25 Сәуір 2019, 12:34 1075 0 Технологиялар Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

АЛМАТЫДА АВТОКӨЛІК ЗАУЫТЫ САЛЫНБАҚ

21 сәуір күні Қазақстанға Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин ресми сапармен келді. Нұр-Сұлтан әуежайында Оңтүстік Корея президентін Қазақстанның Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған делегация күтіп алды. 23 сәуірге дейін созылған ресми сапар барысында Мун Чже Ин Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев  және қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Мун Чжэ Инмен Қазақстанда жүздескеніне қуанышты екенін айтты. «Сіздер күрделі мәселемен – Корей түбегінде бейбітшілік пен өзара сенім орнату ісімен айналысып жатырсыздар. Бұл оңай емес, бірақ бұл – игілікті іс. Сіздердің күш-жігерлеріңізге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Елбасы. Оңтүстік Корея Президенті Қазақстанның қалыптасуына ерен еңбек сіңірген Тұңғыш Президент Н.Назарбаевпен жүздескені үшін ризашылық білдіріп, биыл екі ел арасындағы байланысқа 10 жыл толатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін Корея Республикасы сауда-экономикалық тұрғыдан Азиядағы ең ірі екінші әріптес екеніне тоқталып, оңтүстік корейлік бизнестің 1996 жылдан бері Қазақстан экономикасына 7 миллиард долларға жуық инвестиция салғанын айтты. «Біздің елдеріміздің азаматтары үшін визасыз режим іске қосылған, мемлекеттеріміздің арасында тұрақты тікелей әуе қатынастары ашылған. Екіжақты тауар айналымы көлемінің тұрақты өсіп келе жатқандығы да қуантады. Өткен жылдың қорытындысында оның көрсеткіші рекордтық 4 млрд долларға жетіп, 2017 жылғы көлемнен 2 есеге жуық асып түсті», – деді ҚР Президенті.

Жалпы, Қазақстан Оңтүстік Кореямен БҰҰ, ДСҰ, «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы және тағы басқа құрылымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасауда. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан-Оңтүстік Корея халықаралық IT орталығын ашу жөнінде айтты. Егер бұл ұсыныс іске асса, еліміз үшін тиімді жобалардың бірі болмақ. Себебі Корея IT саласы дамыған мықты мемлекет. 2012 жылғы БҰҰ-ның Халықаралық электробайланыс одағы (ITU) 155 елдің ақпараттық технологияларды дамыту индексіне зерттеу жүргізген. 2010, 2011, 2012 жылдары, яғни үш жыл қатарынан бірінші орынды Оңтүстік Корея иеленеген (2-орын Швеция; 3-орын Дания; 4-орын Исландия; 5-орын Финляндия; 6-орын Голландия; 7-орын Люксембург; 8-орын Жапония; 9-орын Ұлыбритания; 10-орын Швейцария).

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды қатар жүзеге асыра отырып, көлік-транзит бағдарын дамыту қажеттігі жөнінде өзара түсіністікке қол жеткіздік. Қытайдың Тынық мұхиты жағалауындағы Ляньюньган портында жұмыс істеп тұрған қазақстандық терминалдың мүмкіндігін корей тарапының белсенді пайдалану мәселелері туралы түсіністікке қол жеткізілді», – деді.

Еске сала кетейік, Қытай Ляньюньган портында қазақстандық терминалды салғызуға 2013 жылы келісімін берді. Бұл туралы ұсынысты Қытайға сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев айтқан болатын. Ляньюньган порты терминалын іске қосу арқылы Қазақстан темір жолы Орталық Азия, Кавказ, Ресей, Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен келген жүктерді түсіріп және оны кері бағытқа жіберіп, логистикалық қызмет түрін жетілдіре түскен. Енді қазақстандық терминалды Оңтүстік Корея да пайдаланатын болды. Бұл бастаманың да ел экономикасына елеулі пайдасын тигізетіні сөзсіз.

Сонымен қатар,  мемлекет басшылары  Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бизнес-форумына қатысты. Оған екі елдің іскер топтарынан 500-ден астам өкіл келді. Шара қорытындысы бойынша машина жасау, медицина, инфрақұрылым және тамақ өнеркәсібі салаларына қатысты жалпы құны 3,2 миллиард доллар болатын 30-ға жуық құжатқа қол қойылды. Соның ішінде, Шымкент қаласында және Түркістан облысында тұрғын үй құрылысына, «check-up» көпсалалы орталығын құруға, жеңіл автомобильдер, лифттер, кондитерлік өнімдер, теледидарлар, медициналық импланттар өндірісіне, медициналық мекемелер ашуға және басқа да салаларға қатысты уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ал 23 сәуір күні Қазақстан-Корей сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылатын 2019-2022 жылдарға арналған «Самал жел» атты жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламаға қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо қол қойды. «Самал жел» бағдарламасы көлік және логистика, құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту, тау-кен металлургия және жер қойнауын пайдалану, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, инновация, ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық сақтау мен мәдениет, туризм және білім беру сияқты салаларды қамтиды. Екі ел қазірдің өзінде ақпараттық және коммуникациялық технология салалары бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінде Қазақстан аумағында 500-ден астам бірлескен кәсіпорын белсенді жұмыс істейді.  Сонымен қатар, биыл корейлік компаниялардың қатысуымен Алматының үлкен айналма жолының құрылысы басталмақ.

Өз кезегінде, Мун Чже Ин Қазақстан мен Кореяның ғарыш саласында ынтымақтасатын күннің де жақындап қалғанын айтты. «Аэроғарыштық салада ынтымақтастық әлеуеті зор. Корея ғарыш саласы бойынша үлкен құзыреттерге ие. Технологияларды оқшаулау бойынша да тәжірибеміз бар. Қазақстанмен бірлесіп, ғарышқа спутник ұшыратын күн де алыс емес деп үміттенемін. 5G, «көлемді мәліметтер», жасанды интеллект – бұлар екі ел арасындағы болашақ ынтымақтастықтың негіздері», – деп мәлімдеді Оңтүстік Корея басшысы. Сондай-ақ, ол елімізде белсенді түрде іске асырылып отырған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына да Кореяның қатысқанын қалайтынын жеткізді.

Мун Чжэ Ин Қазақстанды «Орталық Азияның алпауыты» және Кореяның ірі сауда және инвестициялық әріптесі екенін атап өтті. Оған себеп те бар. Екі жақты сауданың көлемі 1992 жылы 10 миллион долларға жеткен болса, 2018 жылы 2,2 миллиард доллардан асыпты. Жалпы сауда айналымы 220 есеге артып, рекордтық көрсеткішке жеткен.

Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға мемлекеттік іс сапармен келуіне орай, оңтүстік астанамыз Алматыда Hyundai автокөлігін шығаратын қазақстандық-кореялық зауыт құрылысының алғашқы іргетасы қаланды. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Сон Юн Мо, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Нyundai Мotor Сompany стратегия жөніндегі президенті Конг Ян Вун, Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов қатысты. Зауытты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласының индустриялық аймағы аумағында «Астана Моторс» компаниясы салатын болады. Кәсіпорынның қуаттылығы бірінші кезеңде 30 мың автокөлікті құрайды, ал екінші кезеңде жылына 45 мың автокөлікке дейін артпақ. Бұл қазақстандық нарықты сапалы әрі қолжетімді Hyundai маркалы жеңіл автомобильдермен молайтуға, сондай-ақ оларды ТМД елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Жоба инвестициясының жалпы көлемі – 25 миллиард теңге. 2019 жылдың соңына дейін өндірістік цехтар салу жоспарлануда, ал 2020 жылы зауыт конвейерінен бірінші автокөлік шығару жоспарланған. Сондай-ақ, зауытта 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Алматы қаласының әкімі Б.Байбек зауыт құрылысына барлық инфрақұрылымы бар 25 га жер бөлінгенін атап өтті. Қазіргі кезде Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта 144 млрд теңгенің 39 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жапондық, неміс пен қытайлық, ресейлік капиталдардың қатысуымен 5 зауыт ашылды. Биыл инвестициялар көлемі 367 млрд теңгеге жуықтайтын тағы 4 кәсіпорын ашу жоспарланған, оның ішінде болат құбырларын шығаратын қазақстандық-қытайлық ірі «Asia Steel Pipe» зауыты бар.

Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шартқа да қол қойылды.

Оңтүстік Корея халқының саны – 51,4 миллион. Жер көлемі бойынша әлемде 109-орында. Корея Республикасы экономикалық дамыған, халықтың жан басына шаққандағы табыс деңгейі жоғары ел. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы сағатына 8350 вонды (7,43 АҚШ долларын – 2800 теңгені) құрайды. 2018 жылғы есеп бойынша орташа жалақы 3,7 миллион вонды, яғни 3324 АҚШ долларын (1,2 миллион теңгені) құрайды.

 

Соңғы жаңалықтар