Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: МЕН ДҮНИЕ ЖИМАДЫМ, КІТАП ЖИДЫМ

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: МЕН ДҮНИЕ ЖИМАДЫМ, КІТАП ЖИДЫМ

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: МЕН ДҮНИЕ ЖИМАДЫМ, КІТАП ЖИДЫМ
ашық дереккөзі
Азаттықтың ақ таңы атып, ел іргесінің бекуіне ерекше еңбек сіңірген екі адам болса, соның бірі – Мырзатай Жолдасбеков. Қалың қазақтың құрметіне бөленген ел ағасы саналы ғұмырында халықтың бар қуанышы мен сүйінішін бірге көрді. Көргені мен білгенін, көңіліне түйгенін қалың оқырманына жеткізіп жүрген тұлғаның әлі де айтары таусылмағаны шүбәсіз. Сондықтан қазақтың жанашыры, ұлттың ұлы Мырзатай ағамызбен әңгіме-дүкен құрғанды жөн санадық. Сексеннің сеңгіріне шықса да, ізденуден, оқудан талмайтын ел ағасы сұхбаттың елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткенін қалады. Бұл кітапханада өзінің атындағы мемориалдық кітап коллекциясы залы бар екенін біреу білер, біреу білмес. Бірақ дәл осы зал Мырзатай Жолдасбеков үшін ерекше ыстық әрі бағалы. Содан болар, ағамыз қояр сауалымды тоспастан әңгіменің әлқиссасын бірден осы залдағы кітаптардан бастады. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор: – Кезінде біз дүние жимадық, оның орнына кітап жинадық. Ол кезде дүкенге жаңадан кітап түскенін естісек, қол жеткізгенше жанталасатын едік. Сөйтіп тірнектеп жүріп жинаған дүнием қазір мына залда көз алдыңда тұр. Ел-жұрт менде кітаптың көп екенін жақсы біледі. Содан менің кітапханамдағы байлығымды сұраушылар көбейді. Бар жиған кітабыңды қиып бере салу оңай дейсің бе?! Көп ойландым. Бірде осы кітапханаға Үмітхан Мұңалбаева басшы болып келді де: «Аға, кітапхана өзіңізге көптен қолқа салып жүр екен, кітабыңызды көпшілікке қисаңыз қайтеді?!» деді. Өтініп тұрғасын бетін қайтара алмадым, ақыры келісімімді бердім. «Саясатқа айналып кетпесін, кітаптарым бөлек, жеке тұруы керек» деп ескерттім де, егер кейін «Бұл кітаптар неге жеке тұрады? Неге өзге кітаптарға қосылмаған?» деген әңгіме туындамаса, бар жиғанымды кітапханаға тапсырайын дедім. Уәде бергеннен кейін үш күн ұйықтай алмадым. Сонау ерте кезден өзіммен бірге келе жатқан кітаптар бәрі. Мен осы кітаптармен ой толыстырдым, білім жинадым, ғылымға бет алдым, ғалым болдым. Сырласым, мұңдасым болған, талай жетістігіме себепкер болған кітаптарымды қалай қияйын?! Қия алмадым. Бірақ уәдемде тұрдым. Сөйтіп, кітаптарымның бәрін осы Ұлттық академиялық кітапханаға тапсырдым. Мұнда қазақ тарихы, Ресей тарихы туралы кітаптар өте көп. Мәселен, орыс тарихшылары Соловьев, Ключевский, Карамзиннің шығармаларының толық жинағы бар. «Большая энциклопедия искусства» атты 16 томдық туынды да осында. Бұл еңбектің Қазақстанда тағы кімде бар екенін білмеймін. Сосын «Манас» жырының барлық нұсқалары бар. Саяқбай Қаралаевтың толық нұсқасын да таба аласың. Мен Саяқбай Қаралаевты көрген адаммын. «Манас» жырын ең алғаш хатқа түсірген Шоқан Уәлиханов. Содан кейін «Манасты» терең зерттеген адам да қазақтан шыққан. Ол – Әлкей Марғұлан. Оның «Шоқан және Манас» атты монографиясы қалың қазаққа жақсы таныс. Ал бұл жырға тереңірек зер салған адам – Мұхтар Әуезов. «Манас» жырының халықтық шығарма екенін дәлелдеп берген де сол кісі. «Манас» жалғыз қырғыз емес, қазаққа да ортақ эпос. Мұнда түркологияға қатысты кітап та көп. Лев Гумилевтің «Древние тюрки» атты еңбегі бар. Кітаптың іші шимай-шатпақ, әбден сызылған. Гумилевтің бұл туындысын мен жастанып жатып оқығанмын. Менің диссертациямның тақырыбына байланысты бірден-бір еңбек осы болатын. Талай жылдар қолымнан түспеген кітаптың мұқабасы әбден тозған еді, кітапханадағылар мұқабасын жаңартып берді. – Өміріңіздің бір парасы осында екен ғой... – Дұрыс айтасың. Мұндағы кітаптардың бәрі сөйлеп тұр. Бәрі жаныма жақын. Дүниеқоңыз болғаным жоқ. Бар байлығым – осы кітаптарым. Мына сөредегі кітаптардың бәрін өзім парақтап оқығанмын, өзім ғана емес, қыздарым мен немерелерім де осы кітаптармен өсті. Сондықтан кітапханадағы мына кітаптар мен үшін тым ыстық. Бұл зал – менің екінші үйім. Уақытымның біраз бөлігін қазір осында өткіземін. Мүмкіндігім болса, осы жерге келемін. Аяғым тартып тұрады. Кейбір кездесулерді осында өткізгім келеді. Сосын Еуразия ұлттық университеті профессорларының да қалаулы кабинеті осы боп тұр. Осында келіп студенттерге, магистранттарға дәріс оқиды. Тағы бір нәрсені айта кетейін. Мұнда қолтаңбамен жазылған кітаптар бар. Соларды ашып оқысам, көзіме жас келеді. Талай ұлылармен етене араласқан адаммын. Олардың қатарында Әбділда Тәжібаев та бар. Әбекең бір кітабына «Өзімнің өңірімнен жаралғандай Мырзатайыма» деп қолтаңбасын қалдырыпты. Қалай жыламайсың?! Қалай көзіңе жас келмейді?! Қалай өткен күндерді сағынбайсың?! Қолтаңбаларын оқысам, бәрі тірі сияқты. Сол қолтаңбаларды жинақтап, мына кітапхана «Қолтаңбалар жинағы» деп арнайы кітап шығарғалы жатыр. – Туған жеріңіз Талас топырағынан өзіңізге ілесіп келген кітаптарыңыз да бар шығар арасында... – Жоқ, айналайын, олар қайдан келсін?! Таластан кітап келген жоқ. Ол кезде кітап та болмады ғой қолымызда. – Дегенмен, әкеңіз сізге үлкендердің әңгімесін көп тыңдатқан екен... – Иә, ол кісі «ойынның түбіне жеткен бала жоқ, одан да қариялардың әңгімесін тыңда» дейтін үнемі. Бала кезде ақ тер, көк тер боп ойнап жүреміз, «көкең шақырып жатыр» дегенді ести сала, үйге қарай құстай ұшам. Көкем көрші колхозда парторг еді, атқа салған қоржынның екі басын толтырып газет әкелетін. Сөйтіп, маған газет оқытатын. 6 жасымнан бастап оқыдым сол газеттерді. Менің газет оқығаныма қарап көкемнің кеудесін мақтаныш кернейтін болуы керек, шай құйып отырған апама қарап: «Көрдің бе, апасы, балаң ертең адам болады» дейтін. Менің алдымда 3 жас үлкен ағам бар, бірақ әкем оны өзімен көп ертпейтін. Жанына мені ілестіріп алып, қариялардың жиналып отырған жеріне апарады. Әкемнің жасы кіші болса да, барған жерінде төрден орын беретін. «Үлкен шаңырақты ұстап отырсың, Темір бидің ұрпағысың» деп сыйлайтын. Сонда қариялар: «Жолдасжан-ау, мына сығырайған жәумелегіңді жаныңнан тастамайсың, Шымыртайды бір ертпейсің ғой жаныңа» дейді. Әкем болса: «Құдай қаласа, көресіздер, ертең бірдеңе шықса, осы жәумелегімнен шығады» деуші еді. «Адам болам десең, үлкендердің әңгімесін тыңда» деп жиі айтатын. Содан сол қариялардың әңгімесін тыңдаймын. Әуелде үйрене алмай жүрдім, ойын баласы емеспін бе, жалығып кететінмін. Кейінірек олардың әңгімесін ұғынып тыңдайтын болдым, сөздерінің мәні тереңде екенін түйсіне бастадым. Тіпті, солардың әңгімесін көп тыңдағасын, қариялар секілді сөйлей бастадым. Қатарлас балалардың бәрі маған «сен шал сияқтысың» дейтін сол кезде. – Әкеңіз сізге әу бастан-ақ ерекше үміт артқан боп тұр ғой... – Көкем маған кішкентай кезімнен ерекше үміт артты. Саған бір әңгіме айтып берейін. Баяғыда біздің ауылдан улап-шулап сығандар өтетін. Алба-жұлба арбалары бар. Айна-тарақ, шаңқобыз сататын. Ауылдың қыздары шаңқобызды солардан сатып алатын еді. Сол сығандардың арасында бір кемпір бар екен. Өзі қазақша білетін көрінеді. Әлгі кемпірге бәрі бал аштырады. Бірде маған аяғы ауыр анам айы-күні жетіп отырған кезде сыған кемпірге бал аштырыпты. Сөйтсе әлгі кемпір апама: «Ұл туасың, оң аяғының нышаны болады, көп жасайды, елге өте қадірлі, белгілі болады» деп айтыпты. Сол жердегі әйелдер: «Бұл да сөйлей береді екен ғой» деп әлгі балгерді күстаналап кетіпті. Содан көп кешікпей апам мені босанған. Ол кезде әйелдер жабылып жүріп босандыратын еді ғой. Бәрінің апаммен де, менімен де ісі болмапты. Оң аяғыма қарапты бәрі жанталасып. Оң аяғым алты бармақ боп туыппын. Содан бәрі таңырқап, әлгі сыған кемпірдің сөзі дәл келгеніне қайран қалыпты. Бала күнімде балалардың біреуі менің маңдайымды шерткен емес. Қариялар: «Мырзатайға тимеңдер, ол нысаналы» деп тигізбейтін еді. Ауылда мектеп жоқ, мұғалім жоқ, оқулық жоқ. «Қалай адам болдық?» деп таң қалам осы күні. Сабақ беретіндердің бәрі өзіміздің туысқандарымыз. Жеңгелеріміз атымызды атай алмайды, кішкенем, мырза бала, қайын ағамның баласы деп отырады сабақ барысында. Сөйтіп жүріп оқыдық мектепте. Мен білімді мектептен емес, қариялардың әңгімесінен алдым. Солардың өнегелі сөздерін тыңдап, мәнді әңгімелерімен сусындап ер жеттім. Өздері бір академия сияқты, университет сияқты қариялар болды. Сондай кемеңгерлердің арқасында адам болдық. Өкінішке қарай, қазір ондай қариялар жоқтың қасы. – Мектепте болмаса да, университетте нағыз ұстаздардан тәлім алдыңыз... – Рас, нағыз білімді университеттен алдым. Қаншама ұлы тұлғалардың дәрісін тыңдадық десеңші. Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдоловтардан сабақ алған бақытты шәкіртпін. Бейсенбай Кенжебаев менің жетекшім болды. Былай қарағанда момын кісі болғанымен, өте принципшіл еді. Қазақ әдебиетінің осынша тереңдегеніне себепші болған бірден бір жан – осы Бейсенбай Кенжебаев. Бұрынырақта «Қазақ әдебиеті» оқулығында (авторы академик Қ.Жұмалиев): «Қазақ әдебиетінің тарихы он сегізінші ғасырдан, он сегізінші ғасырда өмір сүрген Бұқар жыраудан басталады» деп жазылатын. «Жоқ, олай емес, қазақ әдебиеті ежелден қазақ халқымен бірге туған, бірге дамып келеді» дегенді алғаш айтқан кісі – Б. Кенжебаев еді. Мен – ол кісінің ойын алғаш дәлелдеген адаммын. Біздің бағымызға орай ол кезде ғұламалардың бәрі тірі еді. Мұхтар Әуезов біздің курсқа үш жыл қатарынан сабақ берді. Мұндай курс КазГУ тарихында болмаған. Бірінші курста «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», екінші курстың бірінші семестрінде «Абайтану» арнайы курсы, екінші семестрінде «Манастану», үшінші курста «СССР халықтарының әдебиетінен» дәріс оқыды. Әлкей Марғұлан ағамыздың да дәрісін тыңдадық. Темірғали Нұртазин, Мәулен Балақаев сынды асылдар сабақ берді. «Асылдарым» атты кітабымда осы ұстаздарым жайында жаздым. Осы асылдардың арқасында адам болдым, ғалым болдым. Мен үшін КазГУ – шынайы білімнің ордасы болды. Қара шаңырақ бүгін де сол биігінен төмен түспеді деп ойлаймын. Бірақ қазіргі уақытта қарап отырсам, елімізде университет көп. Бұрын жоғары оқу орындары санаулы болғанымен, сапалы білім беретін. Ал қазір білімі жоқ университеттер, ғылымы жоқ академиялар қаптады. Аты бар, заты жоқ университеттер көбейді. – Білім мен ғылымға ерекше ден қойған жансыз. Бірақ сіздің өнерден де алыс емес екеніңізді жақсы білеміз. Ілия Жақанов «Дүние, шіркін» атты еңбегінде сіздің бұл қырыңызды ерекше ашып көрсетті. – Ілия Жақанов менің туған өлкемді «сенің ауылың – шағын филармония» деп бағалаған еді. Расында да, кішкентай ғана алақандай ауылдың адамдары шетінен бәрі өнерпаз болатын. Ауылға талай дүлдүл өнерпаздар келетін. Сол ауылда Сүгірді 3 рет көргендердің бірімін. Бұл туралы кітаптарымда тереңірек жаздым. Біздің ауылда Шәмшілда деген жегжаты бар еді, соның үйіне келетін. Шәмшілда Боранқұл деген күйшінің туған нағашысы әрі ұстазы. Сүгірді жиылып ап, ел тыңдайтын. Ол заманда күй тыңдайтын, күйдің қадірін түсінетін жандар көп еді. Күйшілер де күйді тартпас бұрын оның тарихын айтатын. Содан кейін ғана күй тартуға көшетін. Ал қазіргілерге «күй тарт» дей қалсаң, бірден домбырасын сабалап шыға келеді. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Қазақтың «Күйді мың кісі тыңдайды, бір кісі түсінеді» деген сөзі содан қалса керек. Күйдің тарихына, тереңіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Өкінішке қарай, қазір тіпті күй көп тартыла да бермейді. Ең өкініштісі, соңғы кезде домбыра да, қобыз да жер бауырлап, төмендеп қалды. Құдайға шүкір, былтыр Елбасы жарлығымен Домбыра күні жарияланды. Бірақ мен домбыраның күмбірі тек сол күні естіліп, басқа күні ұлттық аспабымыз ұмытылып қала ма деп қорқамын. 80 жасқа толғанда сол кездегі «Қазақстан» арнасының басшысы Ерлан Қаринге хабарласып, «маған екі хабарыңды берші, біреуін домбыраға, біреуін қобызға арнайық» дедім. Ол келісті де, менің туған күніме орай бір кешті қобызға, екіншісін домбыраға арнадық. Қобызға арналған кешті Әлқуат Қазақбаев, домбыраға арналған кешті Жанғали Жүзбаев жүргізді. Айтарлықтай жақсы кеш болды. Қазақ – өзінің мұңын айтып жеткізетін, шерін тарқататын, сан мың жылғы тарихын жадында сақтай алатын қобыз, домбыра секілді құдіретті аспаптарды дүниеге әкелген халық. Бұл екеуі де – көкірегі көмбеге толы халықтың мұңшылары. Осы құдіреттерді тудырып, оларға тіл бітірген ғажап өнер адамдары да қазақ халқынан шыққан. Сондықтан, домбыра мен қобыздың қазақпен бірге жасасып келе жатқан аспаптар екенін естен шығаруға әсте болмайды. – Әңгіме ауаны ұлттық өнерге ауысты ғой. Аға, сіздің ойыңызша бүгінгі күні ұлттық құндылықтарды ұлықтай алып жүрміз бе? – Мен олай деп айта алмаймын. Біз бала кезімізде қазақтың ырым-тыйым, салт-дәстүрінің бәрін білетін едік. Қазір соның бәрі шетінен кетіп жатыр. Бүгінде теледидарды қарауға жүрексінетін болдық. Экранды қосып қалсаң жын-шайтан сияқты. Шаштары алба-жұлба, жартылай жалаңаш, ылғи шайтан секілді секеңдеген, секірген біреулерді көресің. Өтірік күледі. Халықтың талғамы төмендеп барады. Қазақ әу бастан, табиғатынан терең ойлы, философ халық. Ал мына бүгінгі көк жәшіктен көрсетіп жатқан дүниенің дені қазақтың табиғатына жат деп білемін. Осылай жалғаса берсе, біз нағыз ұлттық қасиеттерімізден айрылып қалуымыз мүмкін. Жастар өте еліктегіш келеді. Бұлар Батысқа еліктеп жатыр. Оның бәрі бізге үлгі, өнеге бола алмайды. Бүгінгі шығып жатқан әндерде де сапа жоқ. Не мән, не мағына жоқ. Сөзінде құн жоқ. Сол мән-мазмұнсыз әндер сол жерде айтылады да, ұмытылады. Қазақтың халық әндерін алып қарашы, сол әндер мен күйлер әлі күнге дейін қазақпен бірге өмір сүріп келе жатыр. Неге? Өйткені олар қанша уақыт өтсе де мәні мен мазмұнын жоғалтпаған туындылар. Таза өнер үлгісі. Қазақтың бар болмысын көрсететін де сол туындылар. Қазақ әнінің құдіретін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру үшін бесік жырын қайта қалпына келтіруіміз керек. Ұлттық әуен құлағына жасынан сіңбеген баладан патриот шықпайды. Ұлттық әннің құдіреті, киесі болады. Әсем ән адамды қанаттандырады, әсемдікке, табиғатты сезінуге баулиды. Қазақ даласы қандай кең болса, оның әндері де шалқар. Мен осындай қазынадан құр қалған ұрпаққа жаным ашиды. Жүрегін ән тербеп өспеген ұрпақ өз халқының да көкірегін аша алмайды. Сосын қазір ұлттық киімдеріміздің де қадірін қашырдық. Қазақтың киімдерінің өзінің де киетін орны болады. Тіпті, қазір ұлттық киім киілмейтін де болды. Ұлттық киіммен жүргендерді Наурыз мерекесінің кезінде ғана көреміз. Сыйлы азаматтарға ғана жабылатын шапанның да қадірін қашырдық. Қазір шапанды кім көрінген тігеді, кім көрінген киеді. Тіпті, біздің дарақы халық екенімізді біліп алған қытайлар да қазір шапан тігеді екен. Жылайсың ба, күлесің бе осы жағдайға? Біз ата-салт, ата-дәстүр дегеннен айрылып жатырмыз. Мен жаңашылдыққа қарсы емеспін, бірақ біз қазақи қалпымызды сақтай отырып, жаңаруымыз керек. Мына жаһандану деген дәуір – өте қиын дәуір. Аз халықтар шабақ секілді жайындардың көмейіне жұтылып кетеді. Бізді ондайдан ұлттық тұтастық қана сақтайды. Халықты бір бағытқа, бір мүддеге жетелейтін күш – идеология. Бізге ұлттық идеология қажет, қазақ халқының мүддесін қорғайтын, рухын көтеретін, тарихын, мемлекеттік тілін, салт-дәстүрін қолдайтын, туған жерін, Отанын қорғайтын идеология керек. – Қазақ халқы аңсап жеткен егемендігімізді сақтап, мемлекеттігіміздің ғұмырлы болуы жолында тер төккендердің бірісіз. Қиындықпен келген тәуелсіздіктің қадірін ұғына алып жүрміз бе? – Тәуелсіздік бір күнде орнай қалған жоқ. Ешкімнің басына бақ бір күнде қона салмайды. Бұл біздің сан ғасырлар аңсап жеткен арманымыз еді. Тілдің, тарихтың, салт-дәстүрдің қайта жаңғыруына, ой-сананың қалыптасуына қызмет еттік. Мұндай қиындықпен келген тәуелсіздіктің қадірін түсінбеу де ағаттық болар. Десек те, біз енді тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, оны баянды ету үшін өмір сүруіміз керек. Ел қамы, халық тағдырына қатысты істерде пейішке де, тозаққа да бірге кіруге тиіспіз. Ұлы Дала алдындағы жауапкершілік бізді бүгін осыған шақырып отыр. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры бізден осыны қажет етіп отыр. – Кезінде бас қаланы Алматыдан Астанаға (Нұр-Сұлтан) ауыстыруға қарсы болған екенсіз? – Иә, қарсы болдым. Ол кезде жалаң аяқ, жалаң баспыз. Киерге киім, ішерге ас жоқ. Жұрт айлық ала алмай, қарттар зейнетақыға жете алмай, студенттер шәкіртақыға зар боп жүрген кез. Нұрекең сол әңгімені шығарғанда ойымды ашық айттым. «Мынадай қиын кезде не бар? Қалай көшесіз? Алатаудай сұлу таудың баурайында отырған елміз. Алматыны қалай қиясыз?» деген едім. Сөйтсем мен ол кезде Нұрекеңнің ойын толық түсінбеген екенмін. Оның мәні тереңде екен. Мұның бәрін кейінірек ұғындық. Мына Арқа жақтағы Қарағанды, Павлодар облыстарын, Шығыстағы Өскемен, терістіктегі Петропавл, Көкшетау – осының бәрінен айырылуымыз мүмкін екен ғой. Ол кезде мына Ақмолада қазақтар 9 пайыз ғана еді. Барлық облыстарда сондай болатын. Осы қалаларды сақтап қалу үшін көтерген екен бұл бастаманы. – Күнделік жазатыныңыз бәріне белгілі. Қазір күнделік жазуды жалғастырып жүрсіз бе? – Қазір күнделік жазып жүргенім жоқ. Былтырдан бері күнделік жазуға зауқым болмай жүр. Алла сәтін салса, қайта жалғастырып қалармын. – Аға, дәл қазір не жазып жүрсіз? – Қазір қарап отырғаным жоқ. Мен қай қызметте жүрсем де, қолымнан қалам түскен емес. Өткен жылдың аяғында «Ой толғау» атты кітабым шықты. Енді биыл жақында «Ұлы дала әдебиеті» деген кітап шығардым. Ол менің бұрынғы жазғандарымнан жинақталған. Қазіргі ең маңызды еңбектерімнің бірі – «Қорқыт ата» кітабының аудармасы. PhD докторы Гүлім Шадиева есімді келіншек екеуміз 3 жылдан бері «Қорқыт ата» кітабын түпнұсқадан қазақшалаумен айналыстық. «Қорқыт ата» кітабының екі нұсқасы анықталған: бірі – Ватикан, екіншісі – Дрезден нұсқасы. Сол Дрезден нұсқасы оғыз-қыпшақ тілінде жазылған. Бұл кезінде орыс тіліне, одан бөлек түрік, әзірбайжан, түрікмен тілдеріне аударылды. Ал қазақшаға Әуелбек Қоңыратбаев тәржімалаған. Бірақ ол орыс тіліндегі нұсқадан аударды. Шәкір Ыбыраевтар түрік тіліндегі нұсқадан тәржімалады. Ал біз түпнұсқадан тікелей аударып, жақында бітірдік. Құдай қаласа, бұл да шығады. Бұл әдебиет зерттеулеріндегі айтарлықтай табыс болады деп ойлаймын. Баяғы Орхон ескерткіштерін аударғаннан кейінгі менің әдебиет тарихындағы ең үлкен еңбегім осы болмақ. Біз оның транскрипциясын, сөздігін, түсініктерін және факсимилесін беріп отырмыз. – Жазарыңыз таусылмасын, аға! Аман болыңыз! Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  Әсел ӘНУАРБЕК