АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ 2023 ЖЫЛЫ ШЕШІЛЕ МЕ?

АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ 2023 ЖЫЛЫ ШЕШІЛЕ МЕ?

АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ  2023 ЖЫЛЫ ШЕШІЛЕ МЕ?
ашық дереккөзі
Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді сумен қамту және су бұру мәселелері қаралды. Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде баяндады. Сондай-ақ, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошановтың баяндамалары тыңдалды. Шымкент қаласындағы «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС жеке су арнасының қадағалаушы кеңесінің төрағасы А.Орман халықаралық қаржы ұйымдары салған инвестициялардың нәтижесінде азаматтарға ұсынылатын қызметтердің сапасы артқанын айтты. 2010 жылдан бастап 2 МВТ бойынша күн және су қуаты станциялары салынып, пайдалануға берілді, 947 шақырым сумен жабдықтау желісі және 67 шақырым кәріз желісі реконструкцияланды. Цифрлық технологияларды қолдану арқылы ауыз суды өндіру және тасымалдау тәсілдері жаңғыртылды. Бүгінде тазарту нысандары автоматты режимде басқарылады. – Салынған инвестициялар тұтынушыларға дейін суды үздіксіз беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ, экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес ағын суларды толықтай тазартуға жол ашты. Нормативтік-техникалық шығындар 2,4 есеге қысқарды. 1 м² суды өндіруге жұмсалатын электр энергиясының шығындары 12 есеге қысқарды, – деді А. Орман. Ал Еуропа қайта құру және даму банкі өкілдігінің директоры Агрис Прейманис ТКШ секторы Қазақстандағы ЕҚҚДБ жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Еліміздің өңірлерінде іске асырылып жатқан сумен жабдықтау және су тарту секторына 30 млрд-тан астам теңге инвестицияланды. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде ауыз су сапасы жақсартылды, су беру көлемі ұлғайтылды, шығындар төмендетілді, жеткізілген суды есепке алу пайызы артты және т.б. А.Прейменистің айтуынша, осыған ұқсас жұмыс сумен жабдықтау, су тарту, кәріздік тазарту нысандары салаларында қызмет көрсететін басқа компанияларда жүгізілуі мүмкін. Қорытындылай келе, ҚР Үкіметінің басшысы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту және сумен жабдықтау мәселесінің маңыздылығын атап өтті, аталған мәселені шешу халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. – Қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету мәселесін шешуге жол ашады, – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин. Алматы және Қызылорда облыстарында ауылдарды ауыз сумен қамту  қарқынды жүзеге асуда. Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдіктеріне аталған бағыттағы жұмысты жандандырып, ауылдарды сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету шараларын күшейту тапсырылды. – Әкімдіктер жұмысының нәтижелілігінің жаңа көрсеткішін анықтау қажет – бұл халықтың таза ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету, – деп А. Мамин ауылдық, топтық су таратқыштарды жақсарту мақсатында осы функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне өткізу мәселесін пысықтауды тапсырды. ҚР Премьер-министрі 2023 жылы қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтаумен 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында өңірлік жоспарларға түзетулер енгізіп, барлық сумен қамту нысандарын пайдалануға беру шараларын қабылдауды тапсырды.  

Жәнібек Әшім