Ел әдебиеті тарихында танымал тұлғалардың, әсіресе қайраткер-қаламгер, ақын-әнші, басқа да өнерпаздардың өмірі мен өнегесі, шығармашылық мұрасы хақында жазылған туындылардың қарасы қалың екені анық. Бұл қатарды жазушы Тұрлыбек Мәмесейіттің көп жылғы ізденістерінің нәтижесін танытатын – «Таңжарық» атты роман-дилогиясы байытып та, толықтырып та тұрғанын айту ләзім.
Алдымен атап өтер жайттардың бірі, екі кітаптан тұратын туындының (роман-дилогия) тұтас табиғатынан ұлт тарихындағы күрделі кезең, қиын да қастерлі, сындарлы сәттер барынша бейнелі де нанымды, әрі жүйелі жеткізіледі. Атап айтқанда, ақын-қайраткер Таңжарық Жолдыұлы мен Шығыс Түркістан қазақтарының азаттық жолындағы аласапыранға толы күрестері, ауыл-аймақтағы дүбірлі дүрбелең мен ішкі-сыртқы қарым-қатынас кең көлемде суреттеледі. Бастысы, болған оқиғаның (ақын Т.Жолдыұлының Жетісу өңіріне келуі, Шығыс Түркістандағы азаттық күресі, Гоминдаң өкіметінің аз ұлттарға қиянаты, түрме тауқыметі т.т.) бедерлі белгілері жүйелі желі, ұнамды үйлесім, салалы сабақтастық, сырлы сипаттар арқылы кең өріс алады. Асылы, оның өзі – еліміздің құрамдас бір бөлшегін анық-қанық танытатын – Шығыс Түркістандағы үш аймақ (Алтай, Іле, Тарбағатай) тұрғындарының азаттық Һәм бостандық жолындағы жанкешті әрекеті, жанқиярлық күресі, арман-аңсарлары, бірлігі мен берекесі, татулығы мен туыстығы, сағыныш-сүйіспеншіліктері аясында кеңінен көрініс береді. Бұл әсіресе Қазақстанның Жетісу өңірінің шекара аймағы мен Шығыс Түркістандағы Гоминдаң өкіметі тұсындағы қилы кезең көріністерінен, 1916 жылғы үркіншілікке қатысты жайттардан, ел-жердің бүтіндігі мен татулығына қатысты әрекет-қимылдардан, ауыл-аймақ, ағайын арасы, көші-қон мәселесі төңірегінде анық аңғарылады. Бастысы, әрине Шығыс Түркістан аймағындағы ел әдебиетінің көрнекті Һәм күрескер ақыны Таңжарық Жолдыұлының жастық кезеңі, қиын да қилы өмір жолы, ауыр да азапты тағдыр-талайы, сондай-ақ, адамдық мұраттары, адамгершілік қасиеттері, дүниетаным арналары, мәнді де маңызды ақындық өнері, айтыскерлік қасиеті, шығармашылық мұрасы кең көлемде көрініс табады.
Роман-дилогияның біраз бөлігі – Таңжарықтың нағашы жұртындағы ел-жерді аралап, ауыл көріністері мен табиғатты тамашалауға арналады. Келесі кезекте Бөрібай мен Тінәліге еріп Қаратұмсықтағы мектепке баруы, жолай Айғыржал, Нарынқол, Қарқара, Кеген, Жалаңаш, Лабасы, Сарыжаз жөнінде, Албан Асан, Көдек, Қойдым сынды ақындар мен біртуар Жәмеңке туралы әңгіме-естеліктерге қанығады (50-60 беттер). Бөрібайдың айтуынша, Албанның бетке ұстар елшіл-қоғамшыл жайсаң жандары – Әубәкір, Жәмеңке, Ұзақ, Ыдырыс т.б. ел-жерге қызметі, ауыл-аймақ, ағайынға ықылас-ықпалы алабөтен еді. Ал Күмісжан мен Таңжарық араларындағы жарасым, Талдыбұлақ бойындағы қимас-сырлас сәттер, сағыныш пен сүйіспеншілікке негізделген махаббат маздағы мәнді, сенімді суреттеледі.
Той жиынының көрнекті бөлігі – Қойдым мен Таңжарықтың айтысынан көрініс береді. Арнайы айтыс өтетін тұсқа үй де тігіледі. Көпшілікке де алдын-ала хабарланады. Асылы, айтыс өнерінде – ел-жер жағдайы арқау етілді. Қоғам, адам, заман шындығы да тілге тиек болды. Бірде кезектесіп, енді бірде жауаптасып, кідірмей-мүдірмей алма-кезек өнер жарыстырып, сөз асылын, ой көрігін ортаға салды.
Бұдан басқа, 1916 жылғы көтерілістің он жылдығы – Қарқара жайлауында өткен-ді. Оған жалпы жұртшылықтан өзге атақты адамдар, ақын-жазушылар, өнерпаздар көптеп қатысты. Әсіресе, М.Әуезов, І.Жансүгіров, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Қажымұқан, Қ.Қуанышбаев, Ә.Қашаубаев, С.Қожамқұлов т.б. ақыл-парасатымен, өнегелі өмірімен, өрелі өнерімен көпшіліктің есінде қалды. Таңжарықтың да жаңа қырлары мен тынысын ашып, ақыл-парасаты мен дүниетанымына көп әсер етті. Өмір өрімі мен өнерпаздық қырларына, ізденіс арналарына да кеңінен қозғау салды. Әсіресе, Алаштың қайраткер-қаламгерлері мұрасына еркін еніп, азаттық пен елшілдік мұраттарына ден қойып, көркемдік-рухани тұрғыдан байып-толысып, есейе түсті. Абай мұрасы мен мирасы жан-жүрегін қозғап, кең өріс ашты. Шәкәрім, Мағжан, Міржақып есімі мен еңбектері тақырыптық Һәм жанр жүйесі, мазмұндық мәнімен көңілін қозғап, көркемдік көкжиегіне бастап, тарих таңбасын айқындап, таным арналарын кең түрде байыта түсті. Ал ақын-қаламгер І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» көңіл толқынын тербеп, «...ерекше әсер етіп, бірден-ақ жатталып жүре берді».
Роман-дилогияның екінші кітабы, негізінен Шыңжаң өңірінің Құлжа, Үрімжі қалаларындағы Таңжарықтың түрме тауқыметіне қатысты тұстарды, Үш аймақтағы (Алтай, Іле, Тарбағатай) азаттық жолындағы аласапыран сәттерді суреттеуге арналады. Елдегі Сетіккөк дауы, Таңжарық – Салихан қатнасы да көңілді баурайды (409-бет). Төрт дос (Әлекен, Досымқан, Рымбек, Таңжарық) Ақөзенді бойлап, Аққора сайымен өрлеп, ел аралап, табиғатты тамашалаған кездері, Еліктің лағына кезігуі, Аюды жайратқан – Жақан мен Мақан әрекеті туралы әңгімелер де әзіл-қалжың аясында өріс алып, көркемдік-рухани қырларымен есте қалады.
Роман-дилогияның едәуір бөлігін – Шыңжаң билеушісі Жың Шуриннің орнынан түсіп, Шың Шысай әскери билеушісі атанған тұстары алды. Жапонияда әскери мектеп бітіріп, соғыс тактикасын да жете меңгерген Шың Шысай Шыңжаңға дербес билік жүргізу ісін кеңінен өрістетуге мықтап табан тіреді. Ол үшін, әрине өзіне сенімді адамдардың қажеттігін анық сезінді. Алдымен, Алтайдағы Шәріпханды аймақтық әкімшілік мекемесіне бастық етті. Дербес биліктің тізгінін қолына мықтап табыстады. Гансу өлкесі мен Сыртқы Моңғолия шекарасын қорғауды, қысқасы дербес биліктің мол мүмкіндігін – Құмыл аймағы әкімшілігі мен әскери құрамға қатысты істің түйінді тұсын Жолбарысбекке сеніп тапсырады.
Жасыратыны жоқ, аз уақыт аралығында Шың Шысай билік тұтқасын мықтап қолға алды. Үрімжіде алғаш рет Халық құрылтайын өткізді. Құрылтай негізінде Құлжа қаласында бірқатар мәселелер оң шешімін тапты. Іле аймақтық оқу-ағарту мекемесінің ережесі жасалды. «Сәуір төңкерісінен» кейінгі өзгерістер нәтижесінде – ұлттар теңдігіне, оқу-ағарту ісіне басымдық берілді. Алдымен, оқу-ағарту жұмысына ақындар тартылды. Олардың қатарында: Ж.Шайхысламұлы, К.Маралбаев, Қ.Дарубайқызы, Ш.Алғазыұлы болса, бірқатар зиялы азаматтар: А.Таласбаев, Н.Сабыров, Қ.Манасбаев, М.Бектасов т.б. қатарға алу көзделді. Ел әдебиеті нұсқалары – «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» сынды елдік-ерлікті ту еткен, ғашықтық-сыйластық сырларына толы қисса-дастандар, Абай, Ыбырай, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Майлин т.б. әр алуан жанрдағы туындыларының тақырыптық Һәм көркемдік мәні мен нәрі кең түрде айқындалды. Көпшілікке концерт көрсетіліп, халық әндері орындалды. Мұның бәрі-баршасы қалың көпшілікке ұнамды үрдіс ретінде оң әсер етті.
Сондай-ақ, Қоқымша ауылындағы той үстіндегі Таңжарық пен Ұлжалғас арасындағы айтыс асыл сөздің айбыны мен айдынын танытты. Ел-жұрттың жайын да, жеке бастың мұң-шерін де, тарих толқынына қатысты көпке ортақ көкейкесті мәселелерді де кеңінен қозғады.
Бұдан басқа, Таңжарықтың Құлжадан шығарған – «Іле өзені» атты қазақша алғашқы газеті, ондағы «Оқып көр газетімді» атты өлең жұрт назарын аударды. Ал Мақсұттың қазақ, қырғыз, моңғол халықтарының Құрылтайына қатысып, Шың Шысайдың ұлттардың мәдени бағытын дамытуға қатысты сөзінен өзге, өзгерген өкімет сиқынан сақтану қажеттігін алға тартады. Шың Шысайдың «Шыңжаңды қайта құру» саясаты астарында халық арасына іріткі салу, тыңшылар арқылы астыртын әрекеті бары байқалып қалады. Қару жинау ісін ашық жүргізеді. Гоминдаң өкіметі көшпелілер қолындағы қаруды жиып алу арқылы қауіп-қатерден арылуға болатынына батыл қадамдар жасады. Тоғызтарау мектебінің дәлізінде өткен жиында, сондағы Уголин сөзінде де ел ішіндегі мылтық жинау ісі кеңінен қозғалды. Қатаң бақылау мен жазалау жүретіні де белгілі болды. Осы бағытта, алдымен Мақсұтты қауіпсіздік орындары сұрақтың астына алды. Бірқатар беделді адамдар – Үрімжі абақтысына жабылды. Сақшы мекемесінен келген екі сұсты жігіт Таңжарықты да еркінен тыс алып кетіп, түрме төрінен бірақ шығарды. Өз кезегінде Таңжарық та түрме тауқыметі мен азапты Һәм зардапты зорлығын көріп, сұрақ-жауаптың кесір-кесапатын тартудай-ақ тартты. Үрімжіге жолданған хатты алға тартты. «Мақсұт сыбайласы» екені де жанын жаралап, ұрып-соғып, бетіне басты.
Таңжарық Құлжа мен Үрімжі түрмесінен азап пен зорлықты, қанау мен қинаудың мың сан амал-тәсілдерін бастан өткерді. Таңжарық тартқан түрме тауқыметі, азапты-зарлы, қилы қиыншылық, мұңлы-шерлі сәттер өмір-тағдырына өшпес белгі-бедер болып қалды. Жанын жаралады. Көңіліне сызат түсті. Тарих таңбасындай әсер етті. Бұл, әсіресе түрме тауқыметінен, ондағы өлең- жырларында кең түрде орын алады.
Таңжарықты түрме тауқыметі елге оралған соң да мазалап, қинай бастады. Ауық-ауық төсек тартып, кеуде тұсы жиі шаншыды. Әр қилы көрініс-жағдаяттар мен әсер-елес көз алдына келді. Ақын жұбайына көз тастап, соңғы сапарға аттанды. Қаралы жиын өткеннен кейін-ақ Рымбек тау асып, жайлау аралаған тұстағы ақын аманатын – «Ботам», «Аққудың зары», «Жетім қыз», «Бозторғай» күйлерін бірінен соң бірін орындап, мәнді-нәрлі қалыпта жүйелі жеткізді. Зарлы-мұңлы тұстарына да мән берді. Ақын өмірі мен тағдыр-талайын, өнерпаздық қырларын да кең түрде ашты. Зарлы-мұңлы күйлердің әуен-сазынан арлы азаматынан айрылған жалпы жұрттың жоқтауы, жан-жүректің дүрсілі мен көңіл толқыны да танылып тұрды. Әсейін, Әшім, Рымбек үшеуі ақын аманатын осылай да жүзеге асырды.
Кітапта мазмұны мен құрылымына жіті ден қойсақ, көптеген халық даналықтары, мақал-мәтелдер жүйесі, айшықты-нақышты қанатты сөз, мәнді-нәрлі нақыл-өсиет, ұнамды-ұтымды тіркестер, бастысы сөз жүйесі, ойлар мен толғаныстар молынан ұшырасады: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал атын ұстайды», «Түнгі дыбыс – алысқа кетеді», «Ит көзі –түтін танымас», «Дәмсізді дәмді еткен тұз әулие, алысты жақын еткен қыз әулие», «Айы біткен – айында, күні біткен – күнінде», «Атасыздың – аузы зор», «Ашуланғанда көз қызарады, ашу басылған соң бет қызарады», «Ақсақалдың назасына қалсаң, сақалының ағы ұрады», «Той десе, қу бас домалайды», «Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт», «Итін кет демеген, баласын тек демеген», «Туғанында көрмеген, өлгенінде жыламайды», «Бауыры бүтін сынауға, бауыры жыртық жылауға келеді», «Мал иесіне тартады», «Көп түкірсе – көл», «Әзілің жарасса, атаңмен ойна», «Құл құтырса, құдыққа қармақ салады», «Байтал түгіл, бас қайғы», «Алтау ала болса, кереге бас сайын пәле болады», «Бала өлгенше – шал өлсін», «Жауға барсаң, бәрің бар», «Көлде жүрген қоңыр қаз шөл қадірін білмейді, шөлде жүрген бұлдырық көл қадірін білмейді», «Үндемей жатқан жауды алады, үндемей тосқан дауды алады», «Ел тарықпай, тілеуін бермес», «Өткелім таяз деме, таяғыңды салып бойлат, өз ісім мақұл деме, ағайынға ойлат», «Жақсыда – жаттық жоқ», «Қуғынмен тапқан, сүргінмен кетеді», «Ел шетіне жау тисе, батыр менен биге сын», «Жол мұраты – жету», «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» т.с.с.
Жалпы, жазушы Т.Мәмесейіт Таңжарық ақынның өмір тарихы мен тағдырын баяндау арқылы қазақ халқының азаттық жолындағы аласапыранға толы қилы кезеңін, дәстүрі мен дүниетанымын, кәсіп-дағдысын, тұрмыс-тіршілігін кең көлемде көрсетіп, мәнді-нәрлі, сырлы сипатта суреттейді. Тарих таңбасы мен тағдырлар талқысы өмір құбылыстары мен оқиғасы, көркемдік ойлау мен шығармашылық қиял негізінде кең өріс алады. Мұның бәрі-баршасы басты тұлға – Таңжарық төңірегінде кеңінен көрініс тауып, ел тарихымен, күрделі кезеңнің қатпарлы тұстарымен, атақты адамдардың елдік-ерлік жолындағы адами мұраттарымен, өмір өрімі мен уақыт бедерімен байланыс-сабақтастықта суреттеледі. Демек, «Таңжарық» роман-дилогиясы ұлт тарихының жарқын беттері – Үш аймақ (Алтай, Іле, Тарбағатай) халқының азаттық пен бостандық жолындағы жанкешті қимыл-әрекетті, жанқиярлық күресті, ерен еңбекті Таңжарық ақынның өмір-тағдыры, ел мұраты мен мүддесі, арман-аңсары, дәстүр мен дүниетаным арналары, тағдырлар талқысы, тәлім-тәрбие, сыйластық сырлары арқылы көркем де бейнелі, бедерлі баяндаған толымды туындылар қатарына жатады. Бастысы, тұлға табиғаты мен тағдырлар талқысы көркем, жүйелі жеткізіледі.
Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымдарының
докторы, ЕҰУ профессоры