30 Мамыр, 11:04 540 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

ЖАНАРҒА ЖАС КЕЛГЕН СӘТТЕР

 

Күні кеше ғана  кең байтақ еліміздің   әр аймақ-өңірінде соңғы қоңырау соғылды. Біреулер баласын, енді бір кісілер немерелерін жетелеп, осы бір салтанатты сәтте сонау балалық шақтарына ой жіберіп, көз жастарына ерік бергендей. Сыңғырлаған қоңырау үні жаныңды жадыратып, келмеске кеткен сол жылдардың сырлы дыбысындай керемет әсерге бөлейтінін, қимастық-сағыныш билеген болмысың тәтті бір күйге еніп, мектеп ауласын шаттыққа бөлеп тұрған сазға еріксіз билей жөнелетіндейсің...

Есік алдына келіп тоқтаған  қап-қара «Hammer» көлігіне таласып мініп жатқан мектеп бітірушілердің көңіл-күйлеріне қарап отырып, кәсіби қызығушылығымыз оянды да, әр жылдардағы түлектерді әңгімеге тарттық.

Әдемі бүлдіршіннің қолынан жетектеп алған әйелдің көңіл-күйі жанарымызға іліге берді. Немересі болуы керек, қайта-қайта еңкейіп үсті-басын түзеп қояды. Әңгімеге тарттық.

– Қалай толқымассың, айналайын, біз де бала болғанбыз. Бірақ біздің балалық шағымызды соғыс жылдарының қасіреті жалмады. Ұл болып асықпен ойнамадық, қыз болып  қуыршақпен ойнамадық. Таң сәріден кеш батқанға дейін егіс даласында жұмыс істейтін анамыздың үйдегі тірлігі біздің мойнымызда болды. Үй жинадық, ас дайындап, кір жудық. Бірен-саран ұсақ-түйек малға қарадық, жалғыз қоңыр сиырымызды саудық. Азын-аулақ шығатын ақпен көрші-қолаңды да асырадық. Қайдан сүтті болсын, оларға беретін шөп те жоқ, ал егістіктегі қалған-құтқан кісілердің өзінен-ақ артылмайды. Соғысқа кеткен әкелерімізді жоқтап, жұмыстан шаршап сілелері қатып келген аналарымыз бір-біріне мұңын шағып, жылап отырып айтатын әңгімелерін де ұқпаймыз, бала жүрегіміз соғыс деген сөзден секемденіп жатып ұйқыға кететінбіз. Сонда да бақытты едік. Мынандай бейбіт заман қайда, тіпті болашағымыз бұлыңғыр болды емес пе?! Ауылдағы сегіз класты мектепті бітірген кезіміз алпыс жыл өтсе  де дәл бүгінгідей көз алдымда. «Елу жылда ел жаңа» деп жатады, бір класта оқыған сол он үш баладан көзі тірі қалған мен ғана,– дейді жанары жасқа толған қызылордалық Күләйша әжей.

– Мен Жетісу Алатауының батысында, Қаратал өзенінің Балқашқа барып құйылатын қазіргі Қаратал, бұрынғы Бөрлітөбе ауданының тумасымын. Екі өзеннің сағасында Көпірлік деген селодағы №40 Киров атындағы орта мектепті бітіргеніме елу жыл толып отыр,– дейді нұр-сұлтандық әже Қайнагүл Ғалымбайқызы. – Немеремнің мектеп бітіру кешіне әдейі келдім. Бүгінгі жастар бақытты ғой. Десек те, әр жылдың, әр кезеңнің өз жақсылығы-қызығы болатынын да жоққа шығармау керек секілді. Балқаштың жағасындағы елді-мекен тұрғындарының  күнкөрісі де, тірлігі де – балық. Колхоз председаталі әкем Ғалымбай Мырзабеков сол кезде Балық министрлігінің Жетісу аймақтық басқармасын басқарды да, Алматыға жұмыс бабымен келген сайын тоңазытқыш пен ас қоймамыз түрлі азық-түлікке толып кететін-ді. Сөйтсе де күнделікті ас мәзірін балықсыз елестету мүмкін емес. Ал мектеп бітірген күнгі дастархандағы балықтың сан түрі әлі көз алдымызда. Әшейінде жеп жүрсек те ол күнгі астың дәмі таңдайдан әлі кетпеді. Балықты әркім әртүрлі дайындайды, жалпы әр әйелдің ас пісіру дағдысы, дастархан жасау, қонақ күту дағдысы әрқилы болатыны секілді, балаларының ержетіп, мектеп қабырғасынан ұшқалы отырғанына, азамат болғанына  қуанған ата-аналар да аянып қалмапты. Оның үстіне көңіл-күй тағы бар. Бәріміздің үстімізде капрон көйлек, ұлдарымыз ақ жейде, қара костюм-шалбармен мектеп асханасында соңғы қоңыраудан соң керемет бір кеш өтті. Бүгінгідей ала-шапқын ақша жинау, қымбат көйлек тіктіріп, тіпті шаш сәндеу де жоқ. Әркім өзінше дайындалған. Сонда да керемет сұлумыз, сымбаттымыз. Ұстаздарымыз да риза. Мектеп директорымыз Көшкінбай ағайымыз, сынып жетекшіміз Кенжехан апайымыз да бізбен бірге сол барға қанағат етіп, жақсы бір жиын болған. Ауыл іргесінде жатқан өзен-көлге де жүгірмей, таңды тауда қарсы алу дегенді де білмейміз. Ұстаздар мен ата-аналарымыздың тілектерін тыңдап, үлкен өмірге бағыт-бағдар бергеніне біз де алғыс жаудырып жаттық. Қазіргі жастарды тау жағалатып, сай аралатып қойған өзіміз, ата-аналар кінәлі. Жыл сайын түлектердің осындай кештерден кейін түрлі қылмысқа барып, кейде ажал құшып жатқаны да сондықтан. Оқуға түсе алмай қалса да, балл жинай алмай қалса да өзіне өзі қол жұмсап, ауыр қылмысқа да барып жатқанының себеп-салдарын да өзімізден іздеу керек. Мүмкін, менің пікіріме әлдебіреулер келіспейтін де шығар, дегенмен ата-ана тілін алмаған, пікірімен санаспаған ұрпақтан ертең қандай адам шығады?! «Заманына қарай адамы» дерсіз, ал шынтуайтына келгенде сол заманды, қоғамды құрайтын біздер, адамдар ғой. Өз басым алғашқы жылы жоғары оқуға түсе алмай, келесі жылы дайындалып Қыздар институтының кітапхана факультетін бітіріп, ұзақ жылдар осы кітап қоймасында еңбек еттім. Қазір зейнеткермін. Амандық болса, келесі айдың ортасында елу жылдықты атап өтуге барамыз. Біраз сыныптастар мәңгілік сапарына аттанып кеткен, тойды сол достарымызға ас беріп, құран оқытудан бастаймыз деген ниет бар.

Ал мектеп бітіргендеріне 20 жыл толып отырған түлектердің өзі бүгінде салиқалы ата-ана.

– Мен қаламыздағы «Ақсай» ықшамауданында орналасқан №123 мектептің түлегімін. Қазір мектеп-гимназия! Әркез мақтанып балаларыма айтып отырамын. Біз мектеп бітірген кезде де қазіргідей қаржы жинау, қымбат киім кию дегенге аса мән берілмейтін. Әрбір ата-ана дастархан мәзірін бөліп алып, кімнің қандай мүмкіндігі бар соған орай мектеп асханасында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Отбасының тұңғышы болған соң анам екеуміз ақылдасып, көгілдір аспан түстес көйлек тіктіруге тапсырыс бердік. Ұстаздар мен ата-аналарымыздың ақыл-кеңестерін тыңдап, актзалдағы жиыннан соң, дастархан басына жиналдық. Тілектер айтылды. Ал мектептің  спортзалында би билеп, ән шырқалды. Осындай көңіл-күйде жүріп таңның атқанын байқамай қалыппыз. Мектеп ауласында арайлы таңды қарсы алып, бір-бірімізді құттықтаған топ әке-шешелерімізді қолтықтап үйге тарастық. Осы күнге дейін сыныптастар бас қосып тұрамыз. Байланысымыз үзілген жоқ. Үш-төрт қыз-жігітімізден айырылып, ортамыз ортайып қалғаны болмаса...– дейді тамағын өксік қысқан 99 жылдың түлегі  Мөлдір Айдынқызы.

Әркімнің, әр ата-ананың туған баласына қандай жағдай жасап, қалай тамақтандырып, қалай киіндіретінінде, әрине, шаруамыз жоқ. Бүгінгідей адамды тұрмыс билейтін заманда, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқандар да баршылық. Десек те, биылғы көктем мерекесі күні оқушыларының әкелген бір шоқ гүлі мен тәттісін мектеп күзетшісіне тастап, ата-аналарына «келіп әкетіңіздер, өздеріңіз жеңіздер, одан да маған 30 бала бір мыңнан 30 мың жинап бермедіңіздер ме» деп сөккен мұғалиманың өкпесі әлі күнге құлағымызда қалып қойды. Сонда қалай болғаны, оқушыларының ыстық ықыласынан болар-болмас қаржыны қымбат көретін ұстаздарымыздың да бар болғаны ғой... Амал нешік, тағы бір оқу жылын аяқтағалы отырған кезде осындай келеңсіздіктердің де көңілге оралатыны сөзсіз...

«Ас та төк дастархан ешкімге керек емес. Соншама қымбат көйлек кигеніңіз де ешкімге керек емес. Бітіру кеші тек мектепте оқушылар мен мұғалімдердің бір-біріне жылы лебіз білдіруімен шектелуі керек. Мектеппен қоштасу дегеніңіз осы»,– деген министр ханым «Мектеп бітіру кеші тек мектеп қабырғасында өтуі керек» дегенді де қатаң ескерткен-ді.

Бірақ орындалуы қалай болар екен? Соңғы қоңырау осылай қиқулап өтіп жатса, ертеңгі қоштасу кештері жайлы не айтар едіңіз?!.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар