292
Украина БҰҰ-ға шағымданды
Украина БҰҰ-ға шағымданды
Украина Ресей президенті Владимир Путиннің Украина шығысындағы жікшілдер бақылауындағы тұрғындарға Ресей төлқұжатын беруді жеңілдету туралы қаулысына орай БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне шағымданды.
Бұл туралы Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Владимир Ельченко Twitter парақшасында хабарлады.
Дипломаттың мәлімдеуінше, Ресейдің бұл әрекеті Минск келісімін бұзады. Бұған дейін Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский төлқұжат беруді жеңілдету туралы қаулы шығарған Мәскеуге дипломатиялық және санкция қысымдарын күшейтуге шақырған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің Украина жөніндегі арнайы өкілі Курт Волкер азаматтық беруді жеңілдету жарлығын арандатушылық деп атап, "жаулап алу жоспарынан туындаған шешім" деп мәлімдеген.
Владимир Путин мұндай жарлықты сәрсенбі күні қабылдаған. Құжат мәтіні Кремль сайтында жарияланды.