Көкпар тартып, теңге іліп, жамбы атқан

Көкпар тартып, теңге іліп, жамбы атқан

Көкпар тартып, теңге іліп, жамбы атқан
ашық дереккөзі
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі сәйгүлікке жаны құмар жандар бір апта бойы Тараз шаһарының іргесіндегі Бектөбеде орын тепкен атшабарға ағылды. Олар ат үстінде арбасқан алыптардың белдесуін, тақымдағы серкені жұла тартқан көкпаршылардың тартысты ойынын, құралайды көзге атқан мергендердің жамбы ату жарысын, теңге ілуде ептілік танытқан жампоздардың жанкештілігін көздерімен көріп, қиқулап отырды. Спорттың төрт түрінен өткен ел біріншілігінде 15 өңірдің құрамалары бақ сынады. Аударыспақтан өткен жарыста 5 салмақ дәрежесі бойынша 60 балуан сынға түсті. 80 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан сом білекті жамбылдық сайыпқыран Нұржігіт Әмзеев өзінің нағыз бабында екенін көрсетіп алтыннан алқа тақса, алыптар бәсекесінде додаға араласқан Данияр Смайылов екінші орынды қанағат тұтты. 60 килограмм салмақ дәрежесінде Түркістан облысынан келген Ермек Құралбай қарсылас шыдатпаса, 70 килограмм салмақта ақтөбелік Шыңғысхан Ержанов жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. 90 килограмм салмақ дәрежесінде Шығыс Қазақстан облысының үміті Мансұр Тамикенов топ жарды, ал +90 килограмм салмақ дәрежесінде Түркістан облысынан келген Біржан Қосалиев жеңімпаз атанды. Теңге ілуден жарысқа еліміздің әр қиырынан келген 20 спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Нәтижесінде Түркістан облысының мықтысы Рахат Қамбаров 4 ұпай иеленіп бірінші орынға табан тіресе, ұпайы тең болса да, жылдамдық жағынан алда болған түркістандық тағы бір қатысушы Нұрбағлан Сәдуақас күміс жүлдеге, жамбылдық Айдын Әшімжан үшінші орынға лайық деп танылды. Жамбы атудан өткен дода да тартысқа толы болды. Мұнда 22 спортшы сынға түсіп, жылдамдықпен қатар мергендіктерін көрсетті. Құралайды көзге атқан мергендер аламанында 29 ұпайға қол жеткізген қызылордалық Ғалымжан Өміртай жеңімпаз атанса, әулиеаталық Абзал Тұлыбеков кезекті мәрте күміс жүлдені мойнына ілді. Қола медаль түркістандық Ералхан Айкөздің еншісінде кетті. Жамбы ату додасында үш бірдей аруымыздың бақ сынағанын айта кеткен ләзім. Әрине, олар жүлдеге іліккен жоқ. Алайда тәжірибесін толыстыра жатса, болашақта үздіктер қатарынан көрінетін мүмкіндіктері бар екені анық. Көкпар десе кез келген қазақтың қаны қызып, делебесі қозатыны жасырын емес. Бұған дейін өткен 18 чемпионатта 9 мәрте топ жарған «Әулиеата» көкпаршылар командасы қатарынан оза шауып, осы жолы оныншы рет чемпион атанады деген жанкүйерлер сенімі ақталды. Жарыс қорытындысы бойынша топ жарған командаға 1 миллион теңгенің сертификаты тапсырылса, екінші орын алған «Құлагер» командасына 700 мыңның, үшінші орын иеленген «Нарын» командасына 400 мыңның сертификаты берілді. Ересектер арасындағы ел чемпионатын еліміздің Ұлттық спорт қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асырды.  

Асхат РАЙҚҰЛ