ТҮРКІСТАН дәптерінен

ТҮРКІСТАН дәптерінен

ТҮРКІСТАН дәптерінен
ашық дереккөзі
Сол жылдары қасиетті Түркістан қаласының жинақталған күрделі мәселелерін жоғары жаққа жеткізгенмен әсіресе А.Яссауи кесенесін жөндеп қалпына келтіру оң шешім қабылданып іске асырылуы созылып кетті. Қосымша мектеп және техникумның жаңа ғимараттары салына бастады. Жалпы жастарды спортқа тартуда ауқымды жұмыстар атқарылды. Локомотив стадионы қала мекемелерінің жәрдемімен күрделі жөндеуден өткізілді. Темірбетон бұйымдары зауыты жаңа стадионын бітіріп іске қосты. Мақта тазарту зауыты және құрылыс бөлшектері конструкциясы комбинаты ұжымдары да стадион тұрғызуға белсене кірісті. Қаланың демалыс паркінде үлкен теннис алаңы іске қосылды. Жазғы жүзу бассейні де жастардың спортқа қызығушылығын арттырды десек болады. Қаланың «Яссы» футбол командасы Шымкенттің «Ордабасы» командасымен қатар Республиканың жоғары лигасында ойын көрсетті. Әйтсе де тарихи қаланың өркендеуі өзекті мәселе болып қала берді. Мәскеудің біржақты шешімімен Г.Колбин Қазақстан компартиясының орталық комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалып, облыстың Созақ ауданында босаған, Республиканың жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланатын болып, Түркістанға соғып А.Яссауи кесенесіне келгенде, жаңа басшы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге көңіл бөлер деп үміттенген едік. Бірақ ол кісі жиналғандар алдында жергілікті жердің жағдайымен танысып үңілудің орнына, мәскеулік саясаттың ызғары төңірегінде шешендік көрсетті. Келгенінен қайтқаны жылдам болды. Бірде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлебеков Қ.Қ. Мақтарал ауданынан телефонмен хабарласып, оңтүстік аудандарды аралап жүрген Қызылорда облысының басшысы Е.Әуелбеков пен бірге ертең Түркістанға келетіндігін жеткізді. Мен іркілместен «Келіңіздер, сыйлы кісілерге сыбаға ретінде қой басын даярлап қояйын» дедім. Ол бірден жұлып алғандай «ешқандай бас дайындамайсың!» деді. Мен барынша салқындық танытып, «халқымыздың салты ретінде құрмет көрсетудің реті солай. Оның үстіне менің қойым да жоқ. Дегенмен Түркістан базарында бас та, жамбас та сатылады. Оған менің қаражатым жетеді. Ол кісі: «оны жасасаң жұмыстан кетесің», деп нықтап айтты. «Жарайды» деп келіскенімді білдірдім. Ертеңіне құрамында Қызылорда облысының қала, аудан басшылары бар бір топ делегация келді. Оларды А.Яссауи кесенесінің алдында қарсы алдық. Е.Әуелбеков амандасып болған соң, «бізді сағат 16-да облысаралық шекараға жеткізесің» деп ескертті. Ғимаратқа кіре берістен қонақтарға тарихи деректер мен музейдегі экспонаттар туралы, олардың қызығушы сұрақтарына жауап беріліп кеңінен таныстырылды. Төменгі бөлмелерді аралап болған соң, мен Ерекеңе «қаласаңыз жоғары жақты да көрсетейін» деп ұсыныс жасадым. Ол ұсынысымды ризашылықпен қабылдады. Қасым Қажыбайұлы «менің аяғым ауырады» деп, төменде делегация мүшелерімен болатынын жеткізді. Текбішектермен көтеру барысында екінші қабаттағы медресе бөлмелерін көрсетіп, кесененің ең төбесіне дейін көтерілгеннен кейін, қаланың үлкен панорамасы жайылған соң, кесененің көзге түсіп тұрған кезек күттірмейтін жөндеу жұмыстары және қаланың архитектуралық жобасы әлі қабылданбағаны туралы дәйектерді жеткізіп, ол үшін күрделі қаржы керектігін тілге тірек еттім. Әрине, өз тарапымыздан мүмкінді-гімізге сәйкес іс атқарып жатқанымызды: қалада тігін-трикотаж фабрикасының құрылысы аяқталып іске қосылғанын, сондай-ақ, қасиетті бабаның аруағы мен тарихи қаланың абыройына шәк келтіретіндігін дәлелдеп, кесененің дәл түбіне орналасқан түрмені жаптыруға қол жеткізгеніміз, түркі тілдес халықтардың талай ғасыр рухани орталығы болған қалада «Республикалық Әзірет Сұлтан (Отырар, Сауран қалаларын қоса) мемлекеттік қорығын құру туралы жоғары жаққа ұсыныс жасағанымыз» туралы мәлімдедім. Өзін қызықтырған сұрақтарға жауап алған Ерекең, төменде күтіп тұрған біздің облыс басшысына келгенде бірден «Әй Қасым, сен не істеп жүрсің? Мына кесененің шешілмеген күрделі мәселелеріне неге көңіл аудармағансың?» деп дүрсе қоя берді. Қасым Қажыбайұлы жас баладай тік тұрып Ерекеңнің айтқандарын үнсіз тыңдады. Содан соң Ахмет Яссауи 63 жастан әрі қарай күн көрмей өмір сүрген ғимарат пен өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін пайдаланып келінген «Шығыс моншасын» көріп, сыртқа шыққанымызда алдымыздан бір топ ақсақалдар шыға келді. Сәлемдесіп, қонақтарды таныстырғанымда үлкен кісілер: Шиелі ауданының тұрғындары екенін бүгінгі жұма намазына Түркістанға арнайы келгендерін, осы жерге облыстың бірінші басшысы келгенін естіп, сәлемдесуге күтіп тұрғанын жеткізді. Ерекең олармен жылы шырайлы әңгімелесіп, ризашылықпен қоштасты. Одан әрі алдын ала жоспарланған бағдарламаларға сәйкес қаланың қонақтарды қызықтырған жерлеріне соғып, спорт кешендерінің біразымен танысқан соң, локомотив стадионына көңілі толған Ерекең, Қазалы ауданының бірінші басшысына: «Қазалы локомотив депосын 25 жыл басқарған Сегізов жолдас, неге осындай стадион салмаған?» деп спортқа көңіл бөлу керектігін ескертті. Әрине, түскі тамақ қоғамдық асханада күнделікті мәзірге сәйкес қарапайым түрде ұйымдастырылды. Жолға шығарда Ерекең «қарағым біраз игі шаралар орындалуда екен, мен облыстан арнайы жауапты қызметкерлерді сіздерге жіберем, біздің көргеніміз, көрмегеніміз бар осылардың бәрін оларға көрсет» деді. Көрші Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының шекарасына келгенімізде аудан басшылары күтіп тұр екен. Ерекең маған «қарағым бір сағатқа кешіктіріп әкелдің ғой» дегенде, мен: «сіздердің уақыттарыңызға сәйкес жеткіздім» деп жауап қаттым. Ол кісі жылы жүзбен ризашылығын білдірді. Күтушілер «қош келдіңіздер» деп бір табақта бас, жамбас сүйегі бар дәм ұсынды. Қасым Қажыбайұлы бастың бір құлағын маған, екіншісін Түркістан ауданының басшысына кесіп берді. Қонақтардың Түркістанға сапары осылай аяқталды. Сыйластық сезіммен қоштасып жолға шықтық. Жол үстінде Қасым Қажыбайұлына: «жаңа алдыңызға бас қойғаны халқымыздың үлкенді сыйлау дәстүрінің бір көрінісі. Сіз маған бұл дәстүрді орындауға тыйым салғаныңыз қалай дедім?». Ол кісі «осы бір дәстүрді біреулер: қазақтар келген қонағына қой сойып, республикада қой санының көбеюіне кедергі келтіріп жатыр, деп өсек таратып Мәскеуден келген жаңа басшы мұны саясатқа қарсы шара деп айыптауда» деп түсіндірді. «Байқаған шығарсың мен Ерекеңді қатты сыйлаймын. Зовет институтын бітіріп бұрынғы Торғай облысында совхоздың бас зоотехнигі қызметінде жүргенімде ауданның ішкі істер басқармасының басшысы (орыс болатын) аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде біздің совхозға өкіл болып, шаруашылық барысын тексеретін. Кейде келеңсіз жағдайда ашуға булығып, біздерді «түрмеге жабамын» деп қорқытатын. Жастық болар, шынымен де айтқанын орындайды деп аяғымызды тартып, қорқатынбыз. Бірде облыстың атқару комитетінің бірінші орынбасары қызметінде, үстінде ақ китель, ақ шляпа, өзі сымбатты кісі совхоз шаруашылығын аралап, соңында актив мүшелерімен мәжіліс өткізді. Көзге көрінген кемшіліктерді тізбектеп, аудандық арнайы өкілді қатты сынға алды. Тіптен қызметінен босатылуы да мүмкіндігін жеткізді. Сонда бізді қорқытатын кісінің тағдырын әділдікпен шешетін басшы бар екендігіне көзім жетті. Ол кісі Е.Әуелбеков болатын. Жастыққа тән сезім, сыйластыққа ұласып ол кісінің алдында баладай сезінемін. «Ұлық болсаң кішік бол» деген халқымыздың дана сөзі есіме түсіп қандай бір қызметте болмасын сыйластық, ізеттілік адами қарым-қатынас айнасы екен ғой деген ойға келдім. Қызмет бабымен Алматыға келіп, «Достық қонақ үйіндегі (ол кезде партия қызметкерлері орналасатын) стол басында жолыққан кісімен танысқан кезімде «сіз бе едіңіз, Нуридин Балқияұлы?» деп таңырқай қарады. Өзі Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы екен. Е.Әуелбеков Түркістаннан оралған соң кезекті бюро мәжілісінде Жаңақорған ауданының бірінші хатшысына, қарсы алған қонақтарына бас пен жамбас алып шыққанына қатты ашуланыпты. Дегенмен, Түркістанда өзі көрген жасалып жатқан игі істерді әңгімелеп, облыстың атқару комитетінің орынбасары басқарған ресми топтың Түркістанға әдейі баруына тапсырма беріпті. Көп ұзамай жіберілген кісілер арнайы келіп қызықтырған обьектілерді көріп көңілдеріндегі сұрақтарға жауап алып қайтты. Кезекті іс сапармен Алматыға келіп партияның орталық комитетінің сыйластықтағы меңгерушілерімен кездескенімде, орталық комитеттің бюро мәжілісінде күн тәртібінде болмаса да, Е.Әуелбеков Түркістан қаласының, Яссауи кесенесінің өзекті мәселелерін көтергеніне таң қалғандарын жеткізді. Көп ұзамай Қасым Қажыбайұлы Алматы қаласының партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне ауысып, Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығына В.Б.Темірбаев тағайындалды. Іс сапармен Алматыға барғанында кешкілік мезгілде (ол кезде басшылар жұмыс орныныда ұзақ болатын), Қасым Қажыбайұлына жұмыс орнына барып сәлем бердім. Мені аса ілтипатпен қарсы алып, ол Мәскеудің қатал тапсырысы болу керек, алғашқы облысқа келген кезде біраз көрсеткен оғаш мінездерін мойындап, «Оңтүстік өңірдің халқы еңбекқор, қонағына соңғы лағын сойып беретін ақжарқын жандар» деп ағынан жарылды. Бәріне уақыт таразы. Кейіннен Г.Колбин басқарған Орталық комитеттің бюро мәжілісінде менің екі рет есеп беруімнің нәтижесінде республиканың Министрлер кеңесінің «Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикасын дамыту» және «Республикалық Әзірет Сұлтан музей қорығын құру» туралы қаулылары қабылданып, тиянақты шаралар іске асырылғаны тарих беттерінде. «Адамның жүзі ақылдың айнасы» дегендей Е.Әуелбековтің біржақты саясатқа қарамастан ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына белсенді ат салысуы, бүгінде қоғамда орын алып отырған жемқорлық, парақорлық сияқты келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғаларды өмірге келтірген ресми басшыларға үлгі болса екен. Саяси элита мен биліктің барлық құрылымындағы тұлғалар арын биік ұстап, ұлт мүддесін жоғары қойып, өз бойларына мемлекетшілдік сананы сіңіріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуі бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.  

Н.Балқияұлы,

М. Тынышбаев атындағы

Қазақ көлік және коммуникациялар

академиясының профессоры.