Сондай-ақ, концерттік бағдарлама бойынша, театр жастары «Сырласу» бұрышында Мұқағали поэзияларынан үзінді оқыса, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Аян Өтепберген гитарамен сүйемелдеп, Ажарлым Бақытжанқызы «Мен саған ғашық емес ем», «Сен мұңыңды бер маған» атты сырлы әндерді шырқап, театрды лирикалық атмосфераға бөледі.
Бұл кеште көрермен музейдің тарихымен танысып қана қойған жоқ, оны көзбен көріп, жүрекпен сезінді деуге толық негіз бар.
Себебі театрымыздың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі, КСРО, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Отан», «Құрмет», «Қазақстанның Еңбек Ері» ордендерінің иегері – Асанәлі Әшімов алғысөзді бастап, жиылған қауыммен амандасып, барлық мұражай жанашырларын мерекемен құттықтап қана қоймай, театрымыздың «Музей» бөлімінің жетекшісі – Наргиз Тамабекқызына Қазақстан Театрлар ассоциациясының атынан арнайы диплом табыстап, қаржылай сыйлық жасады.
Сондай-ақ, спикерлердің қатарында Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек қызыл ту», «Парасат», «Отан», 1-дәрежелі «Достық» ордендерінің, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері – Сәбит Оразбаев, театрымыздың директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов болды.
"Біріңіз білсеңіздер, енді біріңіз бейхабарсыздар, М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының музейі ресми түрде 1968 жылы 24 мамырда Қазақстанның Орталық музейінің филиалы ретінде ашылған. Ал қазіргі күні театрымыздың музейі еліміздің үлкен, ауқымды мұражайларымен иық тірестіріп, елге қызмет етіп келеді", - деді С. Әбдіхалықов
Қара шаңырақта 20 жылдай уақыт қызмет етіп келе жатқан Наргиз Тамабекқызы жетекшілік ететін «Музей» бөлімінде жұмыс істейтін мамандар жыл сайын шығатын газет қиындыларына дейін сақтап келеді.
ГҮЛІМ РЫСҚҰЛ