттеліп тұратын кезең де өтті басымыздан. Бірақ бұл нәрсенің тайпалық инстинктті қоздырып бара жатқанын сезген билік басындағылар жер-су атауларына кісі есімін беруге біраз уақытқа мораторий жариялады. Сөйтіп бір көтеріліп, басылдық. Басылғаны не керек, анадай дүрбелең кезінде талай тұлғалымыздың аттары әспеттеуден сырт қалғанын бір-ақ білдік. Соның бірі – Төлеген Айбергенов еді. Жалған дүниеде 30-ақ жыл өмір сүрсе де, өзінің ақындық талантымен халқына кең танылған оның есімімен аталатын Алматыда ұзақ уақыт бойы мектеп не көше болмады. (1997 жылы туған жері Қарақалпақстанда бір мектепке, 2001 жылы Нұр-Сұлтан қаласында тағы бір мектепке Т.Айбергеновтің аты берілген-ді. Сондай-ақ Шымкент, Сарыағаш қалаларында атында көше бар). Өзінің ақындығы танылған жерде аты әспеттелмей келгеніне оның шығармашылығын қадірлейтін жұрт наразылық білдіріп жататын. Дегенмен жұрттың талап-тілегіне орай ана бір жылдары Алматының сыртындағы Қалқаман поселкесіндегі қысқалау бір көшеге атын берген болатын. Енді міне... Белгілі әнші, сазгер Роза Әлқожа 7 маусым күні сағат 23:24-те өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай депті: «СҮЙІНШІ БАУЫРЛАР! Алматы облысы Іле ауданына қарасты Екпінді ауылының номері 48-мектебіне Табыннан шыққан ақиық ақынымыз Төлеген Айбергенов атамыздың аты берілді. Құттықтаймыз». (Жазу стилі сақталды). Әрине жақсы хабар жан жадыратады, оған қуанбасақ адамшылығымыз қайсы? Бірақ... «Табыннан шыққан» деп көзге шұқып көрсетудің не керегі болды екен? Оған әрине бізден басқа кісілер де тіксініп қалған сияқты. Жазбаның астында Қалмаханбет Мұқаметқали деген кісі «Табыннан шыққаны» несі?» деп сұраса, одан сәл төменде ақынның қызы Салтанат Айбергенова «Ия, біраз адамдар неге табыннан шыққан ақын деген деп ренжіп жатыр, әкемнің табыннан шыққаны рас, бірақ әкем рулық деңгейден өтіп, қазақтың ақыны болып кеткені өтірік емес» деп жауап беріпті. Тырнақ астынан кір іздейін демейсің ғой, бірақ осындай жағымсыз нәрсе бір адамға қатысты қайта-қайта алдыңнан шыға берсе темірден жасалмаған жүйке жарықтық сыр бермей қалмайды екен. Расын айтсақ, соңғы кезде Төлегендей ғазиз ақынның атына кір келтіретін жоғарыдағыдай жазбаларды аз кездестірмейміз. Бірде фейсбукте біреу Ақтөбенің Байғанин ауданына қатысты жасалған баннердің суретін жариялапты. Сол ауданда дүниеге келген бірнеше қаламгердің арасында Төлеген Айбергеновтің де бейнесі жүр. «Бұл қалай, Айбергеновтің бұл ауданға не қатысы бар?» деп сұрасақ, әлгі баннерді жариялап отырған сабазың: «Төлегеннің ата-бабасы осы жерде дүниеге келген, осы арадағы табындардан шыққан ғой» деп қарап отыр... Күллі халыққа ортақ талантты рулық тегіне қарай жақын тартудан жүзі жанбайтын бетпаққа не дерсің?.. Тағы бірде маңғыстаулық бір жігіт сол Фейсбукте «Адайлар Маңғыстауды қалай сүйсе, мен де адайларды солай сүйдім. Адай ағайынның бастан кешкенін табын ағайыннан артық ешкім білмес...» Төлеген Айбергенов 1965 жыл, Қоңырат қаласы» деген жазуды бөлісіп отыр. «Мына жазба қайдан алынған? Төлеген ақын ру мәселесінде («Қателессең тартып отырған күйіңнен, керілдесіп қалады екен адайлар» деген «Маңғыстау саздары» циклында бір жол өлеңін айтпағанда) сөз қалдырған ақын емес қой» десем, «Интернетте Əли Балта Балуан туралы мәлімет іздегенімде кездесті» дегеннен басқа дерек бере алмады. Ал Фейсбуктегі «Табын руы» тобында Т.Айбергеновтің «Табыннан шыққан талантты ақын» екені бірнеше жерде айтылады... Ана бір жылы Қарақалпақстаннан Ақтөбеге көшіп барған, кезінде ақынмен бірге дос-жолдас ретінде араласқан Айладыр Өтәлиев деген кісі «Айбергенов әлемі» журналының ең алғашқы санына берген сұхбатында «Төлеген өзін ақтөбелікпін деп санайтын еді...» деп қалғаны бар. Артық сөз екенін білсек те, ақынның 75 жылдық мерейтойын қуана тойлап жатқан жұрттың көңіліне қаяу салмайық, әрі үлкен кісінің жағасына жармаспай-ақ қояйық, жұрт елең қыла қоймас деп ойымызды сыртқа шығара қоймап едік. Бақсақ-көрсек, бүгінгі көп әңгіменің түп-төркіні марқұм Айладыр Өтәлиевтің бір ішкі мақсатпен айтқан сөзінен туындап жатқан сияқты... Біз, әрине, ақынның әлгіндей сөздерді айтқан-айтпағанына көзіміз жетпейді. Бірақ одан қалған ақындық мұраның мән-маңызына қарап, оның рулық, тайпалық сезімнен әлдеқайда биік тұрғанына сенгіміз келеді. Неге десеңіз, оның біреуді руына не жеріне қарап бағалағанын, жақын тартқанын естімедік. Ол туралы жазылған қаншама арнау жырлар мен мақала, естеліктерде ондай ұсақтық туралы айтылмайды. Демек, бүгінгілердің бықсытып жүргенінде негіз жоқ. Төлеген – ұлттың ақынына айналған тұлға! Ақынның 2017 жылы өткен 80 жылдық мерейтойы тұсында оның шығармашылығына арналған конференциялар мен әдеби кештер Ақтау, Шымкент, Алматы, Астана, Мәскеу (Ресей), Нөкіс (Қарақалпақстан) қалаларында өтті. Бірнеше кітаптар басылып шықты. Мұның бәрі де – Төлеген Айбергенов деген ғажайып таланттың күллі қазаққа ортақ ақын екенінің дәлелі. Ендеше оны «ру-тайпалық» инстинктпен өмір сүретіндердің қолжаулығы ете алмаймыз. Мақтасақ – ақынның туған жері не ата тегіне мән беріп емес, оның қазақ деген халықтың жырына сән бергенін айтып мақтайық. Бүкіл әлем ұлт болып ұйысып, халық болып толысып жатқанда, біздің тұлғаларымызды «тайпаның шапанына» шақтаймыз деп тыраштануымыздан асқан сорақы нәрсе жоқ. Есті ел жақсылары мен жайсаңдарының қадірін кетіруге асық болмай, дарыны мен арынын тануға ғашық болса керек-ті.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ