БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ
ашық дереккөзі
5960
ХХІ ғасырда жер бетіндегі халықтың өсуіне байланысты энергияға деген сұранысты арттырып, оны өндіруге талап күшейгені белгілі. Баламалы энергияны өндіру дәстүрлі қазба көздерінен (көмір, мұнай, газ) өндіруден өзгеше. Баламалы энергия күннен, желден т.б. энергия көздерін пайдалану арқылы алынады.
Бұл жөнінде Қазақстанның өз ұстанымы бар. Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамуды көрсетіп берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударылған. Онда Елбасы «Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық» деген еді. Жалпы энергия қорларын үнемдеу бүгінгі күннің аса маңызды міндеттерінің біріне айналып отыр, өйткені әлемнің өнеркәсібі дамыған мемлекеттерінде энергияны үнемдеу ісі дұрыс жолға қойылған. Себебі, көмір және көмірсутегін пайдалану арқылы энергия өндіретін жылу электр станциялары экологияның бүлінуіне әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Осыны есепке алған елдер экологиялық проблемалар тудырмайтын, қайта қалпына келетін (күн, жел энергиясы, т.б.) энергия көздерін дамытуға көңіл бөліп отыр. Әлемдегі осы үдерістің тиімділігін ерте байқап, оны Қазақстан жағдайында қолдануды көздеген Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, Күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз»,– деген еді. Бүгінде бұл тарапта елімізде істеліп жатқан істер өз нәтижесін көрсете бастады. Қазақстанда дәстүрлі емес қайта өңделетін энерги көздерінің (жел энергиясы, күн энергиясы, биоотын, электр энергетикасы, жылу энергетикасы, су энергетикасы) барлығы табылады. Тек соларды орынымен тиімді пайдалана білсек, арзан электр энергиясын өндірумен бірге еліміздің экожүйесін сақтауға мүмкіндік мол. Мамандардың айтуынша, бүгінде әлем бойынша көмірсутегі шикізатына балама саналып, биоотын, жел және күн қызуынан алынатын энергия барлық электр қуатының 2 пайызын ғана жетеді екен. Сондықтан бұл саланы дамытуға күш салып жатқан Қазақстан энергетикасы мамандарының жұмысы болашақ үшін аса маңызды еңбек деуге болады. Соңғы жылдары елімізде күн, су және жел энергетикасы саласындағы 72 нысан жылына 1,3 млрд КВт/сағаттық энергия өндірген көрінеді. Мұның себебі, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті жоғары. Сарапшылар Қазақстанда жел энергетикасының әлеуеті – жылына 920 КВт/сағат, су энергетикасының әлеуеті - 620 КВт/сағат, күн энергиясының әлеуеті еліміздің оңтүстік өңірлерінде 2500-3000 КВт/сағатты құрайтынын айтады. Осыны тиімді пайдалану арқылы, еліміздегі баламалы энергия көздерінен өндірілетін энергияның көлемі соңғы 10 жылда 8 есе өсіпті. Энергия өндіру жөніндегі кейбір көрсеткіштер бол салада дамудың деңгейін көрсетеді. Мәселен, 2009 жылы 140 КВт/сағаттық 8 су электр станциясы болса, 2019 жылы келіп, оның жалпы мөлшері 680 МГВт қуаты бар нысанға жеткені белгілі болды.  Соңғы 10 жылда күн электр стансаларының әлеуеті су электр станцияларынан басым түскен. Мысалы, бүгінгі таңда бір ғана Қызылорда облысында күн, су және жел энергетикасы саласындағы 72 нысан жылына 1,3 млрд КВт/сағаттық энергияны өндірген көрінеді. Бүгінде елімізде мүмкін болған жағдайдың бәрінде баламалы энергияны пайдалану үшін арнай нысандар салу ісі қатты қарқын алып келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында да осыған қатысты қолға алынған жұмыстар жақсы нәтиже көрсетуде. Жаңартылатын энергия көздері бас қаладағы 23 нысанда орналасқан. Қазір олар қала бойынша жалпы 700-ден астам киловатт/сағат энергия беріп келеді. Электр энергиясына арналған шығынды жылына 20 миллион астам теңгеге үнемдеуге мүмкіндік беретін бұл нысандар пайдасы көп. Жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергиямен Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлы дала және Тұрар Рысқұлов көшелері, бірнеше саябақ пен гүл бағы, сорғы станциялары, автобус аялдамалары, экожатақтар және гаджеттерді қуаттау орындарын қамтамасыз ету алдағы күндерде жүзеге аспақшы. Соңғы жылдарда еліміздегі энергия көздері арқылы өндіруге болатын электр энергиясының ресурстары есептеліп, оны өндіру мен пайдалануға байланысты жобалар жүріп жатыр. Бұл орайда арнайы мамандар Қазақстандағы теориялық жел әлеуетінің – жылына 1820 млрд кВт сағат,, гидро­энергетиканың әлеуетінің – жылына 30 млрд кВт сағат, күн энергетикасының әлеуетінің – жылына 2,5 млрд кВт екенін есептеп шығарған. Көріп отырғанымыздай, Қазақстан дәстүрлі де, баламалы да энергия көздеріне бай елдердің бірі. Тек соны тиімді жобалар арқылы өндіріп, ел игілігіне жаратсақ, мемлекет байлығы халықтың игілігіне қызмет ететіні сөзсіз.  

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары