ЕЛБАСЫҒА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТЫП, ӨЗІМ ДЕ КӨП НӘРСЕ ҮЙРЕНДІМ

ЕЛБАСЫҒА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТЫП, ӨЗІМ ДЕ КӨП НӘРСЕ ҮЙРЕНДІМ

ЕЛБАСЫҒА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТЫП, ӨЗІМ ДЕ КӨП НӘРСЕ ҮЙРЕНДІМ
ашық дереккөзі
304
Өткен аптада сөз болған саяси-әлеуметтік оқиғалардың бірі – Қазақстандық Ғалым әйелдер қоғамының ғылыми-практикалық форумында «Ұлы Дала рухани мұрасы – ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды сақтау тірегі» атты бағдарламалық мәселе. Форум мақсаты – «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық тәрбиенің қайнар көзі», «Ұлттық сананы қалыптастыруда ана тілінің, төл мәдениеттің және отбасының рөлі», «Заманауи ұлттық сананың жаңғыру үлгісі», «Жаһандағы заманауи ұлттық мәдениет» атты өзекті тақырыптар қозғалып, «Қазіргі адамзат баласы үшін қоғамның құндылықтары не?» деген мәселе бойынша дөңгелек үстел өте қызу пікірсайысқа ұласты. Адамзат тарихында Ананың, отбасының, ұлттық тәлім-тәрбиенің орны ерекше екенін медицина, филология, педагогика, философия, ауылшаруашылығы, тіл, жаратылыс ғылымы саласындағы ғалым әйелдер талқыға салды. Өткен жылы ғана Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінде «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Әйел. Қоғам. Білім және Ғылым» атты халықаралық симпозиумында тұсауын кескен «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» осы аз уақыттың ішінде құрамы жағынан да, өзіндік бағдарламалары жағынан да күрделі бір іс-жоспарын жасап үлгеріпті. Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор Таңат АЯПОВА ханымды әңгімеге тартқан едік. – Таңат Тәңірбердіқызы, халық-аралық «Түркістан» газетінің оқырмандары осыдан жиырма жыл бұрын өзіңізбен сұхбатты оқып еді, бүгін сол әңгімені талай жылдардан кейін жаңғыртуға тура келіп тұрғаны? – Өте дұрыс айтасыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында АҚШ-қа барып, Тусон қаласындағы (The University of Arizona) – Аризона университетінде  біраз жыл тәжірибе алмасу мақсатымен университетте сабақ бердім. Сол сапардан оралған сәтімді айтып отырсыз. Оларда ғалым әйелдердің бірігуімен ашылған қоғамдық қорлары бар екенін білдім. Ол қоғамдық бірлестік жаңа жобалар дайындап, мемлекеттік және жекеменшік секторларға өздерінің ұсыныстарын айтып, қоғамдағы әралуан істерге өз ой-пікірлерін жеткізіп, мемлекеттік маңызды бағдарламаларға баламалы жоспарларын да ұсынады екен. Олардың еркіндіктері мен талапшылдықтары мені қатты қызықтырды да, мен де сол қоғамға мүше болып кірдім. Солай олар араласатын тірліктерді көре жүріп, менің де біздің елімізде неге осындай ғалым әйелдер қоғамын құрмасқа деген ой туды. Мұндай қоғам мына Қырғызстан мен Өзбекстанда да бар болып шықты. Олардың да іс-шараларын тексеріп, зерттеп жүрдім де, осы тірлікті қолға алу керек деген шешімге келдім. Елімізде өз мамандықтары бойынша әр салада жемісті еңбек етіп жүрген 400 мыңға жуық ғалым әйелдер бар екен. Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар баршылық. Демократиялы елдің негізгі тірегі де – осы ұйымдар мен қорлар, бірлестіктер десек, олардың әрқайсысы өз міндет-мақсатына сай ойдағыдай жұмыс істесе, қоғам, әрине, алға жылжиды. Ал ол қоғамды әйел-аналарсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан біздің мақсат – қоғамдағы  өзекті тақырыптарға ғалым әйелдердің үнін жеткізу, олардың пікірлері мен нақты ғылыми тұжырымдарын ұсыну. Бүгін үйленіп, ертең ажырасып кету қалыпты жағдайға айналды. Мұндай үрдіс қайдан келді? Неге жетім балалар көп? Неге отбасы құндылығы жойылып барады? Қоғамдық формация өзгерген тұста біздің дәстүрлі құндылықтарымыз неге тоқырауға ұшырауы керек?  Міне, осындай бас ауыртар, жүрек қозғар ұлттық мәселерге ғалым-әйелдер араласып, өздерінің отбасы-ошақ қасындағы тәлім-тәрбиені ортақ бүтін үрдіске айналдырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Бұл ретте біздің қоғамның арнайы бағдарламалары әзірленіп жатыр, ол алдағы уақытта тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуге мұрындық болады. – Сіздің ағылшын тілі маманы бола тұра, өзіміздің ана тілімізге, ұлттың өзегі – мемлекеттік тілге деген жанашырлығыңыз өз алдына бөлек әңгіме. Әлемдік деңгейдегі ғалым ретінде, батыстық тәлім-тәрбие, білім-ғылымынан не үйрендік: пайдасы мен зияны жайлы көзқарасыңыз? – Өте дұрыс сұрақ. Қазіргі жастар тәрбиесінің психологиялық және мәдени негіздері, ана тілі мен төл мәдениеті баланың когнитивтік дамуының негізі, ұрпақтар сабақтастығы мәселелері үнемі назарда болуға тиіс. Онсыз мәдениет пен әдебиетіміз, өнер-білім-ғылымымыз ілгері баспақ емес. Ұрпақтар сабақтастығы жоғалған елдің болашағы бұлыңғыр екенін біз, біздің толқын ғана емес, атам заманнан құлақ естіп, санамызға сіңген ұғым екені тағы ақиқат. Сондықтан да тіл білімінің тылсым құпиялары психология, философия, логика, мифология, этнография сынды ғылым салалары бойынша да терең танылып, зерттеліп келеді. Ұлттық мәдениет, болмыс-бітім, таным секілді ұғымдарды тоғыстыратын ұлттық тілдің табиғатын тілдің өзінің ішкі заңдылықтары арқылы ғана танып білу жеткіліксіз. Рухани қазыналарымызды жинақтап, сақтайтын ұлттық тілді халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой-танымымен қоса тіл білімінде өріс алып отырған этнолингвистика, когнитивтік және психолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелутану тәрізді тілдің құрылымдық және функционалдық жүйесінің кешенді үлгілерін айқындайтын  ғылымдарының да пайда болуы заңдылық. Бұл дегеніңіз, әсіресе когнитивтік ғылым – тіл мен адам саласын, тіл мен танымды біртұтас жүйеде қарастырып, адамның физиологиялық, психофизиология мен психологиялық ерекшеліктеріне қарамастан, тіл мен ойлау мүмкіндігін қарастыру деген сөз. Мен өмір тәжірибемде, ұзақ жылғы ұстаздық, шеттілі маманы ретінде, қай елде, қай мемлекетте қызмет атқарсам да, сол жердің тұрғылықты халқының тіл мәдениетіне, ұлттық тәлім-тәрбиесіне көңіл бөліп, қызығып жүрдім. Жоғары оқу орындары түгілі, мектеп, мектепке дейінгі мекемелерде болып, зерттеу жүргіздім. Сонда байқағаным, кез келген мемлекет баланы ана құрсағында жатқаннан-ақ, әңгімеге тарту, онымен санасу, тілдесу арқылы өздерінің төл мәдениетін, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады екен. Әлі өмірге, мына жарық дүниеге келмей жатып, анасының үнінен-ақ өзінің қай ұлттың өкілі екенін сезінуі керек деген қағида бертін келе ана сүтімен қалыптаса түседі. Ал балабақша мен мектеп қабырғасындағы тәлім-тәрбие, әрине, тағы да ұлттық төл мәдениетімен тығыз байланыста болмақ. Біздегі сияқты енді ғана санасы дамып келе жатқан бүлдіршінді балабақшадан, яғни үш-төрт жастан басқа елдің тілімен миын қатырмайды. Мектептің бастауыш сыныптарынан кейін ол бала қай шеттілін оқығысы келеді, өз еркі. Осы үрдісті біздің елде де қабылдау керек. Кей жиындарда «Сіз өзіңіз ағылшын тілінің маманы бола тұра, неге шеттіліне қарсылық білдіресіз» деген сұрақтар алдымнан жиі шығады. Маман ретінде, еш қарсылығым жоқ. Бірақ мектепке дейінгі, бастауыш сыныптарда баланың психологиясын тек ұлттық төл мәдениетіміз бен ғылым-білімге бейімдеуіміз қажет-ақ. Егер баланың санасы тек өз ұлтының, әдет-ғұрпының, мәдениеті мен әдебиетінің негізін бойына сіңірсін, ұлттық уыздың дәмін татсын десеңіз, бала тілін шұбарламайық десеңіз, шетелдіктердің осы үрдісінен үлгі алуға болады. Біз үнемі үйретіп қана қоймай, өзіміз де үйренуден жалықпауымыз керек. Өз басым ағылшын тілінен сабақ беріп қана қоймай, ғылымның тілге байланысты салаларын үнемі зерделеп-зерттеп жүремін. Мәселен, нейролингвистика – неврология мен тіл білімінің түйіскен жерінде пайда болатын, мимен байланысты тіл жүйесін қарастыратын ғылым. Мидың зақымдануынан сөйлеудің бұзылуы (афазия) орта ғасырлардан белгілі болса да, бертін келе, яғни ХIХ ғасырдың екінші жартысында ғана зерттеле бастаған ғылым. Қазіргі кезде нейролингвистика адамның сөйлеу қызметін жүйелі-кешенді зерттеудің бір саласына айналып, қызықты ғылыми тақырыптарға өзек болып отыр. Сондықтан да тіл мәселесін адам физиологиясынан бөле-жара алмаймыз. Тұтас бір жоба, ғылым. Бұл ретте шетелдік ғалымдардан үйренеріміз баршылық. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымызға жанашырлық ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тіл мәселесімен тығыз байланысты екенін ескерсек, ғылымның кез келген саласына бейжай қарау мүмкін емес. Батыстың мәдениеттің озық жақтары да, үрдісімізден сызып тастайтын жақтары да аз емес. Олардан туған тілдеріне деген құрметті қажеттілікке әкеліп тіреп қоюынан байқайсыз. Ал бізде күнделікті тіршілігімізде ана тілімізге, мемлекеттік дәрежесі бар қазақ тіліне деген көзқарас қандай?! Ана тілімізде таза сөйлейтін бірен-саран басқа ұлттың өкілдерінің маңайынан ұзап шыға алмай жүрміз. Қаншама жастар қазақ тілін жақсы меңгеріп алған, одан жаман болып отырған ешқайсысы жоқ. Нәпақасын сол тілмен тауып жеп, өсіп-өніп келеді. Басқа ұлт өкілдерін былай қойғанда, орыстілді өз қандастарымыздың бойында тілге жанашырлығын байқау өте қиын. Кешегі ана тіліміздің тағдырына алаңдап ғұмыр кешкен ғұламалармен сабақтастық үзіліп қалмаса болғаны деген ой мазалайды. Тіпті қазақ тіліне байланысты әңгіме бола қалса, оқулықтарға, оның авторларына кінә артып шыға келеміз. Мәселенің бәрі – оқытушыда, өз саласын жақсы меңгерген кез келген мұғалім қандай әдіспен, қандай жүйемен оқытамын десе де, өз қолында. Ол үшін әдістемелік үрдіс, шеберлік қажет. – Оқыту демекші, сіздің еліміздің Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына да тіл үйреткеніңізді құлағымыз шалып қалды... – Иә, Елбасының біраз жылдар ұстазы болғаным рас. Мен ол кісіге ағылшын тілінен сабақ бере жүріп, тіл үйретіп қана қоймай, өзім де үйренгенім аз болмады. Өте еңбекқорлығы қызықтырды. Елімізде бейбіт қоғам орнатып қана қоймай, қазақ елін, қазақ мемлекетін бүкіл жер бетіне танытудағы қым-қиғаш тірлігіне қарамай, сол елдердің төл тілінде сөйлеу үшін уақыт тауып тіл үйренуі бір жағынан қуантты, әрі қызықтырды. Нұрсұлтан Әбішұлы өте шешен, алғыр, ақылды азамат.  Мемлекетімізді мықты тұғырға орнатып, ел экономикасын көтерудегі, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, әсіресе қазақстандық ғылым-білімге қамқорлығы адам айтса сенгісіз нәтижелерге жетіп отыр. Әсіресе, еліміздің болашағы – жастарымызға қамқорлығы шексіз.  

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары