16 Мамыр, 15:48 124 0 Әдебиет Ахмет ӨМІРЗАҚ

ФИЗИК ҚАЛАМГЕРДІҢ САТИРАЛЫҚ МҰРАСЫ

Бір мамандық иесінің екінші бір саламен айналысуы тарихта бар нәрсе. Алайда жаратылыстану ғылымдары саласының маманы әдеби шығарма жазып, сөз өнерінде өз ізін қалдырып жатуы – сирек кездесетін оқиға саналады.

ҚазҰУ-дың түлегі, ғылыми диссертациясын Томск қаласында қорғап, Қазақ политехникалық универститетінде студенттерге дәріс берген, физика ғылымының кандидаты Мағрипа Жылқыбаева қазақтың талантты қыздарының бірі еді. Ол өзге салада еңбек етсе де, қаламгерлік қабілетін танытып, сатиралық шығармалары мен түрлі тақырыптағы танымдық мақалаларын жариялап отырды.

Биыл Алматыдағы «Мерей» баспасынан физик ғалым Мағрипа Жылқыбаеваның «Жалғасы бар ұтыс» деп аталатын кітабы жарық көрді. Кітапқа бүкіл өмірін ғылым мен қаламгерлікке арнаған Мағрипа Шөжеғұлқызының соңғы елу жыл көлемінде жазған сатиралық туындылары топтастырылған.

«Қоршаған ортамызда алуан түрлі заттар көп. Биосферадағы тіршілік иелері де сан түрлі. Сол әлемнің қойнауындағының бәрін қазіргі біз жанды және жансыз нәрселер деп, жіктеп қойдық. Техниканың бәрі жансызға жатары белгілі. Ал енді машинаның бүкіл бөлшектері бірге келіп жиналғанда сізге қызмет ететін «жанды көлікті» шығарып береді. Тереңге үңіліп, төңірекке ойлана қарасаңыз, жанды-жансыз дүниенің бәрінде де дыбысы бар, олардың айтып тұрған әңгімесі де жеткілікті. Бірақ біздегі көрер көз бен соларды еститін құлақтың күш-қуаты төмендеу. Осы кемшілікті ашық мойындап, қоршаған дүниедегінің тілін ұғуға тырысып көрелік. Сонда барып шындықты сезінесің. Шындық дегенің жіктеуге келмейтін жалғыз дана. Бүкіл әдебиетте сол шындықтың қорғаушысы сатира. Сатираның көркем әдебиетте болуы – шындықтың жалауы заңғар биікте желбіреп тұрған сұлу екенін көрсетеді», – деп жазыпты автор кітаптың алғысөзінде. Бұл – кітаптағы шығармалардың анық сипаты.

Кітап «Сайтанның сақалы», «Бәріңнің айтқаныңа қосыламын», «Шолақ мылтық» деген үш бөлімнен тұрады. Ғалым сатириктің заман шындығын өткір де көркем тілмен бейнелеген сықақ әңгімелері, уытты қалжың, мағынасы терең мысалдары білім көкжиегіңді кеңейте түседі.

Кітап – өнер иесінің мұрасы. Демек, «Жалғасы бар ұтыс» та ғалым Мағрипа Шөжеғұлқызының артында қалған із. Физик-ғалымның әдеби шығармалары өзінің бөлекше пішін-мазмұнымен оқырмандарды қызықтырары анық.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар