Ақтөбеде ауруханадағы қоймада болған өрттен қаза тапқан жұмысшы өліміне қатысты тексеру жүріп жатыр. Марқұмның жақындары жазатайым оқиғаны емдеу мекемесіндегілер "жасырмақ болды" деп айыптайды. Онымен қоса, оттегі баллондары жинаулы тұрған жерде өртке қарсы қауіпсіздік сақталмады деп отыр. Енді оның ақ-қарасын алдымен еңбек инспекциясындағылар анықтауы қажет, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өрт шыққан Ақтөбедегі көп салалы аурухананың қоймасын тергеушілер мөрлеп қойыпты. Осыдан тура он бес күн бұрын осында от тұтанып, ішіндегі жұмысшы күйіп қалған. Биыл ғана зейнетке шыққан Жандарбек Сатыбалдиевтің беті бері қарамай, сол күні көз жұмды.
Әкесінен айрылған жалғыз ұлы аурухана басшылары жазатайым оқиғаны "жасырмақ болған" деп күмәнданады. Себебі, күйген адамды үш сағат ұстап, одан соң ғана басқа аурухана ауыстырған. "Газ толы баллон сақталатын қоймада жұмысшылар қалай түнеген?!" деп күйінеді.
"Жедел медициналық жәрдем ауруханасында осындай жағдайда күйік шалған адамды, 95 пайызға дейін, көмектесетін жағдайы болмаса, неге Жедел медициналық жәрдем ауруханасында ұстаған? Үш сағат не үшін ұстайды?! Тергеуге алу үшін ұстай ма? Түсінбедім! Оттегі қоймасында ешбір ағаш, не өртенгіш заттар болмау керек екен. Ішіне адам қонбауы керек екен. Мына жағдайда ішінде матрас тұрған, адам жататын, дем алатын орын болған, жылытқыш тұрған", - дейді марқұмның ұлы Қазыбек Сатыбалдиев.
Ал №1 көпсалалы аурухана қоймасындағы өрттен күйік шалып қаза тапқан Жандарбек Сатыбалдиев осында он жылдан аса дәнекерлеуші болып еңбек етіпті. Зейнетке шықан соң да жұмысын оттегі қоймасында жалғастырады. Оның басшылары қоймада ешкім қонбады деп азар да безер болды. Өрттен көз жұмған жұмысшыны басқа ауруханаға ауыстуруға "мәжбүр болдық" деп отыр. Себебі оттегі қосылатын емдеу мекемесі керек болған.
"Оттегі станциясы болды ғой. ТЖ келіп, соны жауып тастады. Сондықтан біз сол жаққа жібердік. Қазір қойма жұмыс істеп тұр. Ол жерде кім ұйықтағанын білмеймін. Ол ұйықтап жатты деп кім айтты?", - дейді Ақтөбе қаласы, №1 көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.
Еңбек инспекциясындағылар оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Жұмыс орнында қаза тапқан адамның өліміне не себеп болғанын алдымен анықтау солардың мойнында.
"Жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына келіп, көзімен көріп қайтты. Төтенше жағдайлар департаментіне инспекция тарапынан сұрақ жіберілді. Оқиға куәгерлерімен сөйлесіп, құжаттарын, бәрін қараймыз", - дейді Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы департаментінің бас маманы Еркебұлан Омар.
Аурухана қоймасындағы өрт оқиғасына байланысты үш бірдей сараптама тағайындалған.
Онымен қоса өрт қауіпсіздігінің сақталмауына қатысты қылмыстық іс те қозғалыпты. Қаза тапқан жұмысшының отбасы ең алдымен оқиғаның қалай болғанын білгісі келеді. Сондықтан тексеру комиссиясына өтініш айтқан.