1130
ЖАНСҮГІРОВ МҰРАЛАРЫ ЖАҢҒЫРАДЫ
ЖАНСҮГІРОВ МҰРАЛАРЫ ЖАҢҒЫРАДЫ
«Жансүгіров тағылымы» атты ауқымды шара университет жанындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Жиналғандар ақын өмірі мен шығармашылығына тоқталып, студенттер өлең оқыды. І.Жансүгіров атындағы университеттің ректоры, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев жүргізіп отырған ғылыми конференцияда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық орталығының ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова «Ілияс шығармалары мәтінін лингвостатистикалық және феносемантикалық аспектілерде зерттеудің маңызы», ал Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай «І.Жансүгіровтің ағартушылық қызметі мен педагогикалық идеялары», «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов жасаған «Құлагер» поэмасы: ақиқат пен аңыз» жайлы баяндамаларын жиын қонақтары мұқият тыңдады. Сондай-ақ қаладағы І.Жансүгіров музейінің директоры Нұргүл Жауынбаева «Жыр дүлдүлі» және филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шара Әсетқызы «Мәлім және беймәлім Ілияс» тақырыбында тың деректермен бөлісті.
Ілияс Жансүгіровтің туған немересі Фатима Жандосова, ақынның ұлы Болат Жансүгіровтің жұбайы Қарлығаш Қаңтарбаева қатысып, университет ұжымына алғыс айта келіп, оқу орнының ғылыми-практикалық орталығының соңғы жылдары Ілиястың кезінде цензурадан сескеніп, жарыққа шығарылмаған туындыларынан 25 кітап дайындағанына ризашылықтарын білдірді.
Конференция соңынан жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай ақын рухына құран бағышталып, ас берілді. Оған Қазақстан Жазушылар Одағынан белгілі қаламгерлер, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан құрметті қонақтар қатысқан бұл шараның мазмұнын танымал тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы аша түсті. Асқа қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов мырза ақын шығармаларының өміршеңдігін, өз мән-мағынасын жылдар өткен сайын байыта, ұрпақ санасына сіңе беретінін айта келіп:
– Өздеріңізге белгілі, Талғар ауданының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ескерткіш-мемориал қойғанбыз. Жыл сайын барып, жазықсыз жапа шеккен боздақтарымызға құран бағыштап, рухына тағзым етеміз. Рухты жаңғыртуға арналған «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасына бөлінетін қаржыдан ақын атамыздың туған жері Жансүгіров кентінің көркеюіне, абаттандыруға, ауыз су мәселесі мен жол жөндеуге барынша көмек көрсетіп, қаржы бөлінетінін айта келіп, облыс бюджетінен алдағы күзде аталып өткелі отырған 125 жылдыққа орай ақынның жаңа, тың деректерге толы шығармалары басылып шығатынын да тілге тиек етті.,
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ