10 Мамыр 2019, 12:01 804 0 Қауіпсіздік Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қорғаныс саласын кімге сеніп тапсырдық?

Кез келген мемлекетті басқалардан биік, беделді ететін үш тұғыр бар. Ол – айбынды әскер, қарыштаған экономика, демографиялық өсім. Мұның бірі екіншісінен әлсіз болса, ол мемлекеттің әлем алдында абыройы төмен. Демек, бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты әрі барлық жағдайға сақадай сай болуы аса маңызды. Тіпті, бұл осы саланы басқаратын басшыларға да байланысты.

Қазақстан Республикасының саяси жүйесін қалыптастыру, экономиканы қайта жаңғырту, әлеуметтік басымдықтарды анықтау үшін ең алдымен сенімді әскери жүйе құрылуы қажет еді. Әскерімізді ыдыраған КСРО құрамынан алып, Қазақстанның заңды құзыретіне көшіру жағдайында қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір мәселе күйінде тұрды. Бұл ретте әскерлердің жауынгерлік деңгейін төмендетуге де жол бермеу керек болды. Қазақстанның әскери құрылыс тәжірибесінің болмауына, өтпелі кезеңнің объективті қиындықтарына қарамастан, біз қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерімізді құра алдық.

Еліміз тәуелсіздік алғалы қорғаныс саласын жетілдіру мәселесі қолға алынды. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бас қолбасшылық еткен қазақ қарулы күштеріне жыл сайын жаңа реформа, тың үрдіс енгізіліп келеді. Сала қомақты қаржыдан да қағылған жоқ. Алайда, қорғанысты берік ету мақсатында тағайындалған министрлер бұл салаға қаншалықты еңбек сіңірді? Нағыз өз ісінің маманы басқарды ма?

Министрлік 1992 жылдың 7 мамырда ҚР Президенті жарлығы бойынша құрылды. ҚР тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов болды (1992 жылдың мамыры – 1995 жылдың қазаны) Одан бергі аралықта бұл қызмет тізгінін ұстағандардың қатарында бүгінде әртүрлі салада жүрген азаматтар бар. Атап айтсақ, Әлібек Хамидұлы Қасымов (1995 жылдың 16 қазаны –1996 жылдың 30 қазаны), Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев (1996 жылдың 30 қазаны – 1999 жылдың 9 тамызы), Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев (1999 жылдың 13 қазаны – 2001 жылдың 8 желтоқсаны); Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев (2001 жылдыңы 8 желтоқсаны – 2007 жылдың 8 қаңтары), Даниал Кенжетайұлы Ахметов (2007 жылдың 10 қаңтары – 2009 жылдың 17 маусымы), Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков (2009 жылдың 24 маусымы – 2014 жылдың 2 сәуірі), Серік Нығметұлы Ахметов (2014 жылдың 3 сәуірі – 2014 жылдың 21 қазаны), Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов ( 2014 жылдың 22 қазаны – 2016 жылдың 13 қыркүйегі), Сәкен Әділханұлы Жасұзақов (2016 жылдың 13 қыркүйегі – 2018 жылдың 7 тамызы), Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев (2018 жылдың 7 тамызынан – қазірге дейін). 27 жылда – 11 министр. Аз ба, көп пе?

Саланы өрге сүйреген екеу

Осы лауазымды тұлғалардың ішінде саланың жілігін шағып, майын ішкен екі азаматты атап айтуға болады. Олар – Сағадат Нұрмағамбетов пен Мұхтар Алтынбаев. С.Қожахметұлы 1942 жылдың шiлде айында 18 жаста кеңес әскер қатарына қабылданып, Түркіменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. 1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүрекпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі. Нұрмағамбетов қатысқан ұрысты Кеңес одағының маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыры атағын беруді ұсынады. Осылайша, 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыры атағы беріледі. Біз мұны неге айтып отырмыз? Ұрыс алаңын көзбен көрген маманның қорғаныс саласын жақсартуға күш-жігерін арнауы заңдылық.

«Мен 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болдым. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі өзге ұлттың өкілдері елдеріне кеткісі келді. Оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер!» деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық», – дейді Нұрмағамбетов өз естелігінде.

Ал 1992 жылғы 7 мамырда Сағадат Нұрмағамбетов Қорғаныс министрi болып тағайындалды. Елбасының «Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовті таптым», – дегені бар.

Нұрмағамбетов қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған соң, сапалы әскери мамандарды даярлауға бар күшін салады. «Жаңадан құрылғалы тұрған қарулы күшімізге қажетті мамандарды «қайда даярлаймыз?» деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды», – дейді Халық қаһарманы.

Ал қорғаныс саласын Мұхтар Алтынбаевтың екі мәрте басқаруы бекер емес. «Кадр бәрін шешеді» демекші, ең алдымен, жедел қимылдайтын және жауынгерлік дайындығы күшті сарбаздарды даярлауға көңіл бөлінді. Қарулы Күштер беделін төмендетіп алмауға назар аударылды. Ол үшін сол кезеңнен қазірге дейін қазақстандық әскерилер өздерінің жауынгерлік шеберлігін тұрақты түрде шыңдап тұрды. Бірінші кезекте бұл – әскер мүмкіндіктерін қарастыратын командалық-штабтық, тактикалық және тактикалық-арнаулы жаттығулар. Олардың қатарында «Шеп», «Өзара іс-қимыл», «Бейбіт миссия» тәрізді іргелі жаттығу ойындары бар. Осы тұрғыда ел Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымына мүше мемлекеттердің жылдам әрекет ету күштерін құру бастамасы айрықша серпіліс бергенін айтып өткен жөн. Заман талабына сай қаруланған, кез келген қарулы қақтығыстың алдын алуға немесе тойтарыс бере алуға қауқарлы осыншалықты күштің қажет екені әріден белгілі болған. Қазақстанның Халық Қаһарманы, бар ғұмырын қорғаныс саласына арнаған армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, Қазақстанның дербес әскері құрылған жылдар өте ауыр кезең болған.

«7 мамыр күні маған хабарласып, шұғыл Алматыдағы резиденцияға шақырды. Ол кезде мен корпус командирі едім. Резиденцияға келсем, Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов отыр екен. Сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұрмын деп едім, ол кісі президенттің бұйрығымен шақыртылғанымызды айтты. Сөйтіп елу минуттай отырдық, не болып жатқанын түсінбейміз. Бір сағаттан кейін президент шығып, «енді ТМД-ның ортақ біріккен армиясы жоқ, Ресей президенті Борис Ельцин Ресейдің қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойды», – деді. Содан кейін Қазақстан президенті біздің көзімізше Қазақстанның қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңес одағының үлкен армиясы атымен жоғалып, біздің әскердің тарихы басталды. Ол уақытта қорғаныс министрлігі не екенін, қалай құру керек екенін де білмедік. Өте ауыр кезең еді», – деп еске алады.

Ал білетіндер генерал Әлібек Қасымовты білгір де, білімді штабист деп бағалайды. Кеңес әскері тұсында Армия штабында жауапты қызметтер атқарған офицердің болашағынан басқаны күту де қиын шығар. Ол бас-аяғы 3-4 жылдың ішінде «генерал-майор», «генерал-лейтенант», «генерал-полковник» тәрізді өте жоғары әскери атақтарға ие болды. Әлібек Хамидұлы төл әскеріміздің қалыптасуы жолында өзіндік қолтаңба қалдырғаны сөзсіз. Тек жарқ еткен жұлдыздай, тез келіп, тез кеткені, әскерімізге бергенінен бермегені көбірек болды ма деген өкінішке жақынырақ ойлар туындайды. Басқа уақытта емес, әскеріміз енді ғана қаз тұрып, енді ғана тәй-тәй басқан тұста генерал Қасымов сияқты тәжірибелі мамандардың қол ұшын беруі ауадай қажет болды. Әрине, біз бәрін біле бермейміз ғой, оның әскери сахна төрінен жылдам сырғып түсуіне себеп бар шығар. Алайда, бәзбіреулер генералдың білімін әскеріміз толықтай пайдалана алмады деген пікір білдіріп жүр.

Сондай-ақ, саланы екі жыл тізгінде ұстаған Сәт Тоқпақбаев бір сөзінде: «Қорғаныс саласына барған кезде алғашқы үш айымды шаруашылық жұмыстарына арнадым. Гарнизондарда жағдай нашар, ка­зар­малардың іші суық, жауынгерлердің киім­дері жұпыны, әскерилердің жа­ла­қылары талай уақыттан бері алынбаған. Бір ай бойы барлық гарнизондарды аралап, жағдайларына қанығып, Елбасына баяндадым. Елбасы сосын ішкі жалпы өнім­нің бір пайызын Қорғаныс саласына бөлу туралы шешім қабылдады. Ол уақытта Үкімет басшысы Қ.Тоқаев болатын. Қорғаныс саласына содан кейін қаражат бөлініп, сарбаздардың жағдайын түзетуге күш салдық. Ол уақытта әскер қатарына шақырылған жастар екі жыл ішінде бір оқ атпай үйіне қайтатын. Қолына мылтық ұстап көрме­ген қандай сарбаз болады? Міне, осындай келеңсіздіктерді жою бағытында көп жұмыстар атқарылды» деген-ді.

Министр болған азаматтық тұлғалар

Бұдан кейін бұл қызметке келген Даниал Ахметовтің тұсында адам шығыны көбейіп, сондай-ақ, қару, оқ-дәрi ұрлау мен жоғалу өршіп тұрды. Бір отырыста әскери бөлiмдердегi оқ-дәрiнiң сақталуын қамтамасыз ету, әсiресе 89/1427 аэромобильдi әскери жасақтағы атқыш қаруларының жоғалуына қатысты мәселе сөз болғаны есте. Қоғам бақылауға дәрменсiз болып отырған Қорғаныс министрлiгiне қарасты түрлi әскери қоймалар мен оқ-дәрi қоймаларында өрт шығуы, қару-жарақтың жоғалуы (дұрысы, ұрлануы) мен түрлi тiк ұшақтардың апатқа ұшырауы тұрақты тенденцияға айналды сол жылдары. Оқ-дәрi қоймаларындағы жиiлей түскен өрттер орны толмас адам шығындарына әкелді. Сол өрттердiң шығуын тексеруге жiберiлген мемлекеттiк комиссиялар көп жағдайда апат себебiн адам факторына, апат орын алған жердегi жауапты адамдардың қауiпсiздiк шараларын сақтамауы мен бейқамдығына байланысты деген қорытынды шығарды. Тіпті, пәтер бөлуде Қорғаныс министрлiгiнде орын алған келеңсiздiктердiң, жүздеген пәтерлердiң заңсыз үлестiрiлуi қоғамдық алаңдаушылық тудырғаны белгілі. Темiрдей тәртiптiң үлгiсiн көрсетуге тиiс қорғаныс саласында түрлi заңсыздықтардың орын алуы да министрлердiң тым жиi ауысуынан орын алып отырған сияқтанады.

Бұдан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Қорғаныс министрі қызметіне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Әділбек Жақсыбеков тағайындалды. Оның осы жұмыс учаскесіне қажетті адам болып табылатынын, үлкен ұйымдастырушылық және саяси жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өткен Елбасы 2009 жылы қорғаныс ведомствосының қажеттіліктері үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлініп, 3 мыңнан астам әскери қызметші жаңа пәтер алғанын сүйіншілеген. Оған дейін Индустрия және сауда министрлігін, Астана қаласын, Президент Әкімшілігін басқарған, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Әділбек Жақсыбеков ауыр салмақтағы саясаткерлердің бірінен саналады. Алайда, сол кезде сарапшылар талай ірі қызметтің басын шалған Әділбек Жақсыбеков бұл қызметке уақытша келді немесе «өрт сөндіруші» миссиясын атқаруға келген сықылды деген баға берген. Демек, көптің пікірі оның табысты кәсіпкер, шебер ұйымдастырушы болса да, стратегиялық саланы кәсіби генералдардың басқарғаны жөн дегенге сайып жатты.

Одан кейін еліміздің қорғаныс саласын тізгіндеген Серік Ахметов те бұл орынтақта ұзақ отыра алмады. Жалпы, табиғатынан ешкіммен қақ-соғы жоқ Серік Нығыметұлы бұл қызметті де ол ың-шыңсыз қабылдап, ың-шыңсыз кетті. Алайда, оған Премьер-министр кезінде «жемқорлыққа қатысы бар» деген айып тағылған кезде Қорғаныс министрлігінде де ауқымды тексеріс болды. Қызметтік кабинеттерге дейін тінтіліп, Бас әскери прокуратураның тергеушілері сейфтен қаржылық құжаттарды түгел қарады. Өйткені прокурорлар осы аралықта Серік Ахметов Қорғаныс министрлігінен де қыруар қаржы жымқырудың жолдарын тапқан дейді. Тергеушілердің күдігінше, ведомствода жарнама науқанына бөлінетін соманың бағасы бірнеше есе жоғары көрсетіліп, сол арқылы бюджет ақшасы ұрланған. Осылайша, Серік Ахметов 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Иманғали Тасмағамбетов ҚР Қорғаныс министрі лауазымын 2014 жылғы қазан айынан бастап атқарды. 2015 жылы ҚР Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет қазақстандық Әскери-әуе күштері 4++ үлгідегі су жаңа жоғары маневрлі көп функционалдық екі орындық Су-30СМ жойғышымен, жаңа Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшағымен, жаңа С-295 әскери-көлік ұшағымен  толықты. Астанада «Арлан» көп мақсатты маневрлі броньды машиналардың, яғни, миналар мен баллистикалық снарядтардан керемет қорғайтын жауынгерлік іс-қимылдардың төтенше маневрлі аспабының іске қосуы ретке келтірілді. 2016 жылғы қаңтардың соңында Қорғаныс экс-министрі Иманғали Тасмағамбетов Иорданияға барып, король  Абдуллах II ибн әл-Хусейн әл-Хошимимен «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» компания зауытының өнімі – 50 қазақстандық «Арлан» броньдалған дөңгелекті машинасын сату туралы уағдаласты. 2016 жылдың наурызында ҚР Қорғаныс министрі алғашқы қазақстандық патрон зауыты құрылысының басталуына жол ашты. Аталған жоба әзірленіп, ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмасы бойынша іске асырылды. Жауынгерлік даярлық 2015 оқу жылы бойынша ҚР ҚК-де 2208 әртүрлі оқу-жаттығу (оның ішінде, бөлімшелер мен взводтардың жауынгерлік оқ атулары) өткізілді. 2014 жылы – 1807, бұл алдыңғымен салыстырғанда 18 пайызға көбірек. Олардың ішінде: қарудың әр түрінен практикалық оқ атулар көрсеткіштері 8 пайызға, әуе кемелеріндегі ұшулар сағаты 4 пайызға, корабльді жауынгерлік оқу-жаттығуларды пысықтау 12,1 пайызға, әскерлердің далалық шығуы 32,2 пайызға көбірек болды. Бір жылғы барлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша әскерлердің жауынгерлік даярлығының саны мен сапасы 7,2 пайызға артты. Барлық оқу-жаттығулар жоспарлы тәртіпте жүргізіледі. Ұлғаюы жауынгерлік даярлық барысының қарқыны және Қарулы Күштерге қойылатын талаптармен байланысты.  2015 жыл еліміздің Қарулы Күштерінде әскерлердің кенеттен тексерілуімен ерекшеленді. Бұл тексерулер тексерілген құрамалардың жауынгерлік әзірлігінің жай-күйін дәйекті бағалауға, бар түйткілді анықтауға, тапсырмаларды орындауда командирлер мен барлық жеке құрамға тәжірибе  жинақтауға мүмкіндік берді. Тасмағамбетовтің тұсында бірнеше оқу-жаттығу дайындығы ұйымдастырылды. Және сол жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі мен Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі төрт хаттамаға қол қойды. Соған сәйкес Жаман-Тау, Сарышаған және Тайсойған сынама полигондарын пайдалану және жалға алу тәртібі өзгерді. Нәтижесінде пайда қазбаларының кен орындары мен коммуникациялар орналасқан жалға алудан 1,6 млн га аумақ шығарылып, Қазақстанға берілді.

Қазақстанда саясат сахнасында өзіндік орны бар фигура қандай да бір ведомствоны басқарса, сол саланың жылдар бойы жинақталған мәселелері шешімін тауып, етек-жеңі жиналып қалатыны белгілі. Айталық, кезінде Мұхтар Алтынбаев пен Сәт Тоқпақбаев Қорғаныс министрі болған сәтте еліміздегі әскерилердің әлеуметтік жағдайы, баспана мәселесі қоғамдық ортада жиі талқыға салынса, Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болып қызметке кіріскеннен кейін сарбаздардың әлеуметтік жағдайы біртіндеп шешіліп, әскери қызметте жүріп баспаналы болудың жүйесі қалыптасты.

Ал кәсіби әскери маман Сәкен Жасұзақовтың Қорғаныс министрі болған жылдары әскери сала біршама босаңсыды. Бұған экс-министр Серік Ахметовтің жемқорлық бойынша істі болуы да қорғаныс саласына өз салқынын тигізгені жасырын емес. Сонымен қатар дәл осы Сәкен Жасұзақовтың кезінде ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құрылуы Қорғаныс министрлігінің бәсін біршама төмендетті десек болады. Өйткені еліміздегі Қорғаныс саласына қарайтын кәсіпорындардың біразы аталған министрліктің құрамына өтіп, әскерилер таза өз шаруасымен қалған болатын. Жалпы, Елбасының Қорғаныс министрлігінің біраз міндетін ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне еншілеп беруінде, Қорғаныс министрлігіндегі бірқатар жемқорлық әрекеттердің орын алуы себепші болуы мүмкін. Бұдан басқа, әлемге ғарыш айлағы бар ел ретінде танылған Қазақстанның ғарыш саласына қатысты істердің бас-аяғын жинақтап, жеке ведомство етіп құру да маңызы зор іс болғаны белгілі.

Ермекбаев не тындырады?

Бір айта кетерлігі, Нұрлан Ермекбаев  Даниал Ахметов, Әділбек Жақсыбеков, Серік Ахметов, Иманғали Тасмағамбетовтен кейін  министрлікті басқаруға келген 5-азаматтық басшы. Қазіргі дамыған заманда Қарулы Күштерді әскери мамандардың басқаруы шарт емес. Қайта геосаяси жағдайларды жетік білетін тұлғалардың қорғаныс саласын тізгіндеуі түрлі сын-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік беретіні белгілі.

Күні кеше ғана Қазақстанның дін саласында қордаланған мәселелерін шешуге бағытталған арнайы заң қабылдап, жауапты министрлікті құруға мұрындық болған Ермекбаевтың бұрынғы жұмыс орны – Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметінен Қорғаныс министрлігіне ауысып келуінде қандай сыр бар? Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр саладағы өзекті мәселелерді реттеуге дайындаған «дағдарыстық менеджерлерінің» бірі екені белгілі. Біздің бұлай ойлауымызға күні кеше ғана Ермекбаевтың бұрынғы Азаматтық қоғам дін істері жөніндегі министрлікті басқарып, аз ғана уақыттың ішінде ел ушыққан діни мәселелерді өз арнасына түсіргенінен анық байқауға болады. Елбасы: «Соңғы жылдары Қарулы Күштерді дамыту ісінде көптеген жұмыстар  атқарылды. Бірқатар маңызды стратегиялық құжаттар қабылданды, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, ҚР Әскери доктринасы, Қарулы Күштерді дамыту тұжырымдамасы және қорғаныс саласына қатысты нормативтік құқықтық актілер бар» деп атап көрсетті. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Ермекбаевтың Қорғаныс министрі болып тағайындалуында саяси-логикалық негіз бар. Қытай, ағылшын тілін жетік білетін жаңа министр қауіпсіздік және дипломатия саласындағы мол іс-тәжірибесін пайдаланып, Қазақстанның қорғаныстық қабілетін нығайтуға бар күш-жігерін жұмсауы керек.

Нұрлан Ермекбаев Қытай, Ресей және Орталық Азиядағы көрші елдермен қорғаныс саласы бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтуге күш салатыны анық.

P.S: Мәселе қорғаныс саласын кімдердің басқарғанында емес, қандай нәтижелі жұмыс атқарғанында. Осы тұрғыдан келгенде, соңғы жылдары мемлекет тарапынан қазақ әскерінің әлеуетін көтеруге байланысты бірқатар шара қолға алынғаны рас. Десек те, саланы бертінде тізгіндеген министрлердің «қайтсем, қорғанысты қауіпсіз етемін...» деп білекті сыбана еңбек еткенін көрмедік. Сол баяғы қордаланған түйткілдер әлі де шешімін таппай келеді. Бәлкім, министрді бір-екі жыл сайын ауыстыра бермей, қарым-қабілетін байқап, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек шығар, кім білсін?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар